Ақылы оқуын жалғастыруы үшін студентке арзан кредит берілмек

10107

Отандық жоғары білім саласы дағдарыс батпағына батып барады.

Ақылы оқуын жалғастыруы үшін студентке арзан кредит берілмек

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғанда бірден 25 ЖОО лицензиясынан айырылды. Айтпақшы, қазан айының басында 145 колледж 330 мамандық бойынша студент оқыту құқығын жоғалтқан.

Министрлік пен академия тартысы

"Қазақстан темір жолы" үшін мамандар даярлайтын бірден-бір ЖОО, тарихын сонау 1931 жылдан бастайтын М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының лицензиясынан айырылғаны туралы 6 қазандағы хабар көптеген адамды есеңгіретіп кетті. Өйткені онда 5 мың студент оқитыны мәлім.

Рас, ізінше ҚазККА басшылығы БҒМ-ның Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің осы ақпаратын "студенттерді, оқытушыларды және қоғамды адастырады" деп танып, ведомствоның іс-әрекеттерінің заңсыздығын жариялады. Себебі заңға сәйкес, "Академия БҒМ комитетінің шешіміне шағымдануға құқылы және сот ол әкімшілік іс жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдауы мүмкін" екен.

"Осыған байланысты қазіргі уақытта бұл шешімнің күшіне енуі және елдің жетекші мамандандырылған университеттерінің бірінің білім беру қызметін тоқтату туралы айту мүмкін емес. Оқу процесін ұйымдастыруға қойылған талаптардың уақтысынан кешігіп беріліп отырғанына назар аударамыз", – деді ЖОО басшылығы.

Осының дәлеліндей, БҒМ 2020 жылғы 20 қазанда №451 бұйрық қабылдап, 2019–2020 оқу жылының жазғы емтихан сессиясының қорытындысы бойынша босаған білім беру гранттарын ҚазККА студенттеріне берген.

БҒМ комитеті академияда сапалы профессор жоқ, өндірістік тәжірибеден өтуге жағдай жасалмаған дейді. Онда оқулық жетіспейтінін де атап көрсетті. Сарапшылар дәл осындай олқылықты елдегі кез келген ғылым ордасынан табуға болатынына назар аудартады.

"Бір жыл ішінде академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде білім беру заңнамасын өрескел бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, оқу процесі сапалы профессор-оқытушылар құрамымен, өндірістік практика базаларымен, оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптарына толық сәйкес келмейді. Бұл түлектердің жұмысқа орналасуына әсер етеді", – деді БҒМ комитеті.

Көлік және коммуникациялар академиясы оның дәйектемелерін өтірік деп отыр.

"Комитет өз хабарламасында "Атамекен" ҰКП рейтингінің деректері бойынша академияның білім беру бағдарламаларының 60%-ға жуығы жұмыс берушілердің талаптарына толық сәйкес келмейді" дегенді айтады. Бұл шындыққа жанаспайды, оны ұлттық палата да растады. Қазіргі уақытта ҚазККА мен тәжірибелік база саналатын кәсіпорындар арасында 300-ден астам шарт жасалған. Арасында "Қазақстан темір жолы", "Транстелеком", "Қазақтелеком", "Алатау жарық компаниясы" АҚ және басқасы бар. Өткен оқу жылында 1 мың 189 түлек диплом алса, соның 71%-ы жұмысқа орналасқан. Кітапхана қоры да біліктілік талаптарының шарттарына сәйкес келеді. Оқу, оқу-әдістемелік әдебиеттермен 100% пәндер қамтылған. Қорда млн-ға жуық кітап бар, электронды қор 5000-нан астам", – деп жауап қатты академия.

Қалай болғанда да, Қазақстанның жоғарғы білім саладағы күйзеліс, министрліктің ЖОО-лармен тайталасы, тіпті, батыс елдерін елең еткізді. Мысалы, Германияның Deutsche Welle халықаралық телекомпаниясы мен порталы осы мәселеге жеке сюжет пен сараптама арнапты.

Әрине, бүгінде барлық дерлік университет оқытушы жөнінен қиындық көруде. Олардың көбі техника тілін меңгермегендіктен, онлайн сабақ өткізе алмайтыны анықталған. Кейбірі одан өзі бас тартқан. Оның үстіне пандемиямен күрес шектеулеріне байланысты жетекші ЖОО-лардың шетелдік профессорлары елге келе алмады. Ақпараттық технологияның дамығанына қарамастан, олар шетелде отырып, қазақстандық студенттер үшін тұрақты әрі сапалы онлайн сабақ жүргізе алмауда.

Оқу бағасы көтерілуі мүмкін

Қазіргі кезде барлық білім ордалары жабық тұр. Біразы қызметкерлеріне еңбекақы орнына 42 500 теңге көлемінде ең төменгі жалақыны ғана төлеуде. Электр қуаты, су және басқа да ғимаратты ұстап тұру шығындары жоққа теңелді. Күзетшіден өзге техникалық персоналды жалдаудан ақша үнемдеуде. Жатақханалары студенттен босады. Оны кейбір университет карантин аясындағы шараларға жалға беруде деген сөз бар. Соған қарамастан оқу ақысы өсуі ықтимал.

Алматылық Марат Мауленов таяуда ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қазіргі күрделі жағдайда ЖОО-лар оқу тарифін қымбаттатпайтыны, керісінше арзандататыны туралы мәлімдеме жасағанын еске салды.

"Біз соған сендік. Риза болдық. Қазір балаларымыз қашықтан оқуға көшірілді. Демек шығыстары күрт азаймаса, өскен жоқ. Жуырда ұлым университетке шақырылып, қосымша келісімге қол қойып қайтты. Әрине, кәмелет жасқа толғаннан кейін ол менсіз, өз бетінше шешім қабылдауына заң рұқсат етеді. Алайда қосымша келісімді оқып отырып, шалқамнан түсе жаздадым. Онда алда жоғарғы білім беру ақысы өсуі мүмкін екені көрсетілген. Халықтың, соның ішінде менің де табысым еселеп азайып қалды. Осы кезде оқу құнын көтергені не есіргендік? "Жығылғанға жұдырық" дейді мұны қазақтар", – деп ашынады ол.

Оның айтуынша, бастапқыда оқу төлемі шамамен 600 мың болыпты. 2020 жылдың басында оны 715 мың теңгеге дейін өсірген. Енді 2021 жылы 800 мыңға, одан кейін 900 мың теңгеге дейін көтермек ниетте.

Ата-аналардың наразылығына ресми блогы арқылы жауап берген Асхат Аймағамбетов бұл жерде ештеңе істей алмайтынын жеткізді.

"Қолданыстағы "Білім туралы" Заңының 43-1-ші бабына сәйкес, жоғарғы оқу орындарына академиялық және басқарушылық дербестік берілген. Білім беру ұйымы мен шәкірт арасындағы қарым-қатынастар Азаматтық кодекс және өзара бекітілетін келісімшарт негізінде реттеледі. Тараптардың міндеттері де, оқу үшін төлемнің мөлшері де сол шартта белгіленеді. Бұл ЖОО-ның ғана құзырында. ЖОО-лар ұсынған мәліметтерге жүгінсек, қашықтан оқытуға көшкелі оқу құнының шығыстарын қайта есептеу, төмендету жүргізілмеген. Себебі оларға енді ақпараттық-коммуникациялық технологияларын модернизациялау шараларын күшейтуге, соған шығындалуға тура келуде. Бұл сапалы білім беру материалдарын әзірлеу, сабақтардың барлық түрлерін индивидуализациялау үшін керек", – деді министр.

Ол сондай-ақ студенттер төлеген ақшаны ЖОО-лар бұрынғыдай оқытушылар жалақысын төлеуге, коммуналдық қызметтер ақысына, салыққа және әлеуметтік аударымдарға жұмсап жатқанын қосты.

Яғни дистанциялы оқыту енгізілді, оқу корпустары жабылды екен деп, университеттер бәрібір оқу ақысын азайтуға бармайды.

"Министрлік барлық ЖОО-лар мен колледждерге хат жолдап, қаржылық берешегі бар студенттерге оқу ақысын кейін төлеуге мүмкіндік (отсрочка) ұсынуға кеңес-рекомендация берді. Сондай-ақ оқу ақысын төлеуді кешіктіргені үшін студенттерді оқудан шығармауды сұрадық. Бұған қоса, бүгінде Білім және ғылым министрлігі студенттерге банктер арқылы жеңілдікті білім кредитін ұсыну бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл шара шәкірттерге түсетін қаржылық жүктемені шамалы азайтады және жоғары білімді қолжетімді етеді", – деді министр А.Аймағамбетов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу