"Ақтөбе" тамаша камбэк жасады

1237

"Ақтөбе" сапынан қос голды да қосалқы құрамнан шыққан ойыншылар соқты.

"Ақтөбе" тамаша камбэк жасады

"Ақтөбе" Қазақстан Премьер-лигасының бесінші туры аясында "Қызыл-Жармен" кездесті. Матч Петропавлдағы "Қарасай" стадионында өтіп, 1:2 есебімен "Ақтөбе" жеңіске жетті.

Ойынның 66-минутында "Қызыл-Жар" клубының қорғаушысы Валерий Каршакевич есеп ашты. 90-минутта қосалқы құрамнан шыққан Дидар Жалмұқан таразы басын теңестірді. Ал 94-минутта Рифат Нұрмұғамет өз командасына жеңіс сыйлады. Бір қызығы, Рифат соңғы үш матч бойы алаңға қосалқы құрамнан шығып гол соғып келеді. Үш ұпайы қайтарып берілген "Ақтөбе" 9 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Ал "Қызыл-Жар" алтыншы орында қала берді (7 ұпай).

Сондай-ақ қарағандылық "Шахтер" Премьер-лиганың бесінші туры аясында "Ақжайықпен" кездесті. Матч Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана Аренада" өтіп, 1:2 есебімен оралдық клубтың пайдасына шешілді. Бүгінгі матчқа "Шахтер" командасын Андрей Финонченко бас бапкер ретінде бастап келді.

Ойындағы алғашқы голды 39-минутта "Ақжайық" командасының қорғаушысы Евгений Козлов соқты. Араға бес минут салып Айдос Тәттібаев есепті теңестірді. Ал 73-минутта "Шахтер" клубының жаңа ойыншысы Дэвид Атанаскоски өз қақпасына гол соғып алды. Бірде-бір ұпайы жоқ қарағандылық клуб турнирлік кестенің соңғы сатысында тұр. Ал алтыншы ұпайына қол жеткізген оралдық команда сегізінші орынға көтерілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу