"Ақтөбе" "Астананы" жеңіп, сенсация жасады

1376

15-тур аясында бес матч өтті.

"Ақтөбе" "Астананы" жеңіп, сенсация жасады

Футболдан Қазақстан чемпионатының 15-туры аясында "Ақтөбе" "Астананы" жеңді. Ақтөбеде өткен ойын 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Гол авторлары француз Уго Видемонт (18-минут), бразилиялық Шина (33-ші), пенальтиді сәтті орындаған Әлібек Қасым (72-ші) және Максим Самородов (90+5). "Астана" сапынан жалғыз голды Аслан Дарабаевтың соқты (42-минут). 24 ұпай жинаған "Астана" ҚПЛ-да көшбасшылығын сақтап қалды. Ал 23 ұпайы бар "Ақтөбе" үшінші сатыға көтерілді. Команданың әлі бір ойыны бар.

Футболдан Қазақстан чемпионатының 15-туры аясында "Атырау" "Мақтааралмен" тең ойнады. Түркістанда өткен матч 1:1 есебімен тең аяқталды. 43-минутта алаң иелері сапынан Артур Западный алаңнан қуылды. 63-минутта Биллал Себаихи пенальтиден гол соғып, командасын алға шығарды. Бірақ, 74-минутта "Атырау" есе қайтарды. Гол авторы Петр Гжельчак. Осылайша, матч 1:1 есебімен тең аяқталды. "Атырау" 20 ұпай жинап, турнирлік кестеде жетінші сатыда тұрса, "Мақтааралда" он ұпаймен соңғы орында қалды.

Түркістандық "Тұран" футболдан Қазақстан чемпионатының 15-ші турында ақтаулық "Каспийді" жеңіп, сенсация жасады. Ақтаудағы кездесу 2:0 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Санжар Сатанов 20-минутта гол соқса, 37-минутта Нұрлыбек Аязбаев есепті еселей түсті. 29-минутта "Каспий" сапынан Думан Нарзілдаев алаңнан қуылды. 30-минутта "Тұранның" жартылай қорғаушысы Абдуллаи Диакате пенальтиді голға айналдыра алмады. "Каспий" жеңіске жеткен жағдайда турнирлік кестеде көш бастар еді. Бірақ 22 ұпаймен төртінші орынға түсіп қалды. Ал "Тұран" 15 ұпай жинап, оныншы орынға көтерілді.

15-тур аясында "Тараз" бен алматылық "Қайрат" тең ойнады. Таразда өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды. 7-минутта "Қайрат" сапынан Артур Шушеначев есеп ашса, бірінші таймның қосымша уақытында алаң иелерінен Бауыржан Байтана гол соқты. 22 ұпайы бар "Тараз" төртінші орында, ал 20 ұпайы бар "Қайрат" сегізінші орынға түсті.

"Қызыл-Жар" Қазақстан Премьер-лигасының он бесінші турында "Тобылды" қабылдады. Матч Петропвлдағы "Қарасай" стадионында өтіп, 1:3 есебімен қостанайлық клубтың пайдасына шешілді. Ойынның небәрі 8-минутында Руди Пожег Ванкас есеп ашты. Бұл оның "Тобылдағы" дебюттік голы ретінде тіркелді. 24-минутта Жиан Мартинс таразы басын тең қылды. 64-минутта Душан Йованчич пенальтиді сәтті пайдаланды. Ал 81-минутта команда капитаны Асхат Тағыберген матчтың нүктесін қойды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу