Ақтөбенің әжелері диірмен тартып жарысты

2943

"Ұлттық мұра" атты шара – Ақтөбенің 154 жыл толуына орай өтіп жатқан шараның бірі.

Ақтөбенің әжелері диірмен тартып жарысты Фото: inbusiness.kz

Тары тақырыбының таңдалуы тегін емес. Ақтөбенің Ойылы – тарының отаны. Атақты тары өсіруші, рекордшы Шығанақ Берсиев – осы өлкенің  тумасы.

Соңғы уақытта ұмытылып бара жатқан тары түю мен диірменде талқан тартуды жастарға насихаттау мақсатында апалар орталық алаңға жиналды.

Кимешекті апалап, әжелер диірменде тарыны қалай жармаға айналатынын көрсетті. Шараға 50 адам қатысты.

"Диірмен – маған таңсық емес. Өзім тарының отаны – Ойылдан келдім ғой. Мынау әжемнің қолы тиген, талай талқан тартқан диірмені. Бала кезімізде тарыны қаралап, ақтап, осылай талқан қылдық. Артынша жент жасайтынбыз. Қазір ғой, техниканың заманы, бәрін токқа қосып дайындай қояды. Әжелеріміз әндетіп отырып, шаруаны тындыратын. Әрі дене еңбегі, ой бөлінеді", – дейді Гүлжаһан Мейманқызы.

Ал ардагер ұстаз Маржан Бақтыгереева диірмен тартқан кезін былай еске алды:

"Бойжетіп қалған кезіміз. Ауылда киноға бару үшін шешеміз тарыны ақтап, диірменге тартып кет деп тапсырма беретін. Сол үшке дейін бәрін сақадай сай ететінбіз".

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2023 жылды Халықаралық тары жылы деп жариялады. Бұл дақылдан жасалатын жент – бүгінде Ақтөберің брендіне айналды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу