Бүгін "Ақтөбе" футбол клубын жекеменшікке беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша уәкілетті органдар клубты жекешелендіру туралы шешімді ресми түрде мақұлдады. Қоғамдық тыңдаудан кейін жекешелендіру процесі заңды кезеңге өтеді.
Құжаттамаға сәйкес, клубтың мүлкі ретінде бар-жоғы 2 автобус қана тіркелген, ал жылжымайтын мүлкі мүлде жоқ. Тәуелсіз бағалаушы "Ақтөбе" футбол клубының құнын 364 миллион 352 мың теңге деп бағалады.
– "Ақтөбе" ФК-ның иелігінде жылжымайтын мүлік жоқ. Тек 2 автобус бар. Ал бағалауға кірген өзге дүниелер – клубтың активтері мен келісімшарттары, – деп түсіндірді Ақтөбе облысы Қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиев.
Облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк клуб толықтай жекеменшікке берілсе де, бюджеттен қаржыландыру ішінара жалғасатынына назар аударды. Алайда бұл қолдау қазіргі деңгеймен салыстырғанда бірнеше есе аз болады деп атап өтті Ақтөбе облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.
– Жекешелендіруден өткен басқа да кәсіби футбол клубтарындағыдай, мемлекет тарапынан қолдау сақталады. Бірақ, оның көлемі айтарлықтай қысқарады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша "Ақтөбе" ФК-ның бюджеті 3,5 миллиард теңгені құраса, келесі жылға бюджеттен 1,9 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Яғни, шамамен 1,5 миллиард теңге үнемделеді. Алдағы жылдары да мемлекеттік қолдау көлемі кезең-кезеңімен азайтылады. Қазіргі таңда біз негізгі басымдықты балалар футболына беріп отырмыз. Мәселен, өткен жылы балалар академиясының бюджеті 260 миллион теңге болса, келесі жылға 400 миллион теңге қарастырылды. Мұндай тәжірибе жекешелендірілген барлық клубтарда қолданылады. Мысалы, "Қайрат" клубы балалар футболын дамытуға мемлекеттен қосымша қаржыландыру алады. Сонымен қатар, жақсы нәтижелерін ескере отырып, әйелдер футбол командасына да ерекше көңіл бөлінуде. Оған қоса футзал да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді, – деді Мейрамбек Махамбетов.
Клубтың жалғыз құрылтайшысы – облыстық "Қаржы басқармасы” енді бұл процесті заңдық тұрғыдан рәсімдеуге кіріседі. Клубты мемлекет меншігінен жеке секторға беру арқылы оның басқару жүйесін жетілдіру және бюджетке түсетін салмақты азайту көзделіп отыр.