Ақтөбе облысында мал ұрлығы көбейген

1928

Алайда жазаның күшеюі қылмысты азайтуы мүмкін. 

Ақтөбе облысында мал ұрлығы көбейген

Қыс келіп, соғым науқаны басталысымен Ақтөбе облысында мал ұрлығы күшейе түскен. Облыстық полиция департаментінің дерегінше, тек қана биылғы бірінші жартыжылдықта өңірде 148 сиыр, 216 жылқы, 497 қой және 4 түйе қолды болыпты.

Ауыл тұрғындарының адал еңбегімен, маңдай терімен өсіріп отырған төрт түлігін ұрлау деректерінің жиі кездесіп кеткені соншалық  елімізде қазіргі күні мал ұрлығына байланысты жаза күшейтіліп отыр. Алдымен, ол бұрынғыдай орташа емес, ауыр санаттағы қылмыс болып есептеледі. Соның ішінде, ұрлық ұйымдасқан түрде жасалса, оның жазасы да күшейе түседі. Заңға енгізілген тағы бір өзгеріс – бұдан былай малдың иесі мен оны ұрлаған адамның ымыраға келуіне тыйым салынады.

"Енді мал ұрлығы үшін ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлігі бойынша 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 8 334 000 теңге көлемінде айыппұл немесе бес жылға дейін мүлкін тәркілеу арқылы бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бұрын ұрлық фактісі бойынша бір мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынып, үш жылға дейін бас бостандығынан айыратын. Бірнеше рет жасалған немесе тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал ауласының, қораның немесе өзге де қойманың ауласына кіру арқылы жасалған мал ұрлығы бойынша да қылмыскердің дүние-мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қылмыстық топ немесе аса ірі мөлшерде, яғни екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін жететін мал ұрлығы жасалған жағдайда, мүлкін тәркілеп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады", – деп түсіндіреді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов. 

Мал ұрлайтындардың шектен шыққан қылығына ашынған малшылар былтыр облыстағы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының филиалына да шағымданған. Себебі оларға қолды болған мал басын түгел өндіріп алу қиынға соғады екен. Малды бірден сойып, сатып жіберген жағдайда оның ұрланғанын дәлелдеудің өзі оңай емес көрінеді. 

Былтыр Ақтөбе облысында 170 мал ұрлығы тіркелсе, биыл бұл сан азайған. Оған жазаның күшейгені, сондай-ақ, тәртіп сақшыларының үй-үйді аралап, профилактикалық жұмыстарды көптеп жүргізе бастағаны да сеп болуы мүмкін. Ақ-адал малынан айырылған тұрғындарды аяғанмен, тәртіп сақшылары кейде "шығасыға иесі басшы" екенін де көріп жүр. Өйткені, ұрылар көп жағдайда жайылымда қараусыз жүрген малды ұрлайды екен. Одан бөлек, адамдар қолындағы малына GPS трекерлерді қолдану, қорасын берік ұстау, түнде шам жағып қою, жиналып бақташы жалдау сияқты сақтық шараларына немқұрайлы қарап, опық жеп қалып жатады. 

Ал қатаң заңмен бетін қайтармаса, қаскөйлер жылдан-жылға бетімен кетіп барады. Мәселен, былтыр Ойыл ауданында баукеспелер бақташының барына қарамастан, төрт бірдей буаз сиырды сойып алып, өлі бұзауларын қан-жынымен қоса лақтырып кеткен. Ал биыл Атырау облысында қылмыстық топ жоғалған үйір жылқысын іздеп шыққан кәсіпкерді өлтіріп кетті.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу