"Ақтөбе" ұпай жоғалтты. "Тобыл" қола жүлдеден үмітті

1065

Бүгін чемпиондықтың тағдыры шешілетін күн. "Ақтөбе" чемпион бола ала ма?

"Ақтөбе" ұпай жоғалтты. "Тобыл" қола жүлдеден үмітті Фото: kazfootball.kz

Футболдан Қазақстан чемпионатының 25-ші турында "Ордабасы" мен "Ақтөбе" тең ойнады. Шымкентте өткен матч 2:2 есебімен аяқталды.

Кездесу барысында Жерар Гоу дубль жасап (16-минут, 39-минуттар), бірінші таймда қонақтар алға шықты. Бірақ үзілістен кейін Дмитрий Бородиннің (53-ші және 60-шы) екі пенальтиінің арқасында есеп теңесті.

Дегенмен ойын нәтижесіне қарамастан "Ақтөбе" турнирлік кестеде бірінші орында қалды. Бірақ бүгін 30 қазанда астаналықтар "Қызыл-Жарды" жеңген жағдайда, командалар арасындағы айырмашылық екі ұпайға жетіп, "Ақтөбе" көшбасшылықтан айырылып қалу қаупі бар. "Ордабасы" өз кезегінде 37 ұпаймен бесінші орынды сақтап қалды.

"Тобыл" футболдан Қазақстан чемпионатының 25-ші турында "Таразды" жеңіп, қола жүлдеге үміткер атанды. Кездесу Таразда өтіп, қостанайлық клубтың пайдасына 2:0 есебімен аяқталды. Ойында Асхат Тағыберген дубль жасады (29-минут және 39-шы). "Тараз" Жалғас Жақсылықовтың алаңнан шеттетілуіне байланысты 69-минуттан бастап 10 ойыншымен қалды. Осы табысының арқасында "Тобыл" 44 ұпай жинап, үшінші орынға жайғасты. Соңғы турда Милан Милановичтің шәкірттері жүлдеден құр қалмау үшін ұпай жинауы керек. Ал "Тараз" 28 ұпаймен тоғызыншы қатарда қалды.

Сонымен қатар 25-ші турда ақтаулық "Каспий" мен оралдық "Ақжайық" та тең ойнады. Кездесу Ақтауда өтіп, 0:0 есебімен аяқталды. Турнирдің соңғы сатысында тұрған оралдық ойыншыларға жеңіс ауадай қажет болғанымен, жолдары болмады. Енді команданың тағдыры 6-қарашада өтетін соңғы турда шешіледі. Бұл күні "Ақжайық" өз алаңында "Тобылды" қабылдаса, "Каспий" сырт алаңда "Қызыл-Жармен" ойнайды. Осы тең ойыннан кейін 31 ұпайы бар "Каспий" сегізінші, ал 25 ұпайы бар "Ақжайық" соңғы, 14-ші сатыда қалды.

Естеріңізге сала кетейік, турнирлік кестеде соңғы орын алған екі команда бірінші лигаға кетеді.

Бүгін, 30 қазанда ҚПЛ-2022, 25-турының төрт ойыны өтеді. Сағат 15:00-де "Астана" "Қызыл-Жармен" сырт алаңда кездесуін бастайды. Жеңіске жеткен жағдайда елордалықтар бірінші орында тұрған "Ақтөбенің" орнын басады. Сондай-ақ сағат 15:00-де "Қайрат" пен "Ақсу" арасындағы кездесу басталады. Сағат 16:00-де "Атырау" - "Шахтер", 18:00-де "Тұран" - "Мақтаарал" арасындағы кездесу жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу