"Ақтөбе" өз алаңында "Ақсудан" басым түсіп, турнирлік кестеде екінші орында тұрған командадан бес ұпайға алға озды. Матчта жеңіс голын Әлібек Қасым пенальтиден соқты. Осылайша ҚПЛ-да сенімді түрде көш бастап келе жатқан "Ақтөбе" турнирдегі қатарынан жетінші кездесуінде жеңіске жетті. Турнир көшбасшысы 35 ұпай жинаса, екінші орында келе жатқан "Астанада" бүгін тағы бір ойын бар.
Кездесу аяқталған соң "Ақтөбенің" бас бапкері Андрей Карпович "Ақсуға" қарсы өткен матч туралы өз пікірін білдірді.
"Матч өте қиынға соқты. Дегенмен, ең бастысы үш ұпай иелендік. Біз алға жылжудамыз. Ойын барысына қатысты сұрақтар бар. Бірақ матчта ең бастысы жеңіске жету, үш ұпай алу болды. Мен ойын алдында жігіттерге бұл кездесудің қиынырақ болатынын, келесі кездесудің әлдеқайда қиын болатынын айттым. Мақсатымызға жақындап келеміз, алаңдаушылық та бар. Бірақ бұл үлкен спорттың бір бөлігі. Қиындықтармен күресіп, жеңе білу керек. Ендеше бұл соққыға психологиялық тұрғыда төтеп беру біздің басты міндетіміз. Барлығы өз қолымызда, бәрі өзімізге, командамыздың нәтижесіне байланысты. Барлық жанкүйерлерді маңызды жеңіспен құттықтағым келеді!", - деді Карпович.
Сонымен қатар Оралда "Ақжайық" командасы "Атырауды" жеңді. 17-ші турдың ойыны 4:2 есебімен аяқталды. Артур Газдановтың голы мен Том Табатадзенің дубльі оралдықтарды алға шығарғанымен, қонақтар есеп айырмасын барынша қысқартты. Кездесуде Петр Гжельчак пен Юрий Завезен де бір-бір голдан соқты. "Ақжайық" сапынан Оралхан Өміртаев төртінші голдың авторы атанды. Ал "Атыраудың" соққан кезекті голы офсайдтан кейін есепке алынбады.
Тағы бір матчта "Мақтаарал" өз алаңында Қарағандының "Шахтерінен" жеңіліп (0:2), турнирлік кестеде соңғы орында қалды. Голдарды Евгений Кобзар мен Роджер Канас соқты.
Бүгін, 27 тамызда футболдан Қазақстан чемпионатының 17-ші туры аясында тағы төрт ойын өтеді: "Қызыл-Жар" - "Тұран" (17:00), "Тараз" - "Астана" (19:00), "Каспий" - "Қайрат" (19:00), "Тобыл" - "Ордабасы" (21:00).
Ермұхамед Мәулен