Жиренқопа ауылындағы шаруалар жиынында көптің қызығушылығын тудырғаны абсолютті салмақтағы қошқарлар көрмесі болды.
Ең семіз қошқарды – "Туған жер" шаруа қожалығы әкеліпті. Қазақтың құйрықты қылшық жүнді асылтұқымды қошқарының салмағы 120 келі тартады. Көрмеге әкелген қошқарлардың салмағы 100 келіден төмені болмады.
Баяғы шопандар слетінің ізімен өткен этнофестивальдің мақсаты – ата кәсіп мал шаруашылығын насихаттау дейді ұйымдастырушылар.
Қой қырқып жарысуға ниет білдіргендер арасында жалғыз әйел адам да бар. 50 жастағы Гүлшат Арыстанова мәдениет саласында еңбек етеді.
"Ауылда өскен, тұратын кез келшен адам қолына қайшы ұстап, қой ұырқа алады ғой. Жігіттерден қалмай, мен де бағымды сынап көргім келді", – дейді Өтек ауылының тұрғыны Гүлшат.
Қырқым жарысында Фархад Оразымбетовке тең келер ешкім болмады. Ол тұсақ малды 3 минут 50 секундта қырқып, жеңімпаз атанды. Шопандар слетінде ауыл балалары да байқаулардан тыс қалмады. Әсіресе, тоқты көтеру жарысы өте қызықты өтті.
"Атым – Мерхат. Жасым – 10-да. Өзім күреспен айналысам. Жеті жаста болған кезімде кішкентай қозыны екі рет көтердім де, шаршап қалдым. Ал бүгін 17 келі болатын қозыны 32 рет көтеріп, бірінші орын алдым", – дейді Мерхат Айтқұл.
Этонофестивальде жігіттер жағы қасапшылықтан, садақ тартудан сынға түссе, келіндер табақ тартып жарысты.
Ұйымдастырушылар байқау жеңімпаздарын елеусіз қалдырмады. Барлығына бағалы сыйлықтар үлестірді.