Ақтауда Каспий теңізі жағалауын егеуқұйрықтардан улап жатыр

1327

Халық бұған дейін егеуқұйрықтардың жағалауда қаптап жүргеніне қатысты наразылық білдіріп, жергілікті биліктен шара қолдануды талап еткен еді.

Ақтауда Каспий теңізі жағалауын егеуқұйрықтардан улап жатыр   Фото: СЭС

Әкімдік шұғыл түрде конкурс жариялап, жеңімпаз мекеме бүгін жағалауды залалсыздандыруға кірісті.

Каспий жағасын улау жұмыстары соңғы рет 10 жыл бұрын жасалған. Дабыл қаққан тұрғындар кейінгі уақытта көпшілік демалатын орында кеміргіштердің қаптап кеткенін айтады. Егеуқұйрықтар түрлі ауру таратуы мүмкін деп алаңдайды. 

"Тышқан пороход, кемемен келеді. Жағалауда отыра алмайсың, қасыңнан жүгіріп кетеді. Кішкентай балалар бар. Қауіпті. Уласа теңізге у түспесін, у түссе итбалықтар болмайды",- дейді қала тұрғыны Жәңгірхан Бірәлиев. 

Тұрғындардың шағымынан соң әкімдік теңіз жағалауын залалсыздандыруға кірісті. Жаппай улау жұмыстары 15-інші шағын аудандағы теңіз жағалауынан бастап, Өмірзақ елдімекеніне дейін жүргізіледі. Барлығы 20 шаршы шақырым аумақ залалсыздандырылады.

"Бұған дейін осы егеуқұрықтардың бар екені анықталған жоқ. Осы жылы анықталып тұр. Тұрғындардың шағымдарынан кейін жаңа шағын аудандарда, 16,17 шағын аудандарда пайда болғаны анықталды. Өте шұғыл шешім қабылдау керек болды. Сол себепті коммерциялық ұсынысқа сәйкес, біздер мекемелердің бағаларын салыстырып, ең төменгі баға берген мекемемен бір көзден келісім-шарт жасап, осындай шешім қабылдадық",- деп түсіндірді қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Бахтияр Мақсатов. 

Дератизациялау жұмыстарына 7 млн 200 мың теңге жұмсалмақ. Аталмыш шара айдың соңына дейін жалғасады. Кеміргіштерге тасталған дәрілердің адамдарға зияны жоқ. Ал үй жануарлары иісінен сескеніп, жақындамайтын көрінеді. 

"Барлық теңіз жағалауын улау үшін 600 келідей дәрі керек. Біз есептеп, барлығын алып қойдық. 16-ыншы, 17-інші шағын аудандарға да   дератизациялау жасау үшін қосымша дәріге тапсырыс бердік. Егеуқұйрықтар умен қоректенгеннен кейін іші кеуіп өледі. Ал өлекселерді 3 күн өткен соң жинап алып, залалсыздандырамыз",- деді "Медик-гигиенист" кооперативінің директоры Ольга Смирнова.  

Мамандар егеуқұйрықтың тұқымын түгел жоя алмайтындарын айтты. Тек санын азайтпақ. Енді жағалауға келушілерге тамақ қалдықтарын ашық тастап кетпеу ескертілді. Кеміргіштердің көбеюіне бірден-бір себеп сол. Теңіз жағасында кешеден бері жыландар да қаптап кетті. Оған теңіз суының күрт суытуы әсер етуі ықтимал, дейді мамандар.                

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу