"Ақтөбе" мен "Тобыл" ұпай бөлісті

1473

Қазақстан чемпионатының екінші туры аясында төрт матч өтті.

"Ақтөбе" мен "Тобыл" ұпай бөлісті

"Ақтөбе" футболдан Olimpbet-Қазақстан чемпионатының екінші турында қостанайлық "Тобылмен" кездесті. Матч Алматыдағы "Жас Қыран" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.

Бірінші таймда қос команда да гол соға алмады. 54-минутта Әлішер Әжімовтың пасын сәтті пайдаланған Игорь Сергеев "Ақтөбені" алға шығарған болатын. Бірақ 71-минутта Руслан Валиуллин таразы басын теңестірді. Матч соңына дейін қос командада да керемет мүмкіндіктер болғанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Үш ұпайы шегерілген "Ақтөбе" турнирлік кестенің ең соңғы орынында тұр. Ал қостанайлық ұжым 4 ұпаймен үшінші орынға жайғасты.

Сонымен қатар оралдық "Ақжайық" "Атырау" клубын қабылдады. "Ақжайық" стадионында өткен кездесуде 1:0 есебімен алаң иелері жеңіске жетті.

Матчтағы жалғыз гол екінші таймда соғылды. 74-минутта Еркін Тапалов мергендігімен көзге түсіп, командасына жеңіс сыйлады. Ойын аяқталар тұста "Атыраудың" шабуылшысы Петр Гжельчак қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Үш ұпайға қол жеткізген оралдық клуб алтыншы орынға көтерілді. Екі матчта да жеңіліске ұшыраған "Атырау" соңғы орындардың бірінде тұр.

"Жетісу" футболдан Olimpbet-Қазақстан чемпионатының екінші турында түркістандық "Тұран" клубымен кездесті. Алматы қаласындағы "Жас Қыран" стадионында өткен матч 3:0 есебімен талдықорғандық клубтың пайдасына аяқталды.

Ойындағы алғашқы әрі жылдам голды 3-минутта Артем Дмитриев соқты. Ал 69-минутта Аслан Әділ керемет соққы жасап, есепті еселеді. 76-минутта Асхат Балтабеков командасының үшінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды. Естеріңізге сала кетейік, алғашқы жеңісіне қол жеткізген "Жетісу" клубынан үш ұпай шегерілген болатын. "Тұран" бір ұпаймен жетінші орында тұр.

Қарағандылық "Шахтер" Премьер-лиганың екінші турында "Ордабасымен" кездесті. "Астана Аренада" өткен матчта шымкенттік клуб 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Бірінші таймда қауіпті сәттер көп болғанымен гол көре алмадық. Ойынның 50-минутында Александр Симчевич Жоао Паулоның керемет пасынан кейін есеп ашты. 86-минутта алаңға шыққан Сергей Хижниченко үш минуттан кейін жеңіс голын соқты. Жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген Александр Седнев шәкірттері турнирлік кестеде бесінші орынға көтерілді. Үш ұпайы шегерілген "Шахтер" он бірінші орында тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу