Ақтөбе рельс-арқалық зауыты экспортты еселемек

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5013

Ақтөбелік рельстердің көп бөлігі посткеңестік елдерге жөнелтіледі.

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты экспортты еселемек

"Ақтөбе рельс-арқалық зауыты" ЖШС биыл 60 мың тоннадан астам рельсті Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Грузия, Түркіменстан, Ресей Федерациясы, Эстония және Иранға экспорттайды.

Ішкі нарықта да зауыттың өнімдері сұранысқа ие. 2016 жылдың наурыз айынан бастап Ақтөбе рельс-арқалық зауыты 70 мың тоннадан астам өнімі қазақстандық темір жолдардың құрылысы мен жөндеуіне пайдаланылған. Атап айтқанда, кәсіпорыннан шыққан шамамен 500 шақырымдық жаңа рельс еліміздің магистральдық желілеріне төселді.

Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнімдері Алматы-1 – Шу бағытындағы жол құрылысындағы рельс-шпалды торларды байланыстыруға, Қазақстан (Қорғас) – Қытай Халық Республикасы шекарасындағы теміржол өткеліндегі құрғақ порт құрылысына, Құрық портының паромдық кешенінің құрылысына енетін жолдарды салуға, Астанадағы "Нұрлы жол" жаңа вокзал кешенінің құрылысына пайдаланылуда.

Зауыт өнімдерінің Қазақстандағы ең ірі тұтынушысы – "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ. "Ақтөбе рельс-арқалық зауыты" ЖШС мен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ арасындағы рельсты сатып алу жөніндегі ұзақ мерзімді келісімшарт шеңберінде магистральды темір жол желілерін жаңғырту жұмыстарына 2022 жылға дейін 600 мың тоннадан астам өнім жеткізуді жоспарлап отыр.

Компания тиісті сапа сертификаттарын алу үшін түрлі сатылардан өтті: механикалық қасиеттерге, микро және макро құрылымдарға зертханалық зерттеулер жүргізді, пайдалануға берілетін рельстердің беріктігін тексерді. Осындай кезеңдерден сүрінбей өтуі Ақтөбе рельс-арқалық зауытында шығарылатын өнімдердің сапалы әрі қауіпсіз екендігін дәлелдейді.

ДТ350СС рельсіне алынған сертификат кәсіпорынның өнімдерді экспортқа шығару мүмкіндігін арттырмақ. Дифференциалды ыстыққа бейімделген рельстер жоғары жылдамдықты магистральдарда қолданылатын кең жолақты жолдарды салуға лайықталған. Аталған өнім қозғалыс кезінде пойыздардағы жұмсақтық пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жүк пойыздарының жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай рельстерді Қазақстанның магистральды желілерінде ғана емес, ТМД аумағында да қолдануға болады. Қысқасы, Ақтөбе рельс-арқалық зауытында шығарылатын бұл рельстің әлеуеті зор.

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Р-65 стандартына сәйкес, дифференциалды ыстыққа бейімделген 120 метрлік рельстер шығаратын жалғыз кәсіпорын. Зауыттың бұл өнімі техникалық сипаттамалар жағынан және пайдалану тұрғысынан ерекшеленеді. Мұндай рельстер негізгі жолдың дәнекерленген бөліктерінің ұзақтығын арттырады. Ал өз кезегінде бұл пойыздың жылдамдығына, жолға жұмсалатын уақыт пен шығынның төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді.

Зауыт 2018 жылы жобалық қуаттылыққа шығуды жоспарлап отыр. Яғни, келер жылдан бастап жылына 430 мың тонна өнім өндірмек. Оның ішінде 200 мың тонна ыстыққа бейімделген 120 метрлік рельстер шығаруды көздеп отыр.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу