Қазақстандықтар соңғы 7 жыл ішінде VIP нөмірлерге 35 млрд теңге жұмсаған

10577

Сарапшы "блатной" нөмірлердің бағасын қатаң бекітпей, аукционда қымбатырақ сатуды ұсынды.

Қазақстандықтар соңғы 7 жыл ішінде VIP нөмірлерге 35 млрд теңге жұмсаған Фото: golos-naroda.kz

Қазақстан тұрғындары соңғы 7 жыл ішінде автомобильдеріне әдемі нөмір сатып алу үшін 35 миллиард теңгедей жинағын шығындаған.

Economy.kz экономисті Ерлан Кәрімов "сәнді" нөмірлерді сатып алу көлемі жыл өткен сайын тоқтаусыз әрі қарқынды өсіп келе жатқанын айтады. Қазақстан азаматтары 2017 жылы 1,6 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсап, жоғары сұранысқа ие 4 539 мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілеріне (МТНБ) қол жеткізіпті. Кейінгі жылдардың статистикасы қайран қалдырады. Жаңа автокөлік иелері:

·      2018 жылы бірден 14 909 сәнді МТНБ-ге 3,5 миллиард теңгеден астам сома,

·      2019 жылы – 12 658 МТНБ-ге 3 миллиард теңгеден көп сома,

·      2020 жылы – 3,9 миллиард теңгеден астам қаржы,

·      2021 жылы – 5,8 миллиард теңге,

·      2022 жылы – 7 миллиард теңгеден аса қаражат,

·      2023 жылы – 10 миллиард теңгеден астам ақша төледі.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда 2023 жыл қорытындысында ең танымал мемлекеттік нөмірлерге: 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 кірді.

Мұндай көркем саналатын нөмірлердің құны 57 АЕК-ті (2023 жылы – 196 650 теңгені, 2024 жылы – 210 444 теңгені) құрайды.

Бірақ автокөліктердің ең қымбат нөмірлері басқа, олар:  001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 болып келеді. Бұлардың танымал болмауының себебі – олар бай-бағыланға арналған және әрбір данасы 285 АЕК-ке тең. 2024 жылы бұл сома 1 052 220 теңге болды.

Басқаша айтқанда, тек машинаның нөмірлік белгісіне ғана жұмсалатын осы сомаға 2007 жылғы "Лада Калинаны" (иесі 1 млн теңге сұрайды) немесе 2002 жылғы "Ниваны" (750 мың теңге тұрады) сатып алуға болады екен.

Жалпы, VIP-нөмірлерді сатуға Қазақстан 10 жыл бұрын кірісті, сол кезде заңдар, нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Саудасының көрігі 2017 жылдан бастап қызды. Одан түскен қаражат республикалық бюджетке түседі, полицияның материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға жұмсалатын көрінеді.

"Қазақстанда VIP-нөмірлер кезінде тек бай немесе билігі бар адамдарға ғана қолжетімді болды. Содан бірінші Президенттің тапсырмасымен, жаңа "Жол жүрісі туралы" заң қабылданғанға дейін "әсем" нөмірлерді беруге мораторий енгізілді. Полиция бастапқыда 111, 222, 777 сияқты бірдей цифрлары бар 28 жинақты анықтады. Оларды беруге тыйым салынды. Мораторийге елде сұраныс жоғары 808, 707, 080 сияқты көркем нөмірлер енбей қалған. VIP-санатқа жатқызылмағандықтан оны беру қалыптасқан тәртіппен жалғасты", – деп мәселе көтерген еді инноватор Бақдәулет Нұрпейісов.

Кейін Парламент заң қабылдап, жоғары сұранысқа ие ақылы нөмірлік белгілер санатын күрт ұлғайтты.

Сарапшылар тартымды нөмірлердің сатылғанын жөн көреді. Өйткені оған дейін, сол кездегі Көлік және коммуникация министрлігі "жаңа нөмірлер арнайы бағдарлама көмегімен автоматты түрде тағайындалады, адами фактор жойылған" деп ақталғанымен, мықты нөмірлер бәрібір тек мықтыларға тиетін. Демек, адам ол жүйеге қол сұға алады деген сөз.

Сарапшылар қазіргі мәселе – "блатной" нөмірлердің сатылатынына емес, арзан сатылатынына қатысты дейді. О баста, 2013 жылы Ішкі істер министрлігі VIP-нөмірлердің әрқайсысының бағасы 367–450 теңгеден болатынын жариялаған еді. Алайда бүгінде олардың басым көпшілігі 210 444 теңгеден өткізілуде.

Сондықтан қоғам белсенділері бұл бағаны ары қарай көтеруді ұсынып жүр. Өйткені нөмірлердің бір желісі бюджетке 12–15 миллион теңгедей ғана қаржы түсіреді екен.  

"Беделді" нөмірге бүгінде eGov электронды Үкімет порталында "Автокөлікке VIP нөмірге тапсырыс беру (жоғары сұраныстағы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі)" автоматтандырылған қызмет арқылы онлайн тапсырыс беруге болады.

Тіпті бағасын көтерсе де, даңққұмар адамдар бәрібір алады. Есесіне бюджеттің түсімі артар еді.

Өз кезегінде экономист Ерлан Кәрімов сұранысы жоғары нөмірлердің тізіміне автокөлік иелері арасында барынша танымал "айналы" нөмірлерді және басқа да белгілерді қосуды ұсынды.

"Нөмірлік белгілерді "көлеңкелі" өткізу проблемаларын шешу үшін оны сатудан түсетін түсімдерді жергілікті бюджетке беру ұсынылады (орталыққа қарағанда әкімдер салықтарды толық жинайды). АҚШ тәжірибесі бойынша бастапқы тіркеу үшін талап етілетін мемлекеттік баж алымының мөлшерін қазіргі 16 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін төмендету керек. БАӘ тәжірибесі бойынша әріптерінің комбинациясы бірдей тартымды нөмірлер үшін бөлек, арнайы аукциондар өткізу қажет", – деді Ерлан Кәрімов.

Былтыр ақпарат құралдары әлемдегі ең қымбат нөмір белгісі Дубайдағы аукционда сатылғанын жариялады. Анонимді сатып алушы "P 7" символы бар автокөлік нөмірін 52,2 млн дирхамға немесе 15 миллион долларға сатып алған.

Автокөліктің VIP-нөмірінің бағасы заңмен қатаң бекітілгендіктен, мұндай аукциондарға Қазақстанда жол жоқ. Бәлкім, бұл ұсыныс депутаттарға жетіп, Парламент заңды өзгертер? Сонда бюджет қомақты кіріс көзіне ие болар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу