Ақылды баласы бар барлық ата-анаға қуанышты жаңалық

83

Болашақта қазақстандық оқушыларға мектепте жүріп-ақ "академик" атану, ғылыми атақ алу мүмкіндігі берілуі мүмкін.  

Ақылды баласы бар барлық ата-анаға қуанышты жаңалық Фото: geniusbox.in

Әлеужеліде таяуда шу көтеріліп еді: Қазақстанда диссертацияларды енді тек плагиатқа ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллектінің (ЖИ) білінер-білінбес "іздеріне" де тексереді екен дейді.

Сонымен қатар, кез келген докторант, тіпті ChatGPT-ден мәтіннің жазылу стилін сәл ғана түзетіп беруді сұраған адам да күдікке ілігеді-мыс, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Академиялық ортадағы толқулар ізінше су сепкендей басылды. Қазақстанда диссертация жазу кезінде ЖИ-ді пайдалануға толық тыйым салынған жоқ. Саясат Нұрбектің командасы ғылымды өткен ғасырға лақтырардай радикалды қадамға бармады, барынша ұстамды шешіммен шектелді: Ғылым және жоғары білім министрі міндетін атқарушының 2025 жылғы 20 тамыздағы №421 бұйрығында ең алдымен "ЖИ-ді сілтемесіз пайдалануға тыйым салу" туралы айтылған.

Ереже қарапайым: ЖИ-ді пайдаланғың келе ме? Қандай тұсы ЖИ өнімі екеніне сілтеме жаса. Сілтеме жасамадың ба, демек, елді алдауға бардың.

"Плагиат фактілері немесе жасанды интеллект технологияларын пайдаланып оларға сілтеме бермегені анықталған кезде Диссертациялық кеңес комиссиясы диссертацияны плагиатқа тексереді", – делінген құжатта.

"Ғылым министрлігі рұқсат етілген шекараны белгілеуге ұйғарды: ЖИ зерттеушінің арсеналында қалады, бірақ оған көмекшінің ғана рөлі беріледі. Оны, мысалы, деректерді статистикалық өңдеу үшін пайдалануға болады. Бұл ретте бүкіл мәтінді жазуды машинаға тапсыруға, плагиатты сол арқылы "тазалауға", 13 жасқа толмаған балаларға қатысты немесе құпия ақпараттары бар зерттеулерде ЖИ-ді қолдануға тыйым салынады", – деп жазды A-articles.kz.

Салдары салмақты: егер бұзушылық диссертация қорғауға дейін анықталса, қорғаудан бір жылға шеттетілуі мүмкін. Қорғаудан кейін әшкереленсе, жағдайы қиындай түседі: ғылыми дәрежеден айыру және "сенімсіз" ізденушілердің қара тізіміне ену қаупі бар.

Цифрлық макияж: детекторлар DeepL алдында қауқарсыз ба?

Жалпы, бүкіл әлемде ғылыми жұмыстарда ЖИ қолдануға ешбір ел түпкілікті тосқауыл қоя алмауы мүмкін. Тексерулерді айналып өтуге маманданған сарапшылар мен сервистер әртүрлі әдістерді біріктіре отырып, ЖИ-дің "ізін" жоюға машықтанып алды. Технология қарапайым: мәтін Quillbot сияқты қайта фразалаушы сервистер арқылы өткізіледі, содан қалғанын сүзіп, табуға терең рерайтинг сервистері жұмылады.

Сондай-ақ, мамандардың мәліметінше, диссертация мәтінін DeepL Write сервисінің көмегімен "гуманизациялауға" (адам жазғандай сипат беруге) болады. Бір сарынды конструкциялар жойылып, жанды тілге тән, тіпті орашолақтау орамдар қосылады. Осының бәрі біткен соң, тіпті қырық жыл академик болған тексерушінің өзі немесе үздік детектор-алгоритм де ЖИ жазған еңбекті ғалым жазды деп қапысыз таниды.

Автор мен детектордың күресі итжығыс түседі: бұл балалардың "тышқан мен мысық" ойыны сияқты, сәттілік бірде олай, бірде былай болады. Сондықтан алдағы уақытта да нейрожелілер диссертация жазудың құралы болып қала береді. Оның үстіне, қазақстандық реттеуші бұл есікті тарс жауып жатқан жоқ, тек кіреберіске "алдын ала мақұлдау" түріндегі шартты турникет қойып жатыр. Докторант ЖИ-ді тек келесі тұлғалардың ақ батасын алғаннан кейін ғана қолдана алады:

  • ғылыми жетекшісінің (немесе консультанттың);
  • ЖОО әдеп комиссиясының жазбаша келісімін алуы шарт.

Сондай-ақ ресми түрде ЖИ-ді "қосымша" мақсаттарда пайдалануға рұқсат етіледі, мысалы: үлкен деректердің (Big Data) массивтерін талдау; статистикалық модельдер құру; заңдылықтарды іздеу; сауалнамаларды немесе әлеуметтік зерттеулерді өңдеу; Scopus, PubMed және басқа да ашық базалармен жұмыс істеу кезінде.

Тонналаған қағаз бір қуатты моторға татымайды

Бұл ғылыми тығырықтан шығудың бір жолын көрші Қытай ұсынды. Шың елі инженерлік пәндер бойынша магистрлік және докторлық дәрежелерді енді диссертация үшін емес, нақты нәтиже – шынымен жұмыс істеп тұрған және сараптамадан өткен прототип, патент немесе дайын өндірістік технология үшін беруге кірісті, деп жазды Nature.

Бүгінде Қытай әлемдегі барлық патенттік өтінімдердің жартысына жуығына ие және кез келген басқа елге қарағанда көбірек ғылыми мақала жариялайды. Бір қарағанда, жаһандық жетістіктей көрінеді. Бірақ бұл ханзу елінің бас ауруына айналып кетті. Ғалымдардың бұл "жемісінің" едәуір бөлігі қағаз жүзінде ғана қалады.

OnlinePatent түсіндіргендей, бұл мәселенің түп-төркіні 1990-жылдардың соңынан басталды: сол кезде ғылыми жорналдардағы жарияланымдар ҚХР-дағы зерттеушілерді бағалаудың басты критерийіне айналған еді. SCI және SSCI индекстеріне кіретін жорналдардағы мақала ғалымның мансап-жетістігін айқындайтын: оның жобаларын қаржыландыру, биік лауазым иеленуі, дәрежелерді беру, тіпті докторлық диссертацияны қорғауға рұқсат алудың өзі мақала жариялауына байланысты болатын.

Бұл процесті ынталандыру үшін университеттер өз зерттеушілеріне әрбір жарияланым-мақаласы үшін бонус төледі. Жергілікті емес, Батыс жорналындағы жаратылыстану ғылымдары бойынша мақала үшін орташа сыйақы мөлшері 43 783 долларды құрады, ал, максималды төлемдер бір мақала үшін 165 000 долларға жетті. Атап өтер жайт, қытайлық профессорлардың 85%-ы жылына 23 000 доллардан аз табыс табады. Яғни, олар Америкада не Еуропада бір ғана ғылыми мақала жарияласа, жылдық жалақысынан 7 есе көп бонус-табыс алатын. Бұл шығыс көршіде бизнестің жаңа түрін туындатты.

"Қағаз генералдары" және мәтін фабрикалары

Демек, ҚХР-да "қағаз генералдары" (纸上将军) феноменінің пайда болуы таңқаларлық емес, табиғи үрдіс еді. Қытайда шетелде мақала жариялау жөнінен көрсеткіштері кіршіксіз, бірақ ғылымды дамытуға қосқан үлесі жоққа тән ғалымдарды "қағаз генералы" деп атайды.

Бұл жаңа индустрияның ауқымы Ухань университетінің зерттеуінде жақсы сипатталған: 2009 жылдың өзінде-ақ Қытайдағы жалған ғылыми жұмыстар мен зерттеулер, фейк жорналдар нарығы 150 млн долларға жеткен еді. Ал, одан кейінгі небәрі 2 жыл ішінде 5 есеге өсіп үлгерген!

"Фабрикалардың" қызметі саналуан: қаласаңыз, тапсырыспен мақала жазып береді, оның жергілікті және шетелдік жорналдарда басылатынын кепілдендіреді. Тапсырыс берсеңіз, дап-дайын диссертация ұсынады. Бағалар 1 еңбек үшін 26 300 долларға дейін жетеді.

Қытайдың CCTV мемлекеттік телеарнасының 2025 жылғы зерттеуі көрсеткендей, "мақала-мәтін фабрикалары" деп аталатын ұйымдардың қызметкерлері ЖИ-боттардың көмегімен әрқайсысы аптасына 30-дан астам академиялық мәтін шығаруға қабілетті. Уханьдағы агенттік жыл сайын 40 мыңнан астам тапсырысты өңдейді екен.

Мұндай масқараға тоспа құру үшін былтырдан бері Қытай ғылымға деген көзқарасты түбегейлі қайта қарауға кірісті. Реформалар жүргізіп жатыр: оның ішіндегі ең көрнектісі "Бұлтартпас бес критерийді жою" деген жарқын атаумен басталған науқан.

Оның мәні қарапайым: бұрын ғалымдардың аяқ-қолын матап тастайтын 5 критерийге – ғылыми жорналдарда жарияланған мақалалар санына, гранттарға, ғылыми атақтарға, дипломдар мен марапаттарға соқыр тәуелділік тоқтатылуда. ҚХР Білім министрлігі Ғылым және технологиялар министрлігімен бірлесіп, университеттерге жарияланымдар саны бойынша міндет қоюға және олар үшін ақшалай бонустар төлеуге тыйым салды. SCI-жарияланымдар саны дәрежелерді беру, ғылыми қызметкерлерді жұмысқа алу және лауазымда жоғарылату кезіндегі басты маркер болудан қалды.

Таяуда қолданысқа енгізілген дәрежелер туралы заң үлкен серпіліс болды. Ол заңнамалық деңгейде алғаш рет магистрлік немесе докторлық дәрежені үйреншікті диссертация қорғау арқылы емес, практикалық нәтижелерді қорғау арқылы алу мүмкіндігін бекітті.

Үйреншікті диссертацияның орнына кандидат-докторант енді қорғауға төрт нұсқаның бірін ұсына алады:

  • бұйымның немесе жүйенің қолданыстағы прототипі;
  • жаңа өндірістік процесс немесе технология;
  • өндіріске енгізіліп қойған өнеркәсіптік шешім;
  • жұмысқа қабілеттілігі демонстрацияланған патент.

Қорғау үдерісі құрамына ғалымдар, саланың тәжірибелі инженерлері кіретін комиссия алдында өтеді. Бұл теориялық бағалау мен практика арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Жаңа бағдарламаның алғашқы түлектері 2 100 магистрді құрады: олардың 71%-ын бағдарламаға қатысушы кәсіпорындар бірден таратып алып, жұмыс ұсынған. Қытай жаңа моделді енді барлық 67 кәсіби инженерлік дәреже санаттарына енгізуді жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай магистрлік және докторлық бағдарламаларды ұсынатын жоғары оқу орындарының жартысынан астамы осы тәсілдемені қолданады.

Қағаз диссертация орнына нақты технология ұсынып, ғалым атанған түлектердің үлгісі назар аудартады. Чжэн Хэхуэй 2026 жылғы қаңтарда Lego конструкторы сияқты жиналатын көпір тіректеріне арналған модульдік болат блоктарды жасап шыққаны үшін ғылыми дәрежесін алды. Бұл блоктар Янцзы өзеніндегі алып аспалы теміржол-автомобиль көпірінің құрылысында қолданылды. Вэй Ляньфэн атом реакторларын жасауда қолданылатын вакуумдық лазерлік дәнекерлеу технологиясын ойлап тапқаны үшін ғалым атанды.

Инноватор тұзағы: патенттер "Қоқыс 2.0"-ге айналмай ма?

Қазақстан да көршісінің озық үлгісін алып, ғылыми дәрежелерді нақты жетістіктер үшін бере бастауына болады. Бұл Президент айтқан ғылымды инновация жолына түсірудегі нақты қадам болар еді.

Бұл жағдайда елімізде тіпті мектеп оқушылары да ғылыми дәрежеге үміткер бола алар еді. Әрине, егер жас дарындардың өнертабыстары шынымен назар аударуға тұрарлық болса. Qazpatent хабарлағандай, мысалы, таяуда "Шапағат-2025" өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің республикалық байқауының комиссиясы 7-сынып оқушысы Арина Кудяковаға "Жас дарын" атағын берді. Абай облысы Жезкент ауылынан келген Арина IT саласында "Жолаушы" атты "жүргізушінің жағдайын бақылайтын зияткерлік жүйе" жасап шықты. Өйткені ұзақ жолда жүргізушінің қалғып кетуі бүкіл әлемде көптеген апатқа себепші.

Нағыз практик әрі инноватор, "ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы", жуырда ғана еңбек демалысына шыққан алматылық Аркадий Ким де бір емес, бірнеше салада докторлық дәрежені ала алар ма еді? Мансабы барысында ол 80-нен астам патент пен 120-дан астам техникалық шешімнің авторы-теңавторы болды.

Qazpatent-тің дерегінше, 2026 жылғы наурыздағы жағдай бойынша, Қазақстанда барлығы 2 869 өнертабыс, 4 208 пайдалы модель, 1 307 өнеркәсіптік үлгі, 446 селекциялық жетістік тіркелген.

Қазақ елінің бұл саладағы жетістігі қомақты. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ, World Intellectual Property Organization) хабарлауынша, Қазақстан өнертабыстар мен патенттер санының өсуі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кіреді. Егер отандастарымыз 2023 жылы ДЗМҰ-ға пайдалы модельдерді тіркеуге 1 188 өтінім берсе, 2024 жылы олардың саны 1 576-ға дейін артты.

"Қазақстан – табысы төмен және орташа елдерде тұрақты тұратын өтінім берушілер жолдаған пайдалы моделдерді тіркеу өтінімдерінің саны бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Бразилия резиденттері 3 047 өтінім берді: бұл Қазақстанның өтінім берушілерінен (1576) екі еседей көп. Өткен жылмен салыстырғанда өтінімдер санының ерекше өсуі келесі үш елге тән: Кения (51%), Қазақстан (32,7%) және Бразилия (27,1%)", – деп хабарлады жаһандық ұйым.

Өнертапқыш Ерболат Асылбектің ескертуінше, ғылыми дәрежені тек тиімділігі дәлелденген патенттер мен прототиптер авторларына ғана беру керек. Әйтпесе, оның пікірінше, бұл салада да "қоқыс" жетерлік.

"Ең бастысы, патент және басқасы тәжірибеге енгізуге жарамды, коммерцияландыруға лайықты, практикалық құндылығы бар болуы қажет. Сонда ғана ғылыми атақ берудің мағынасы болады. Қалғанының бәрін – мейлі ол 200 беттік диссертация болсын немесе мұқият ресімделген патент болсын, өндірістік ауқымда қаптатып жасап тастауға болады. ЖИ-ден дұрыс сұрай алсаң, жасамайтыны жоқ", – деді Ерболат Асылбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу