Ақтөбедегі мұнай ісінің жай-жапсары белгілі болды

14793

№2 қалалық сотта қылмыстық топтың "қара алтынды" ұрлау мен мұнай өнімдерін заңсыз сату схемасы жарияланды.

Ақтөбедегі мұнай ісінің жай-жапсары белгілі болды

Тергеу материалдары бойынша Еркін Ізбасаров бастаған "Төрт ағайынды" ұйымдасқан қылмыстық тобы біраз уақыт бойы басшысы құрған нақты жоспар бойынша әрекет еткен. Бұл – өз көшбасшысы, көмекшілері мен орындаушылары бар бүтін бір қылмыстық ұйым. Әркімнің өз міндеті болған.

Іс материалдарында көрсетілгендей, 30 жасар Нұрболат Қайырбаев өткен жылдан бері мұнай және оның өнімдерін ұрлау және заңсыз сатумен айналысқан Еркін Ізбасаровтың қылмыстық топқа қатысқан. Сол кезде Нұрболат Қайырбаев ұрланған "қара алтынды" тасымалдау үшін ауылдастары Аксаков, Миралин, Сарамбетов және Чиковты тартқан.

Топтың ішінде қатаң тәртіп орнатылып, түгелі басшының сөзіне қарсы келмей бағынған. Топтың әр мүшесін Ізбасаровтың өзі, сондай-ақ, оның көмекшілері – Мұхамедьянов пен Сәрсенов бақылаған. Соңғы екеуі жүктің белгіленген орынға толассыз жеткізіліп отыруын бақылап отырған. Барлық мәселе Ізбасаровпен жеке кездесулерде шешіліп отырған, ол кездесулер телефон арқылы шартты сөз орамдары пайдаланылып ұйымдастырылған және құпия сақталған. Ізбасаров негізін қалаған қылмыстық топтың тұрақты байланыстары болды. Топқа үнемі жаңа мүшелер тартылып отырған. Олар, тіпті, өз қылмыстық тобына діни радикалдарды тартудан да тайынбаған.

Өз қызметін заңды жүргізу үшін олар Ақтөбе облысында бірнеше шағын кәсіпорынды тіркейді.

"Ізбасаров, Мұхамедьян, Сәрсенов және Қайырбаевтың қылмыстық әрекетінің іске асырылуына көп мөлшерде мұнай өнімдерін сақтауға мүмкіндік тудырған "Автодор МК" ЖШС, "Асад плюс" ЖШС, "Транзит" жанармай құю бекетінің мемлекеттік мекемеде тіркелуі жәрдемдесті", – деп оқып берді тергеу судьясы Зинаида Шмирова.

Қалғаны схема бойынша: Ізбасаровтың басшылығымен Сәрсенов пен Қайырбаев мұнай өнімдерін заңсыз сатумен айналысатын адамдарды іздеген. Оларға тасымалдау үшін көлік беріп келіскен. Заңсыз қолға түсірілген мұнай өнімдерін жеткізіп, "Транзит" жанармай құю бекетіндегі арнайы қоймаға түсірген, бұл өнімдер сол жерден тікелей Ресей нарығына жөнелтілген.

Іс материалдарында айтылғандай, "Мұхамедьянов және жеке басы анықталмаған бірнеше тұлға сауда орындарын іздестіріп, мұнай өнімдерін сатумен айналысқан".

Келісім жасалғаннан кейін түскен қаражаттың бір бөлігі топ мүшелеріне үлестірілген, ал қалған бөлігі қайтадан мұнай өнімдерінің жаңа партиясын сатып алу үшін "іске салынған". Қаражаттың үлестірілуін Ізбасаров өзі қадағалаған.

Айта кетерлік жай, қылмыстық топқа прокуратураның бұрынғы қызметкерлері де мүше болған. Мүмкін, қылмыстық топтың ұзақ уақыт бойы табысты жұмыс істеп тұруы осы кісілердің қадағалау органдарындағы көп жылдық жұмыс тәжірибесі арқасында болар.

Алайда, жан-жақты пысықталған жүйе биылғы жылдың көктемінде сыр бере бастады. 1 сәуірде Мұхамедьянов пен Сәрсенов дизель отынын жалған құжаттар бойынша сату туралы ресейлік сатып алушылармен келіскен. 2 сәуірге қараған түні 97 мың литр мұнай өнімі артылған автоцистерналар Ақтөбеден Ор қаласына қарай бет алды.

Бірақ аздан соң оларды полиция тоқтатты. Заңсыз жүк 14,5 млн теңгеге бағаланды.

Ақтөбе №2 қалалық соты 9 желтоқсаннан бастап 12 күдіктіні екі ай мерзімге қамауға алуды бекітті, олар: Е.Ізбасаров ("Төрт ағайын" қылмыстық тобының басшысы), Б.Батыров, Н.Қазкенов, С.Дусупов, Е.Еркетаев, А.Амитов, Ж.Ільясов, А.Қалиев, А.Сәрсенов, А.Сарамбетов, Н.Қайырбаев және В.Аксаков.

Күдіктілерге екі қылмыстық баппен айып тағылып отыр. ҚР ҚК 197-бабы 4-бөлімі "Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ, мұнайды қайта өңдеу" және ҚР ҚК 262-бабы 2-бөлімі "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу". Бірінші бап бойынша олардың мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін, екіншісі бойынша мүлкін тәркілеумен 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске сала кетсек, 7 желтоқсанда Ақтөбе және еліміздің өзге аймақтарында ҰҚК, ІІМ және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлесіп өткізген арнайы операция барысында мұнай және мұнай өнімдерін ұрлау және заңсыз сату, сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам тұтқындалды.

Дәлірек айтсақ, арнайы операцияның бастапқы кезеңдерінің бірі "Ақтөбе мұнай өңдеу" зауытының аумағында өткізілді.

8 желтоқсанда қылмыстық топтың басшысы Еркін Ізбасаров Алматыдан Ақтөбеге осы  іс бойынша жауап алу үшін арнайы рейспен жеткізілді.

Әзірге құқық қорғау өкілдерінен жан-жақты баяндалған мәлімдеме алуға мүмкіндік болмай отыр. Тергеу судьясы Шмирова топтың барлық мүшесі тұтқындалған жоқ дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу