Былтырғы жылдың соңында Исламбек Қуат пен Бауыржан Исламхан екеуі қазақстандық премьер-лиганың командалары емес, тек шетелдік клуб болған жағдайда ғана басқа командаға ауысуға "Қайраттың" басшылығынан келісім алды. Нәтижесінде Қуат ресейлік "Оренбургқа", ал Исламхан Санк-Петербургтің "Зенитіне" байқауға аттанған болатын. Бірақ, ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы "Зенитте" қала алмады.
Қаңтар айының соңғы күні Біріккен Араб Әмірліктерің клубы "Әл-Айн" Бауыржанмен 5-айға келісім-шарт жасағаны туралы хабарлады. Енді клубпен арадағы келісім-шарт мерзімі биыл 30-маусым аяқталады. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты 4-мамыр күні БАӘ-нің футбол қауымдастығы чемпионаттың тек тамыз айында басталатынын жариялады. Сондықтан ол уақытта Исламхан команда құрамында болмауы да мүмкін. Бірақ, "Әл-Айн" басшылығы Исламханды сақтап қалуға ниетті екенін айтты. Ол команда сапында 10 матч өткізген. Оның ішінде 1 гол соғып, 3 нәтижелі пас шығарған. Қазіргі таңда "Әл-Айн" БАӘ-нің турнирлік кестесінде көшбасшы "Шабаб Аль-Ахли" командасына 6 ұпай ұтылып, 2-сатыға жайғасты.
"Әль-Айнның" Twitter-дегі ресми парақшасының хабарлауы бойынша бас бапкер Педро Эмануэл команда басшылығына Бауыржанды команда сапында қалдыруға кеңес берді. Бауыржан Исламхан әзірге елге оралды. Ал оның командасының басшылығы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі аптап ыстыққа байланысты оқу-жаттығуды басқа елде өткізу мәселесін шешуде. Егер Бауыржан оқу-жаттығу жиындарына баратын болса, оның командамен келісім-шартты ұзартуға мүмкіндігі бар деген сөз.
Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасы мен "Хераклес" футбол клубының жартылай қорғаушысы Александр Меркельдің тағдыры не болатыны белгісіз. Нидерландиялық футбол клубымен Меркель арасында жасалған келісім-шарт 30 маусым күні аяқталады. Сарапшылар ұлттық құраманың қорғаушысы "Локомотивке" ауысуы мүмкін деген еді. Алайда мәскеулік клуб бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ермұхамед Мәулен