"2018-2019 жылдар аралығында "Ақжайық футбол клубы қосымша құн салығы бойынша тіркелмеген. Сол себепті оған 223 794 935 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Бұл төленбеген қосымша құн салығының 15 пайызын құрайды. Клуб басшылығы айыппұлға шағымдануға тырысты. Бірақ айыппұл жойылған жоқ. Бұл сомма төленуі керек", - деді Батыс Қазақстан Облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жеңіс Нығметуллин.
Басқарма басшысының орынбасарының айтуынша биыл клубтың бюджеті 702 миллион теңгені құрады. Бұл Қазақстандағы футбол клубтарының ең төменгі бюджеті. Клубтың бюджеті 50/50: негізгі құрамның ойыншылары үшін де, клубтағы балалар мектебі үшін де жұмсалады. Футбол клубының бюджеті 2019 жылы жоспарланып қойған. Бірақ карантинге байланысты "Ақжайық" өз қызметкерлерінің 80 пайызын қашықтағы жұмысқа жіберіп, жаттықтырушылар құрамының жалақыларын 30 пайызға төмендеткен. Соған қарамастан олар әлі де жұмыстарын жалғастыруда. Бапкерлер команданың негізгі ойыншыларын жаттықтырып жүр.
Жаттығу жұмыстары 2-3 адамнан, ашық аспан астында өтуде. Мұны БҚО бас санитарлық дәрігері талап етіп отыр. Балаларға арналған жаттығулар толығымен тоқтатылды. Футболшылардың жалақысына келер болсақ, ол пандемияға байланысты азайған жоқ. Өйткені футболшылардың келісім-шарты бойынша олардың жалақыларына мұндай төтенше жағдайлар әсер етпейді.
Бірінші лигада ойнайтын "Ақжайық" 100% облыстық бюджеттен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта клубтың қамқоршысы Орал қаласының кәсіпкері Оралбай Жақсымбетов. Бақарудың сенім шарттары бойынша 2023-жылы ол "Ақжайықты" өз меншігіне сатып алуға құқылы. Бұған дейін Батыс Қазақстан Облысының басшылығы футбол командасын қамтамасыз етуге кететін шығынға наразы болып, клубтың жастарды жаттықтыруға жұмсайтын қаражатын қысқартуды ұсынған еді. Бірақ оның мөлшері өзгерген жоқ. Қазіргі уақытта 800 бала футбол клубында жаттығуда.
Ермұхамед Мәулен