Ақтөбедегі қанды төбелеске Ішкі істер министрі үн қатты

12138

Бұл оқиғаның өрбуі күтпеген сипат алды. 

Ақтөбедегі қанды төбелеске Ішкі істер министрі үн қатты

Оқиға Ақтөбе облысында болған.Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдықтар түн ішінде сиырларды азан-қазан қылып, көлікке тиеп жатқан барымташылардың үстінен түседі. Олар тұра қашқан, тек біреуі қолға түсіпті. Күш пен қаражат жұмсап адал өсірген малын ауыздан жырып, қолды ете беретін ұрлықшылардан әбден зәрезап болған ауылдықтар әлгіні аяусыз сабайды. Соққылау-тепкілеу барысын өздері видеоға түсірген, кейін ол жұртшылық арасында таралып кетеді.

Ашынған тұрғындар мұнымен шектелмей, күдіктіні 8 сағатқа қамап тастайды. Осы әрекеттер жергілікті полиция өкілінің көзінше болған.

Бұл, әрине, заңсыздық. Құқықтық мемлекетте ешкімді сотсыз, тергеусіз жазалауға жол берілмеуі керек. Оның үстіне оқиға орнында құқық қорғау органының өкілі болса, ол мұны тоқтатуға тиіс болатын.

Сондықтан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен, Ақтөбе облысының полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы әрекетсіздігі үшін полицияның учаскелік инспекторы Б.Боранбаевқа қатысты қызметтік тергеу жүргізуде. ІІМ басшысының айтуынша, тергеу нәтижесінде айыпты лауазымды тұлғалар жазаға тартылатын болады.   

"Ақтөбе қаласының Астана ауданының №2 полициясының қалалық бөлімі 2019 жылғы 26 қарашада Е.Бөринге тиесілі 3 ірі қара малды ұрлауға талаптану фактісі бойынша М.Жаветов пен Б.Бақтығалиевке және басқаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 2-тармағы (ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау), 24-бабының 3-тармағы (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша іс қозғалды. Алайда 2020 жылғы 22 қаңтарда жәбірленуші Е.Бөрин мен күдікті М.Жаветов арасында бітімге келу келісімі бекітілді. Тиісінше, сотқа дейінгі тергеу жүргізетін орган тараптардың татуласуына орай М.Жаветовке қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарды", – дейді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Егер бітіспегенде, мүлкi тәркiленiп, 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылып кете баратын еді. Былтырдан бері елімізде барымта үшін жаза қатайтылды.

Дегенмен, қазіргі кезде сабалған адамның әйелі құқық қорғау органдарын жағалап, әділет іздеуде.

Алмагүл Жаветова айтады: 

"Менің жұбайым Марат өзінің "Газель" машинасымен жүк тасымалдаумен айналысады. 2019 жылғы 25 қарашада белгісіз бір адамдар оны ірі қара мал жеткізу үшін жалдайды. Содан ол алданып, сиыр ұрлығына еріксіз тартылған. Салдарынан оны жәбірленушілер ұстап алып, Ақтөбе облысының полиция қызметкерлеріне тапсырады. Оны жалдаған адамдар жергілікті тұрғындар келгенде тұра қашқан. Ал жұбайым болса, не болып жатқанын түсінбей, орнында отыра беріпті. Өйткені ұрлыққа келгенін білмеген, тек сиырларды бір жерден басқа жерге абыроймен тасымалдау жайын ойлаған. Нәтижесінде, зардап шеккендер оны сол жерде аяусыз соққыға жығады. Артынша 8 сағаттан аса уақыт бойы заңсыз ұстаған. Осының барлығы учаскелік инспектор Боранбаевтың көзінше жүрген. Мұның сыртында автокөлігін бұзып тастапты. Оны жөндеу шығыны 400 мың теңгеден асады", – дейді жүргізушінің зайыбы. 

Ол күйеуін ұрып-соғу және полиция қызметкерлерінің озбырлығы фактісі бойынша ешқандай әрекет жасалмағанына наразы. Барлық тергеу жұмыстары ірі қара малды ұрлау айналасында жүріп, сонымен тоқтаған.

Әйтпесе, адамның соққыға жығылуы бойынша сотқа дейінгі өндіріс ашылмаған, жүргізушінің қанға бөккен киімдері алынбаған, бейнебақылау камераларының жазбасы тәркіленбеген, сот-медициналық сараптама жүргізілмеген, ешкім тергелмеген, айғақ жиналмаған, тіпті факті тіркелмепті.

Алмагүл Жаветова әділдік талап етіп, алдымен Ақтөбе облысының полиция департаментіне өтініш жазады. Одан ешқандай пәрмен болмағасын, ішкі істер министріне жүгінген. Енді ІІМ басшысы өз қызметкерлерін жазалауға бел буып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу