"Ақтөбе" айыппұл арқалады

1697

Асхат Тағыбергенге айтылған жанкүйерлердің балағат сөздері үшін "Ақтөбеге" 2 миллион теңге айыппұл салынды.

"Ақтөбе" айыппұл арқалады Фото: fc-aktobe.kz

"Ақтөбе" ФК ҚПЛ-2023 22-турының "Ордабасыға" қарсы өз алаңында өткен матчтағы оқиғаға байланысты ресми түрде жазаланды. Кездесу 2:1 есебімен "Ақтөбенің" жеңісімен аяқталды. Ойын аяқталған соң шымкенттік клуб пен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергенді ақтөбелік жанкүйерлер балағат сөздермен алаңнан шығарып салды. Ал Тағыберген оларға қол соғып, жауап қатты.

""Ақтөбе" футбол клубына 600 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Қазақстан футбол федерациясы жанындағы Бақылау-тәртіптік комитетінің 19 қыркүйек күні өткен отырысы негізінде осындай шешім қабылданды. Өткен сенбіде өткізілген "Ақтөбе" - "Ордабасы" матчында қызмет еткен бас төреші мен делегаттың есеп қорытындысы бойынша 5 ойыншының сары қағаз алғанына байланысты "Ақтөбеге" 100 АЕК (345 000 теңге) және матч барысында орын алған көптеген бұзушылықтар (құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі, қонақ команданың қауіпсіздігін тиісті дәрежеде қамтамасыз етпеу, қожайын команда жанкүйерлерінің түтіндету құтысын пайдаланып, алаңға бөгде заттарды лақтыруы және "Ордабасы" ойыншысы А. Тағыбергенге балағат сөздер айтуы) үшін 500 АЕК (1 725 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

"Ақтөбе" футбол клубы Орталық стадионда өтетін алдағы матчтарда аталмыш заңбұзушылықтардың болмауына сенім білдіреді", - деп жазды "Ақтөбе" ФК баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 22-тур қорытындысы бойынша турнирлік кестеде 49 ұпаймен шымкенттік клуб көш бастап тұр. 44 ұпай жинаған "Ақтөбеліктер" екінші орынға жайғасып, қазіргі таңда "Ордабасының" басты бәсекелесіне айналды. Ал 43 ұпайы бар елордалық команда үздік үштікті түйіндеп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу