"Ақтөбе" "Жетісудың" тас-талқанын шығарды

1671

Бұл осы маусымдағы драмаға толы матч болды. Екі қызыл қағазға, соғылмаған пенальтиге, хет-трикке куә болдық.

"Ақтөбе" "Жетісудың" тас-талқанын шығарды

"Жетісу" Қазақстан Премьер-лигасының оныншы туры аясында "Ақтөбені" қабылдады. Матч Талдықорғандағы "Жетісу" стадионында өтіп, 1:5 есебімен аяқталды.

Ойынның небәрі 5-минутында "Ақтөбе" қақпасына пенальти тағайындалды. Ал өз айып алаңында тәртіп бұзған Армен Манучарян қызыл қағаз алды. Дмитриевтің он бір метрлік айып добынан жасаған соққысын Жасур Нарзиқұлов қайтара білді. Кері серпілген допты "Жетісу" ойыншылары өз пайдасына жарата білді. Равиль Атыханов бұл голды өз еншісіне жазды. Ал үш минуттан кейін қақпашы Андрей Шабановтың қателігін сәтті пайдаланған Юрий Перцух таразы басын теңестірді. 29-минутта екінші сары қағазын алған "Жетісу" қорғаушысы Филип Иполе алаңнан қуылды. Араға екі минут салып Игорь Сергеев командасын алға шығарды.

Ойынның 60-минутында Шабанов тағы да қателесті. Бұл жолы Дубайич қателікті сәтті пайдаланып, Премьер-лигадағы дебюттік голын соқты. Ал 71 және 74-минуттарда Игорь Сергеев командасының төртінші және бесінші голын соқты. Бір қызығы Өзбекстан құрамасының шабуылшысы үш голды да баспен соқты. Кезекті рет жеңіліске ұшыраған Ринат Алюетов шәкірттері 1 ұпаймен ең соңғы орында тұр. Қоржынында 12 ұпайы бар "Ақтөбе" тоғызыншы орынға табан тіреді.

Сонымен қатар "Тобыл" Қазақстан Премьер-лигасының оныншы туры қарсаңында "Атыраумен" кездесті. Матч Қостанайдағы "Тобыл Аренада" өтіп, 2:0 есебімен аяқталды. Ойынның 80-минутына дейін қос команда гол соға алмады. "Атырау" футболшысы Петр Гжельчак қақпашымен жеке-дара шығып, мүмкіндігін пайдалана алмады. Ал бұған жауап ретінде Серікжан Мужиков 80-минутта есеп ашты. Ал қосымша уақытта Жереми Манзорро осы маусымдағы алғашқы голын соғып, командасына жеңіс сыйлады. "Тобыл" бұл ойыннан кейін 21 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Ал соңғы бес матч бойы жеңілмеген "мұнайшылар" 11 ұпаймен оныншы орында қала берді.

"Тұран" Қазақстан Премьер-лигасының оныншы туры аясында петропавлдық "Қызыл-Жарды" қабылдады. "Түркістан Аренада" өткен матч 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Қос команда да ойынның соңғы минутына дейін гол соға алмады. Тек матчтың қосымша уақытында "Қызыл-Жар" қақпасына пенальти белгіленді. Стефан Живкович бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. Екінші матч қатарынан жеңіске жеткен түркістандық клуб 9 ұпаймен он бірінші орынға көтерілді. 14 ұпайы бар "Қызыл-Жар" алтыншы орынын сақтап қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу