Қазақстан кубогінің жартылай финалдық матчы өтті. Алғашқы матч Орал қаласында ойналды. Онда Олег Беженарьдың командасы Нүркен Мәзбаев баптайтын "Таразды" қабылдады. Ойынның 19 минутында Тома Табатадзе есеп ашып, оралдық команда алға шықты. Ал 38 минутта Петрос Аветисян есепті еселеп, "Ақжайықтың" жеңісін сенімді ете түсті. Бірінші тайм осымен аяқталды деп отырған тұста бразилиялық Рафаэль Сабино таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді.
Екінші таймда да "Ақжайық" басым ойнады. Алайда, жамбылдық жастар есеп айырмасын қысқартып бір гол салды. Гол авторы – Марат Шахметов. Ресейлік легионер Артур Газданов гол салған кезде есеп 4:1 болды. Одан кейін алаңға шыққан Оралхан Өміртаев нәтижені тіпті ірі қылып тастады. "Тараз" ойыншысы Дәурен Жұмат ұрымтал тұсты дәл пайдаланып, командасының екінші голын салды. Сосын, капитан Мақсат Әмірханов тағы бір гол салып есеп айырмасын 2 допқа дейін қысқартты. Қорытынды есеп 5:3 алаң иелерінің пайдасына.
"Ақжайық" командасы финалға жолдама алды. Бұл матч "Астана Аренада" өтеді. Батыс Қазақстан облысының командасына қарсылас ретінде "Ордабасы" немесе "Астана" командасы шығуы ықтимал. Бұл екі команда бүгін өзара кездесу өткізеді. Басымдылық "Ордабасы" командасында болып тұр. Егер финалда "Ақжайық" қарсыласынан басым түсіп Қазақстан кубогін жеңетін болса онда келесі жылы УЕФА Конференция лигасына қатысады. Бір қызығы "Ақжайық" қазір ішкі біріншілікте ең соңғы орында тұр. Соңғы үш матчта барынша ұпай алып, біріншілікте қалмаса, келесі маусымды Бірінші лигада өткізуі бек мүмкін. Ал Қазақстан футболының тарихында Бірінші лига командасы еурокубокке қатысып көрген емес. Бұл бірінші рет орын алуы ықтимал.
Ермұхамед Мәулен