"Ақтөбе" турнирлік кестеде үш саты жоғары көтерілді

866

Мұханов шәкірттері өз алаңында сенімді жеңіске қол жеткізді.

"Ақтөбе" турнирлік кестеде үш саты жоғары көтерілді

Қазақстан чемпионатының 22-турында "Ақтөбе" мен "Жетісу" үш ұпайды сарапқа салды. Матч Ақтөбедегі Қобыланды батыр стадионында өтіп, 2:0 есебімен аяқталды.

Кездесудегі алғашқы гол 17-минутта соғылды. "Жетісу" қақпасының маңындағы қарбаластыҚызық өз пайдасына жаратқан Виталий Балашов есеп ашты. Бұл оның "Ақтөбе" жейдесіндегі дебюттік голы. Ал 29-минутта Олег Чернышовтан пас алған Эрвен Мукам командасының екінші голын соғып, ойынның тағдырын шешті. "Жетісу" да қарап қалмай, "Ақтөбе" қақпасына 4 дәл соққы жасады. Бірақ бұлардың ешқайсысы Жасур Нарзиқұлов қақпасына дарымады.

Осы жеңістен кейін Владимир Мұханов шәкірттері 27 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді. Талдықорғандық клуб сол баяғы ең соңғы орыннан тапжылмады (12 ұпай).

Сондай-ақ Қазақстан Премьер-лигасының 22-турында "Шахтер" мен "Қайрат" өзара мықтыны анықтады. Қарағандыдағы "Шахтер" стадионында өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. 76-минутта алаңға қосалқы құрамнан қосылған Идрис Умаев шыға салып өз командасының бірінші голын соқты. Ал жауапты голды Раде Дугалич өз атына жазды. Айып добынан асырылған пасты басымен қақпаға дәл бағыттаған қорғаушы командасына бір ұпай сыйлады.

"Шахтер" бұл ойыннан кейін 26 ұпаймен тоғызыншы орынға тұрақтады. Алматылық клуб 41 ұпаймен үшінші орында тұр.

Ал "Қызыл-Жар" Қазақстан чемпионатының 22-турында "Тұранмен" кездесті. Матч Петропавлдағы "Қарасай" стадионында өтіп, 0:1 есебімен түркістандық клубтың пайдасына шешілді. "Тұран" командасы алаң иелеріне қарағанда жақсы ойнады. Түркістандық клуб Мирослав Лобанцев қорғаған қақпаны 7 мәрте дәл көздеді. Ал алаң иелері небәрі 3 тура соққымен жауап қатты. Ойынның 76-минутында Таңат Нөсербаев қарсыласынан допты тартып алып, Самир Фазлиге пас асырған еді. Бірақ Нұрлан Дайыров допты қақпашыға қалдырамын деп, аңдаусызда өз қақпасына гол соғып алды.

Қатарынан екі матчта жеңілген Андрей Карпович шәкірттері 32 ұпаймен турнирлік кестенің төртінші сатысында қала берді. Ал Қуаныш Қабдолов бастаған жігіттер 23 ұпаймен 12 орынға табан тіреді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу