Ақылы автотұрақтарға қатысты Үкіметтің тосын шешімі жарияланды

534

Таяу жылдары ірі қалалардағы барлық көлік қою орындары ақылы болып кетуі мүмкін. 

Ақылы автотұрақтарға қатысты Үкіметтің тосын шешімі жарияланды Фото: ortcom.kz

Елордада тұрақтардың көпшілігі ақылы болып кетті. Салдарынан, астаналықтар мен қала қонақтары "Сарыарқа төсінде" "темір тұлпарын" тегін қоятын жер таппай қалды. Бұған қазіргі әкімді кінәлайтындар көбейді. Шынында бұған оның еш қатысы жоқ көрінеді.

"Бас қалада аттап бассаң ақы төлеуге тура келеді. Себебі, алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақ болады деген желеумен басталған жоба тұтас қаланы тұтқынға алды. Қазір Астанада 7216 ақылы автотұрақ бар екен, оны жыл соңына дейін 10 000-ға жеткізу жоспары бар екен. Сол ақылы тұрақтардан алынатын ақшада жекеменшік компанияның үлесі тым үлкен. Сағатына 100 теңгеден алады. Демалыс, мереке күндері тегін деген жеңілдікті де алып тастаған. Ақылы автотұрақтардың ақысын төлемесең айыппұл салады, сомасы – 10 000 теңгеден асады! Яғни, азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда 10 мың теңгеге шығындалуға мәжбүр. Бұл дегеніміз 100 есе көп!", – делінген Мәжілістің Үкіметке хатында.

Бұл депутаттық сауалға "AMANAT", "Ақ жол", "Respublica", "Қазақстан халық партиясы", "Ауыл" партияларының депутаттары, сондай-ақ бірмандатты депутаттар қол қойған.

Шын мәнінде, Астанадағы тұрақтарды жаппай ақылы ету бастамасы қаланы Әділбек Жақсыбеков (2014 жылғы қазан – 2016 жылғы маусым) кезінде заңдастырылды. Ол Астана қаласының әкімі ретінде 2015 жылғы 21 қазанда "Астана қаласының аумағында коммуналдық ақылы автотұрақтарды (паркингтерді) пайдалану қағидаларын" бекіткен №108-1875 қаулысына қол қойды.

Осы жобаны жүзеге асыру мақсатта жекеменшік компания – "Астана тұрақ кеңістігі–Парковочное пространство Астаны" ЖШС құрылды. "Туа сала" монополистке айналған компания 2017 жылы "Астана қаласының ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару" мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобасын жасап, ұсынды.

Оған сәйкес, бүкіл елордада 10 мыңдай ақылы автотұрақ жасақталады. ЖШС-нің сендіруінше, осының арқасында Астанада көлік қою ережелерін бұзатындар саны азаяды, автомобилін тұрақтар мен жол бойына ұзаққа тастап кететіндер қатарының сиреуі есебінен бос тұрақтар саны көбейеді. Ақыр соңында, қалада кептелістер күрт кемиді, сондай-ақ қоғамдық көліктің жылдамдығы артады. Алға оза айта кету керек, бұл уәделер сол бойы орындалмады.

Бірақ әкім Әділбек Жақсыбеков жобаны толыққанды жүзеге асыра алмады. Ол кезде билік Астанада ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесін өткізуге қызу дайындалып жатқан еді. Соның аясында астаналықтар мен қала қонақтарының ашуын туғызатын бастама уақытша әкімнің тартпасының түкпіріне тасталды.

Сонымен бірге, ақпарат құралдары жазғандай, ақылы тұрақтардың енгізілуін МЖӘ келісіміне қатысушылар арасындағы тайталас та тежеген көрінеді.

Ақылы автопаркингтер құру идеясына Астананың тізгінін ұстаған Алтай Көлгінов (2019-2022) серпін берді. Ол 2021 жылы алдымен сол кездегі Нұр-Сұлтанның басты туристік даңғылы – Нұржол бульварындағы автотұрақтарды жаппай ақылы етті. Алғашында сондағы 24 жер телімінде 487 тұрақ орнынан ақы жинау басталды.

2021 жылдың қазанында Көлгіновтың командасы Астана әкімдігінің 2017 жылғы 22 маусымдағы №108-1325 "Астанада көлік құралдарын орынтұраққа қойғаны үшін ақы алуға және олардың орынтұрақта тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрылғылармен жабдықталған орындарды айқындау туралы" қаулысына өзгерістер енгізуге бастамашы болды.

Жаңа құжат Астанадағы ақылы автотұрақтарды 20 есе көбейтуді қарастырды. Салдарынан, қала ішіндегі 535 көше мен жер телімі бойындағы 10 мыңдай тегін тұрақтардан ақы жинауға жол ашылды.

Осылайша, содан бері елорданың орталығында көлікті қою барлық жерде ақылы болып шыға келді. Бұл әу бастан МЖӘ жобасы деп жарияланғандықтан, мемлекет әп дегеннен ұтылды: көлігі бар елордалықтар мен қала қонақтарының қалтасын қағып жиналған миллиардтардан қала бюджетіне "сүйек-саяқ" сияқты бар-жоғы 5%-ы тасталады, қалғаны тегіс "әріптестердің" қоржынына түседі.

"Ескіден" қалған бұл "дәстүр" қанды қаңтар оқиғаларынан кейін сәл өзгерді. Қаланың қазіргі жаңа әкімі мен жаңа Үкімет бюджеттің еншісін 25%-ға көтере алды. Алайда қанша тырысса да одан өсіре алмапты.

Бір қызығы, ескі бастаманың былықтары тек енді ғана жариялануда. Депутаттық сауалда ақылы автотұраққа төленетін бүкіл ақшаның 95%-ы – жеке серіктеске, тек 5%-ы мемлекетке түсіп келгені айтылған. Астанадағы ақылы автотұрақтарға азаматтарымыздан 2021 жылы – 90 млн 994 мың теңге, 2022 жылы – 152 млн 466,5 мың теңге алынған.

"Мұның қаншасы мемлекетке түскенін есептеуге қиынға соқпайды. Бұл халықты қанау емес пе? Мемлекеттік мекеме құрып, түскен қаржыны толық мемлекетке түсірудің орнына бұл міндеттің неге жеке компанияға берілгені түсініксіз. 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғандағы аралықта азаматтарымыз ақылы автотұрақтарға 725 млн 995,4 мың теңге төлеген. Соның 617,3 миллион теңгесін жеке серіктестік қанжығалады, тек 108,6 миллион теңгесі қала бюджетіне аударылды. Ал, автотұрақтарды абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Жеке компанияның міндеті қандай сонда? Ақылы тұрақ арқасында қозғалыс жылдамдығы, тұрақтардың қолжетімділігі артады, көшелерде көлікті қою ережелері реттеледі деген. Олай болмады", – дейді мәжілісмендер.

Олардың мәліметінше, коммерциялық мекемелер, сауда ойын-сауық орталықтары, қоғамдық орындар, тіпті құрылыс нормалары мен қағидаларын бұза отырып, мектеп, аурухана, емхана сияқты әлеуметтік объектілер айналасындағы келушілерге арналған жерлер де ақылы автотұрақтарға берілді.

Тұрғындары тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын алаптары мен тыныш аудандарда ақылы тұрақтар пайда болды. Астанадағы саябақтар мен тұрғын үй кешендерінің айналасында ақылы тұрақтан аяқ алып жүру мүмкін емес.

"Бұлайша халық қалтасына түсу заңды ма? Ақылы автотұрақтың ақысын төлемеген халыққа салынған айыппұл көлемі тіпті қорқынышты. 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғандағы кезеңде азаматтарымызға 5 миллиард 839,1 миллион теңге айыппұл салынған! Халық төлемеймін демейді, аумағы ат шаптырым автотұрақтардың бір бұрышына ғана қойылған жұқа бағананы көру мүмкін болмай, төлемей кетеді. Қалай десек те, автокөлік мінген халықты ақылы автотұрақ арқылы қанау үлкен қателік!", – дейді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Депутаттардың шағымын Үкімет қарады. Не шешімге келгендерін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр хабарлады.

Біріншіден, ақылы автотұрақтарды мемлекет меншігіне алып, оны мемлекеттік бірыңғай операторға тапсыру ұсынысы қабылданбады. Ол үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы қажет екен.

"Президенттің 2024 жылғы 8 мамырдағы "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" №542 жарлығының орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ Президенттің тікелей тапсырмалары бойынша айрықша жағдайларды қоспағанда, 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін жаңадан құруға мораторий енгізілді. Бірыңғай мемлекеттік оператор құру экономиканың бәсекелес салаларына мемлекеттің қатысуын қысқарту жөніндегі мемлекет саясатымен үйлеспейді! Сондықтан аталған ұсыныс қолдау таппайды", – деді Роман Скляр.

Екіншіден, тұрғын үйлер айналасындағы көлік қоюға арналған орындарды ақылы етпеу ұсынысы да қабылданбапты. Өйткені оларға тұрғын үй кешендерінің тұрғындары "темір тұлпарын" онсыз да тегін қоя алады (абонемент рәсімдеуі шарт), ал, басқасы төлеуі керек деген ұстанымда.

Астана қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, елордада ақылы коммуналдық автотұрақтар қаланың орталық аудандарында, халық тығыз шоғырланған аудандардағы көлік тораптарында, сауда ойын-сауық орталықтарының айналасында, әкімшілік ғимараттар мен кешендерде және тағы да басқа жерлерде орналасқан.

"Елорда әкімдігі қаланың шекаралас аудандарында, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар объектілердің – аурухана, емхана, мектеп, балабақша, басқасының және тұрғын үйлердің аулаларында ақылы коммуналдық автотұрақтар жоқтығына сендірді. Ақылы коммуналдық автотұрақтарға іргелес орналасқан үйлердің тұрғындарына тегін тұрақтау құқығын беретін резиденттік абонементтер енгізілді", – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Алматы қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, еліміздің ең ірі мегаполисінде ақылы коммуналдық автотұрақтар оның тарихи іскерлік орталығында, сондай-ақ көрікті жерлеріне жақын жерде орналасқан.

"Ал, Шымкентте және басқа облыстарда автотұрақты, автомобиль қоятын ақылы орындарды ұйымдастыру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық акт жоқ. Осыған орай, қазіргі уақытта Мәжіліс қарап жатқан астананың және республикалық қалалардың дамуы мәселелері бойынша заң жобасы аясында облыстардың, республикалық маңызды қалалардың әкімдеріне автотұрақтарды ұйымдастыру және олардың санаттарын айқындау қағидаларын бекіту құзыретін беру бөлігінде заңнамалық түзетулер енгізу көзделген", – деді Роман Скляр.

Яғни, байбалам көтеремін деп депутаттар енді Шымкентте және өзге қалаларда көлік қою орындарының жаппай ақылы етілуіне түрткі болғанға ұқсайды. Бұл ретте әкімдерге сондай құзырет беретін заңды Мәжілістің өзі қабылдағалы тұр.

Мәжілісмендер автотұрақтардың аумағын күтіп-ұстау, мысалы, қыста қардан, өзге маусымда – қоқыстан тазалау, бояумен жолақтар түсіру, бордюрін жаңартып, жол жөндеп, асфальт төсеу сияқты міндеттерді жеке әріптестің мойнына жүктеуді ұсынды. Бұл әділетті: себебі, түсімнің басым бөлігін де сол алып қояды.

Алайда бірінші вице-премьер "оған бара алмаймыз" деп ат-тонын ала қашты. Егер "ескі Қазақстан" кезінде бекітілген мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын қайта қараса, айыппұл салынады-мыс.

Ол бүгінгі таңда коммуналдық ақылы автотұрақтар Алматы қаласында – "Алматы Паркинг" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына, ал, Астанада – "Астана тұрақ кеңістігі" (АТК) ЖШС жекеменшік фирмасына берілгенін еске салды. Яғни, тек елордада ғана МЖӘ шарты бекітілген.

"Астана қаласының әкімдігі мен "АТК" ЖШС арасында жасалған МЖӘ шартының талаптарына сүйенсек, ақылы автотұрақтардан түсетін түсімдердегі жергілікті бюджеттің үлесі 2022 жылғы желтоқсанға дейін 5% болды. Содан кейін 2023 жылдан бастап жоба аяқталғанға дейін бюджеттің үлесі 25%-ға жеткізілді. Егер кірістің арақатынасы бұдан өзгеретін болса, бюджеттің үлесі тағы артса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы әріптес үшін тиімсіз болады. Бұдан басқа, МЖӘ шарты мерзімінен бұрын бұзылса, онда бұзуға бастамашы болған тарап барлық шығыстарды, соның ішінде алынбай қалған пайданы екінші тарапқа өтеуге міндетті", – деді Премьердің №1 орынбасары Роман Скляр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу