Ақтөбеде ер адам тоқалы болуға көнбеген қызды ұрып-соққан

2549

Сот оған 29 170 теңге айыппұл салған. 

Ақтөбеде ер адам тоқалы болуға көнбеген қызды ұрып-соққан

Ақтөбелік ер адам өзіне екінші әйел болуға көнбеген қызды әйелі мен балаларының көзінше ұрып-соққан. Сот оған 30 мың теңге айыппұл салған,  деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, қыз бір кездері онымен кездесіп жүрген. Кейін отбасылы екенін біліп, қарым-қатынасты үзеді. Ол сонда да қыздың соңынан қалмай, тоқалы немесе көңілдесі болуды ұсынады. Ал 8 наурыз күні құттықтап келгенін айтып, қыздың есік алдына шығуын сұрайды. Ол келген кезде күштеп үйіне алып кетіп, онда әйел, бала-шағасының көзінше төрт сағаттан астам уақыт ұрып-соғып, тепкілеп тастайды.

Қыздың айтуынша, абъюзер алкогольді ішімдік ішкен мас күйінде болған. Осы уақыт ішінде ол қыздың "екінші әйел" болуын талап етіп, заңды некедегі әйелінің "оған көнетінін, екі баламен көнбей қайда баратынын" айтумен болады. Жанұшырған қыз полицияға хабарлауын сұрағанмен, еркектің әйелі оның әке-шешесін шақырған. Жақындары келгесін ашулы кісіні тыныштандырып, қызды үйіне әкеп салады.

Жәбірленуші ертеңіне полицияға шағымданған. 

"Бұл дерек бойынша сол күні-ақ сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жиналған материалдар сотқа жолданды", – деп хабарлайды ПД баспасөз қызметінен. Қатты таяқ жеген қыз "басынан соққы және басқа да дене жарақаттарын алған" деген диагнозбен ауруханаға жатып шығады. Қазіргі күні ол күндізгі стационарға көшірілген, жүріп-тұруды әлі де ауырсынады екен.

Істі қараған сот ер адамға 29 170 теңге айыппұл салып, үш айға дейін жәбірленушіге жақындамау жөнінде шешім шығарады. Арызданушы талап сот шешімімен келіспей отыр. Олардың құқығын қорғаумен айналысып жатқан "НеМолчиKZ" тобы ер адамның әрекетін Қылмыстық кодекстің адамды ұрлау, еркінен айыру баптары бойынша емес, отбасылық-тұрмыстық дау ретінде әкімшілік баппен қарағанына наразы.

Себебі бұл бап бұрын бірге тұрған немесе сол мезетте бірге тұратын, ортақ балалары бар ерлі-зайыптылдарға қолданылады, ал қыздың бұл санатқа кірмейтіні айдан анық. Болған жайдың жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін сараптаған құқық қорғаушылар айыпталушы азамат қоғамға қауіп төнгізуі мүмкін деген пікірде. Сол сияқты, оның заңды некедегі әйелінің де ерінен әбден қорқып, жасқанып қалған болуы әбден мүмкін. Күйеуі көзінше "екінші әйел боласың" деп бейтаныс қызды әкеп сабаған, ондай кезде тәртіп сақшыларын шақыруға да батылы жетпеген келіншектің қылығын басқаша бағалау мүмкін емес. 

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу