"Ақтөбе" мен "Тобылды" еурокубокте ұятқа қалдырған бапкер Қазақстанға қайта келе ме?

1587

Ресейлік бапкер "Ақтөбе" клубына қайта оралуы мүмкін деген ақпарат шықты. Алайда, "Ақтөбе" фанаттары оны кезінде шыбықпен қуған еді.

"Ақтөбе" мен "Тобылды" еурокубокте ұятқа қалдырған бапкер Қазақстанға қайта келе ме?

"Ақтөбе" клубының бас бапкері болып Владимир Газзаев тағайындалуы мүмкін деп жазады "Мeta-reitiтgs.kz" сайты. Осы жаңалықты естіп жағамызды ұстадық. Естеріңізде болар, "Ақтөбе" клубының еурокубоктегі тарихына қара таңба болып түскен матчқа осы кісінің тікелей қатысы бар еді ғой. "Ақтөбе" 2015 жылы Еуропа лигасының бірінші айналымында Эстонияның "Нымме Калью" деген осал командасына жеңілді. Владимир Газзаев осы матчтан кейін жанкүйерлерден қашқақтап, елге қарауға беті болмай жүрді. Алайда, қызуқанды фанаттар оны тура әуежайда ұшақтан түсе салысымен күтіп алды. Осы оқиға күллі "Ақтөбе" фанаттарының есінде шығар. Осындай жағымсыз қылықтарымен көзге түскен ресейлік бапкерді клубқа қайта шақырудың себебі бар ма?

Ол аз десеңіз, Валерий Газзаевтың ұлы тура осындай масқара оқиғаны Қостанайға барып та істеді. Бұл жолы "Тобыл" еурокубокте Люксембург мемлекетінің "Женнес" деген жартылай әуесқой клубынан жеңілді. 2019 жылдың жазында Еуропа лигасының алғашқы айналымында шаштараздар мен бухгалтерлер ойнайтын әуесқой команданы айналып өте алмау тек "Тобылдың" ғана емес, қазақ футболына да жағылған күйе болатын. Екі матчтың қорытындысы бойынша "Тобыл" 1 ғана гол салды. Екінші ойын Қазақстанда өтті. Соның өзінде келесі кезеңге шыға алмады. Осы матчтың ертесіне Владимир Газзаев қызметінен кетті.

Айтпақшы, Владимир Газзаевтың даулы оқиғаларға қатысы көп адам екені бұрыннан белгілі. Ол әкесінің атына тіркелген Кисловодск қаласындағы базада "Ақтөбе" командасының оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде де ол қаржы жымқырып қалудың ретін келтірді деп топшылаймыз. "Ақтөбе" мен "Тобылға" дейін ол грузияның "Рустави", ресейдің "Урожай" деген командаларын жаттықтырды. Футболдан қатты хабары бар жанкүйерлердің өзі мұндай клубтарды естімеген де шығар. Айтпақшы Газзаев мырза "Урожай" клубында ол 1 айдан кейін жұмыстан босатылды. Осындай қылықтарымен дау-дамай жасап, бапкер ретінде ешқандай жүлде жеңбеген бапкер "Ақтөбе" бас бапкері болса, онда Ақтөбе қаласындағы жанкүйер біткеннің барлығы стадионды торуылдап, клуб басшылығына немесе әкімшілікке барып шағымдарын жеткізетін шығар.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу