8 қаңтар күні "Ақтөбе" футбол клубы команданың жаңа иесі ретінде Qazaq Stroy Properties компаниясы келгенін ресми түрде жариялады. Компанияның иесі Нұрлан Артықбаев Forbes журналының Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде 44-орында тұр. Оның байлығы 228 миллион АҚШ долларына бағаланған.
Алайда "Ақтөбе" жанкүйерлері клубтың жаңа бас директоры Арман Оспановтың тағайындалуына наразылық білдірді. 8 қаңтарда фанаттар алғашқы баспасөз мәслихатына баса-көктеп кіріп, Оспановтың өткен жылы әлеуметтік желілерде жазған жазбаларының скриншоттарын қағазға шығарып алып келген. Онда ол "Ақтөбені" "тарихи мұрасы жоқ, ұсақ клуб" деп атаған болатын.
Арман Оспанов бұл мәлімдемелеріне қатысты түсініктеме берді.
"Мен бұрын "Қайраттың" фан-қозғалысында болғанымды ешқашан жасырған емеспін. Бірақ ол – өткен шақ. Әлеуметтік желілердегі сөздерімнен бас тартпаймын. Дегенмен, мені қате түсінбеулеріңізді қалаймын. Ол пікірлер сол кездегі нақты жағдайға байланысты айтылған.
"Ақтөбе" – сөзсіз үлкен клуб, бес дүркін ел чемпионы атанған ұжым. Біздің ортақ мақсатымыз тек қолдау емес, клубтың деңгейін одан әрі көтеру.
Бұл сұрақтың қайдан туындап отырғанын түсінемін. Футбол – эмоцияға толы сала. Жанкүйерлердің сезімін де жақсы ұғынамын.
Алайда клубты басқару – бұл мамандық. Кәсіби менеджментте клубтық жанкүйерлікке орын жоқ. Мен бұл жерге белгілі бір команданың жанкүйері ретінде емес, "Ақтөбе" клубының басқарушысы әрі меншік иесінің өкілі ретінде келдім", – деді Арман Оспанов.
Ақтөбе жанкүйерлері үшін клубтың абыройы маңызды. Сол себепті басшылықтағы жаңа тұлғаның өткендегі көзқарасы көңілдеріне қаяу түсірген секілді.