Ақылы жолдарды күтіп ұстауға 20 млрд теңге жұмсалады

4191

Елімізде 2024 жылдың соңына дейін 5,2 мың шақырым жол ақылы болады. Ал биыл қолданыстағы ақылы жолдардан 25,6 млрд теңге алым алынады.  

Ақылы жолдарды күтіп ұстауға 20 млрд теңге жұмсалады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, наурыз айында 5,8 мың шақырым жол ақы алу жүйесіне қосылады, деп хабарлайды  inbusiness.kz тілшісі.

"Автожолдарды күтіп-ұстау үшін ақылы жол жүйесіне көшеміз. Ол шығындарды толық жабуға және республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша жыл соңына дейін ақылы жолдардан 25,6 млрд теңге алым алынады. Оның 20 млрд теңгесі ақылы учаскелерді күтіп ұстауға, 5,6 млрд теңгесі инвестицияларды қайтаруға жұмсалады", – деді Бейбіт Атамқұлов. 

Министрдің мәлімдеуінше, 2025 жылға дейін өңірлерге жол активтерін цифрлық басқару жүйесі енгізіледі. 

Белгілі болғандай, өткен жылы республикалық және жергілікті жолдарды жөндеу нысандарында 810 бұзушылық әшкереленді. Оның 340-ы республикалық, 470-і жергілікті желіде тіркелген. 

"Жол сапасын бағалаудың арқасында мердігерлік ұйымдар мен техникалық қадағалау сарапшылары материалдардың сапасы мен технологияның сақталуына назар аудара бастады. Биыл республикалық және жергілікті желілер бойынша жол-құрылыс жұмыстары толық сапа сараптамасымен қамтылады. Құралдық тексеру республикалық желінің 18 мың шақырымына жүргізіледі. Осының қорытындысы бойынша жөндеу жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленеді", – деді министр.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, жол активтерін цифрлық басқару жүйесін дайындау жобасы тиімділігін көрсетті. 

"Бұл жүйе биыл республикалық және 2025 жылға дейін жергілікті желіге енгізіледі. Ал жыл соңына дейін 42 салалық нормативтік-техникалық құжат халықаралық стандарт талабына сәйкестендіріледі", – деді министр.

Бейбіт Атамқұлов Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы  жергілікті жолдардың сапасы төмен екенін тілге тиек етті. 

Оның сөзінше, жергілікті жолдардың ұзындығы 71 мың шақырымды құрайды. Атқарылған жұмыс есебінен өткен жылдары жергілікті жолдардың 53 мың шақырымы нормативтік жағдайға келтірілді. 

"Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы жол сапасы сын көтермейді", – деді ол.

Ал Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қызылорда-Жезқазған автожолы жаңғыртылатынын сүйіншіледі. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік парақшасына: "Премьер-министр Жезқазғаннан Қызылордаға дейінгі жолды қайта құруды бастау туралы тапсырма берді. Бұл жол бұрыннан бері жөндеуді қажет етіп келеді. Аталған мәселе туралы облыс тұрғындары да бірнеше мәрте жазған болатын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, бүгінде Жезқазған - Қызылорда облысының шекарасы автожолының 208 шақырымын қайта жаңғыртудың жобалық құжаттамасын әзірлеу жұмысы аяқталды. Бұл жобаны іске асыру құрылыс кезеңінде қосымша жұмыс орындарын құруға, Жезқазған мен Ұлытауға үлкен көлемдегі жолаушылар мен жүк ағынын тартуға мүмкіндік береді", – деп жазды. 

Жеңіс Қасымбек министрліктің мәліметіне сүйене отырып, биыл Қарағанды-Балқаш және Балқаш-Бурылбайтал учаскелерінде төрт жолақты жол қозғалысын ашылатынын айтты. 

"Қарағанды-Жезқазған", "Қарағанды-Қарқаралы" жол учаскелері қайта құрылады. Бұл учаскелер бойынша орталық мемлекеттік органдар жолдарды төрт жолақты қозғалыс қарастырылған бірінші санатқа ауыстыру бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеуде. Бұған қоса жөндеу жұмысымен жергілікті жолдардың 700 шақырымы қамтылады. Жөндеу жұмысы 80 ауылда, сондай-ақ облыстың барлық қалалары мен аудандарында жүргізіледі. Бұл жұмысқа өңірдің 59 асфальт-бетон зауыты, 3 мың бірлік арнайы техника және 5 мың жол жұмысшысы тартылады", – деп жазды Қарағанды облысының әкімі.

Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу