Ақтөбеде тұрғындар пәтерінде жәндік қаптап кеткеніне шағымдануда

947

Ақтөбеде бесқабатты үйдің тұрғындары  белгісіз жәндіктен жапа шегіп отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ақтөбеде тұрғындар пәтерінде жәндік қаптап кеткеніне шағымдануда Фото: inbusiness.kz

Ескі қалада тұратындар үш-төрт жылдан бері ұсақ жәндікпен алысып келе жатқандарын айтып отыр. Біреулері бүрге десе, енді бірі шіркей деп топшылайды. 

- Бұл үйге төрт жыл бұрын көшіп келдім. Содан бері осы проблема шаршатты. Терезені қымтап жапсам да, қаптап кетеді. Түнде  қолым жыбырлап, дуылдап, мазам кетті. Не болып қалды деп ойласам, осы қара жәндіктен шығар. Қасынып, қызарып  кетті. Небір препарат, дихолофос, бәрін септім. Көзін жою мүмкін емес. Бүгін жинап алдым ба, ертеңіне тағы терезенің алды толып кетеді. Перденің бәрі қара жәндікке толып тұрады. Қайта-қайта сыпырып алам, бірақ, азаятын емес. Меніңше, шатырдан келетін секілді. Көгершіннің өлекселері бірдеңеден таралып жатпаса,- дейді Вера Щербула есімді тұрғын.
Беймәлім жәндіктің залалын тартып отырғандардың дені – бесінші қабатта тұратындар. Шіркеймен әркім өз бетінше күресіп әлек. Қарапайым серіктестікке бұл туралы шағым айтпапты. Проблеманы әлеуметтік желіге жариялауды жөн санапты. Серіктестік төрайымы  да ешбір арыз түспегенін айтады. Жылына екі мәрте  жертөлені дезинфекциялайды екен. Ал техникалық қабаттағы шатырды бақылау міндетіне жатпайтынын айтып түсіндірді.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер әрбір көпқабатты үйдің шатырын, жертөлесін қадағалап, зянкестерге қарсы улауға пәтер иелері кооперативі немесе қарапайым серіктестік жауап беретінін айтты.

- Тұрғындар негізі  өздерінің КСК, ОСИ-ларымен жұмыс жасағаны дұрыс болады.  Олар жылына 2 рет , кем дегенде бір рет  улау жұмыстарын жүргізуге міндетті. Ал дератизацияға келсек,  қазіргі уақытта конкурстық құжаттамалар,  өтінішті қабылдау  жалғасып жатыр. Мамыр айында толық бітіп, мердігер мекеме анықталғаннан кейін қала аумағындғы қоқыс жәшіктерінінің айналасына   дератизация жүргізу басталады,- деді  Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов. 
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу