Шахмат ойынын жаны сүйетін мектеп оқушылары өз мектебінің, елінің намысын қорғау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен Ақтауға ағылды. Шараны Маңғыстау облысы әкімдігінің, сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Халықаралық және Қазақстан Шахмат Федерациялары ұйымдастырды. Бұл туралы еліміздің Шахмат федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
World Schools Team Championship ашылу салтанаты 4 тамыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өтті. Турнирдің өзі 8 тамызға дейін "Halyk Arena"-да өтеді. Ашылу салтанатында қатысушыларға Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Президенті Аркадий Дворкович игі лебізін арнады.
"Сіздер өз елдеріңіздің жеңімпаздарысыздар және нағыз жұлдыздарысыздар. Қазірдің өзінде көптеген жетістіктерге жеттіңіздер. Ал қазір әлемнің түкпір-түкпірінен Каспий теңізінің жағалауына келдіңіздер. Осы чемпионатты ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға, бүкіл елге, Қазақстан шахмат федерациясына, Маңғыстау облысының әкімдігіне және, әрине, "Freedom Finance" компаниясына алғыс айтамыз. Отандарыңызға жан жылытар естеліктермен ораласыздар, бақытты сәттерден сүйсіне ләззат аласыздар, әртүрлі құрлықтардан келген жаңа достар табасыздар деп үміттенеміз. Алдағы уақытта да елдеріңіздің намысын қорғап, алуан түрлі додаларға қатысатындарыңызға бек сенемін. Бірнеше ай бұрын біз осы жерге 50-ден астам елдің өкілдерін әкелу мүмкін емес дерлік миссия деп ойлап едік, бірақ күш біріктіріп, идеямызды жүзеге асырдық. Ал мен әрқайсыңыз мүмкін емес болып көрінетін армандарға бет түзеп, соларға қол жеткізгендеріңізді қалаймын. Сәуір айында біз Астанада шахматтан әлем чемпионатын өткіздік, бұл оқиға Қазақстанды шахмат астаналарының біріне айналдырды. Бізге сенім артып, бірге жұмыс істегендердің барлығына рахмет. Менің ойымша, қазір Қазақстанда шахмат саласында нағыз серпіліс болып жатыр. FIDE мақсаты - біз қол жеткізуге тырысып жатқан мақсат-міндеттерді әрбір елде жүзеге асыру, бұл оңай емес, бірақ мүмкін емес ештеңе жоқ", - деді Аркадий Дворкович.
Чемпионат екі жас санатында өтеді: 12 жасқа дейін және 18 жасқа дейін, 53 елден 400 қатысушы бақ сынайды. Ақтауға дейін ең ұзақ сапарды Парагвай, Перу және Мадагаскар қатысушылары артқа тастады. Қатысушылар намысын қорғайтын елдер ауқымы таңдай қақтырады: төрт құрлықтың оқушыларын қамтиды, демек, достық бәсекелестік пен мәдени алмасу үшін бірегей атмосфера қалыптастырады.
Қазақстанда шахмат әлеуеті зор. Мұндай пікірді Қазақстан шахмат федерациясы президенті Тимур Турлов білдірді.
"Қазақстандық ірі шахмат турнирлерінің географиясы екі бас қаланың – Астана мен Алматының шекарасынан әлдеқайда асып түседі. Бүгін біз Каспий теңізінің сондай әдемі жағалауында тұрмыз. Бұл чемпионатты өткізу біздің зияткер ұлт қалыптастыру, адами әлеуетті нығайту, білімді дәріптеуді насихаттау бойынша стратегиялық міндетімізге толығымен сай. Ал осы жұмыста мектеп шахматы басты рөл атқаруы тиіс. Бұл турнир жақсы көңіл-күй атмосферасында өтетініне, ал адал бәсекелестік бізге небір ең әдемі партиялар сыйлайтынына еш күмәнім жоқ", - деді Тимур Турлов.
Чемпионатта еліміздің намысын Қазақстанның алты қаласынан 10 мектеп қорғайды, балалар өз ойынының жоғары деңгейін көрсету үшін жарысқа тағатсыздана дайындалды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев турнирдің жоғары деңгейде өтіп, чемпионатқа қатысушылар өз мүмкіндіктерін жан-жақты көрсетіп, көрнекті нәтижелер көрсететінінен үмітті екенін жеткізді.
"Осындай ауқымды әлемдік шараны Маңғыстауда өткізу өскелең ұрпақтың шахмат ойнап, бұдан да үлкен жетістіктерге жетуіне тамаша мотивация болары анық. Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстанда шахмат лайықты дәрежеде дамып келеді, бұл шара оның тапсырмасын орындау мақсатында өткізіліп жатыр. Дүние жүзіндегі мыңдаған балалар турнирді тамашалайды. Төрт құрлықтың мектеп оқушылары өз мектебінің, елінің намысын абыроймен қорғау үшін Каспий жағалауында бас қосты. Болашақта бұл таланттардың үлкен белестерді бағындырып, чемпион атанатынына сенімдімін. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен ата-аналардың еңбегін атап өткен жөн, өйткені, әрбір жеңістің артында солардың еңбегі жатыр", - деді Нұрлан Ноғаев.
18 жасқа дейінгілер санатында алғашқы жүрісті Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жасаса, 12 жасқа дейінгілер санатында алғашқы тақтада алғашқы жүрісті Қазақстан шахмат федерациясы Президенті Тимур Турлов жасады. Ресми бөлімнен бөлек қатысушылар мен қонақтар үшін аса қызықты экскурсия және ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.