Ақылы жолдарға қарызын төлемеген жүргізушілерге жаңа жаза енгізіледі

4822

Олардың табанынан тас қою үшін Үкімет жаңа тетік әзірлеп жатыр.

Ақылы жолдарға қарызын төлемеген жүргізушілерге жаңа жаза енгізіледі Фото: inbusiness.kz

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының дерегінше, қазіргі кезде жүргізушілердің ақылы жолдар үшін дебиторлық берешегі 6,6 миллиард теңгеден асып кетті.

Соның ішінде қарыздың жартысынан көбі немесе 3,6 миллиард теңгеден астамы – шетелдіктерге, бейрезиденттерге тиесілі. Қалған 3 миллиардқа жуығы – қазақстандық көліктердің жинағаны.

Бейрезиденттер арасындағы берешек құрылымы келесідей:

·      Қырғызстанның көліктеріне – 1,6 миллиард теңге немесе 44,4%;

·      Ресейдің көліктеріне – 1,1 миллиард теңге немесе 30,6%;

·      Өзбекстанның көліктеріне – 670 миллион теңге немесе 18,61%;

·      Өзге шет мемлекеттердің көліктеріне – 230 миллион теңге немесе 6,4%-дай.

Еліміздің республикалық және халықаралық трассаларын пайдаланғаны үшін ақы төлемей (аудандық, қалалық және облыстық маңызы бар жолдарда жүру тегін), зырлап жүрген шетелдік жүргізушілердің қарызы жыл санап қарқынды түрде артып келеді.

Атап айтқанда, егер 2021 жылы ақылы жолдар үшін жалпы көлемі 164 миллион теңге ғана берешек қалыптасса, соның басым көпшілігі – 108 миллион теңгесі бейрезиденттер үлесінде болды.

2022 жылы ақылы жолдар үшін қарыз күрт өсіп 2,2 миллиард теңгеге жетті, оның еселеп өсуіне жатжұрттықтар түрткі болды. Берешектің басым бөлігі – 1,5 миллиарды шетелдіктердің, негізінен, ресейлік фуралардың қордалаған қарызы болған.

Былтырғы 2023 жылы ақылы жолды пайдаланушылар 3,1 миллиард теңге борыш болып қалды. Оның жартысынан астамы немесе 1,7 миллиард теңгесі бейрезиденттерге тиесілі болды.

Биылғы 2024 жылы ақылы жолдар үшін қарыз көлемі тағы 1,1 миллиард теңгеге артты, соның 420 миллион теңгесін шетелдіктердің қарызы құрады.

Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің ұйымдастыру-құқықтық жұмыс басқармасының бас сарапшысы Б.Қабдолдинаның дерегінше, берешектің жартысынан көбі – Қазақстаннан тыс жерде тіркелген көлік құралдарының еншісінде. Мұны статистика дәлелдеп отыр. Шетелдіктер қазақстандық ақылы жолдарды өз мақсатына белсенді пайдаланады, алайда өз тарапынан адалдық танытып, тиісті ақысын төлемейді.

Жалпы, қалыптасқан тәжірибе бойынша ақылы жолмен жүріп өтіп, сол үшін ақы төлемеген көліктер тіркеуге алынып, олардың қарызы туралы ақпарат көлік иесіне автоматты түрде жіберіледі. Ол оны 7 күн ішінде төлеуге тиіс. Сөйтпесе, "ҚазАвтоЖол" жеке нотариустерге жүгініп, өндіріп алу шараларын қабылдаттырады, банктік шоты мен картасына бұғат салдыртады.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ның Ақылы автомобиль жолдары дирекциясының Пайдаланушылармен жұмыс жөніндегі қызметі мамандарының түсіндіруінше, "KazToll" ақылы жолдармен жүргені үшін ақы алу ақпараттық жүйесі трассаларда орнатылған жүруді тіркеу жүйелерінен алынған деректермен жұмыс істейді. Мысалы, әрбір көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бойынша бекітілген тарифке сәйкес төлем есептеледі.

"Осы "KazToll" жүйесіндегі деректерді алып, біздің қызмет ақылы жолдарды пайдалану ақысын өтемеген "борышкерлердің тізілімін" түзеді. Содан кейін материалдар нотариустарға жолданады. Олар өз кезегінде дебиторлық қарызды өндіру үшін атқару жазбасын жүзеге асырады. Барлық материалдар нотариустарға жіберілмес бұрын өзектілікке, төленген-төленбегеніне қайтара тексеріледі", – деп сендірді "ҚазАвтоЖол" өкілдері.

Бірақ бұл тетік пен қысым тек қазақстандықтарға қолданылады. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа шет елдердің автокөліктерінің базасы оларға қолжетімсіз. Сондықтан қарызын өтемеген шетелдік азаматтардың өз еліндегі тұрғылықты мекенжайы белгісіз болғандықтан, "ҚазАвтоЖол" оларға арналған ескертпе хат-хабарламаны да ешқайда жібере алмайды.

Осыған байланысты Көлік министрлігі өзі әзірлеген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы аясында бұл проблеманың бір шешімін ұсынды.

Оған сәйкес, Кәсіпкерлік кодексінің 81-бабының 2-тармағының 3) тармақшасы аясында шетелдік көлік иелеріне қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізілмек. Бірақ бұл тетік тек шетелдік жүк тасушы көліктердің, фуралардың қарызын реттеуге бағытталған.

Себебі, жаңа заң жобасында жүк көліктеріне елімізге кіру үшін "арнайы рұқсат беруден" (спецразрешение) бас тартудың жаңа негізін енгізу ұсынылған. Яғни, егер "арнайы рұқсат берілетін көлік құралында ақылы автомобиль жолдары (учаскелері) бойынша жол жүргені үшін берешегі болса", бұл оған аталған рұқсатнаманы бермей қоюға негіз бола алады.

Жасыратыны жоқ, көрші елдердің жүк тасушылары қазақстандық шенеуніктердің қанын қарайтты. Олар әр білікке шаққанда салмағы он тоннадан да асып кететін аса ауыр жүктерді тасиды. Осы арқылы Қазақстанның халықаралық қаржы институттарынан заем алып, миллиардтаған долларлық қарызға батып салған халықаралық дәліз трассаларының жабынғысын бүлдіреді. Сонымен қатар, олар сол жолды пайдаланғаны үшін бір тиын ақы төлемейді.

"Заңнамаға бұл толықтыру негізді. Өйткені жолдар төсемінің тез тозуына көбінесе ауыр салмақты автокөліктердің қарқынды транзиттік қозғалысы ықпал етеді. Соның салдарынан, елеулі бюджет қаражатын бөліп, жолдарды жыл сайын күрделі жөндеуге де тура келеді. Бұл ретте жол жөндеуге кеткен бюджеттік қаражат қайтарылмайды, қайтарымы жоқ. Ақылы жолдармен жүретін шетелдік транзиттік автокөліктер бақылаудан тыс қалған. Ақылы жол учаскелерде блокбекет, шлагбаум және басқа кедергілер жоқ. Соның кесірінен ақылы жолдармен жүретін шетелдік ауыр жүк көліктері иелерінің жол жүру берешегінің үлесі ары қарай тек ұлғая береді деген қаупі бар", – деді Көлік министрлігінің сарапшылары.

Ендеше егер ел Парламенті бұғаттап тастамай, министрліктің бұл ұсынысын қабылдаса, онда ең құрығанда шетелдік жүк көліктерінен қарыздарын өндіріп алудың бір тетігі пайда болуы мүмкін.

Шетелдік көлік иелеріне қатысты ешқандай бақылау тетіктері болмағандықтан, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы олардың дебиторлық берешегін өндіріп алудың түрлі тәсілдерін сынап көруде. Мысалы, ақылы жолдардың борышкерлерімен жұмысты жүйелі жүргізу, қарыз көлемін азайту үшін Ақылы автомобиль жолдары дирекциясының құрамында "Пайдаланушылармен жұмыс жөніндегі қызметті" құрды.

"KazToll" жүйесі Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттеріндегі Электронды кезек жүйесімен интеграцияланыпты. Жүргізушілерді ақылы жолға шыққаны немесе оны пайдаланғаны үшін қарызының туындағаны туралы SMS-хабарландыру енгізілген.

Ақыны төлеудің 18 тәсіл-түрі іске қосылыпты. Аталған бірыңғай қызметтің өкілдері қомақты қарызы қордаланған борышкерлердің телефондарына үнемі қоңырау шалып тұрады екен. Көлікке ие компаниялардың, заңды тұлғалардың атына электронды шот-фактура ай сайын жіберіліп жатады. Сөйтіп, қоймай-қоймай мазалайды.

"Сондай-ақ, ақылы автожолдармен жүргені үшін берешекті өндіріп алу мақсатында ұлттық компанияның сұрауымен нотариустар атқару жазбаларын шығарады. Жеке сот орындаушылары да атқару ісін қозғайды. Өндірту соттарға шағымдану жолымен де жүзеге асырылады. Негізі, Әкімшілік кодекстің 628-бабына сәйкес, төлеу мерзімі асып кетсе, көліктік бақылау органдары жосықсыз көлік иелеріне қатысты әкімшілік шараларды қолданады. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында Клиенттермен жұмыс істеу орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, көліктік бақылау органдарымен бірлесіп рейдтер жүргізілуде. Берешекті жедел анықтау үшін "KazToll" жүйесіне кіргізетін интернет-сілтеме жасалды. Бірақ жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, қарыз тек өсуде", – деді Көлік министрлігінің өкілдері.

Жатжұрттық жүк көліктеріне қатысты бұл заң жобасы 2025 жыл ішінде қабылданады деп жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу