Ал елде мектеп жетіспейді...

2850

Мектептерде 250 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Үш ауысымда оқытатын мектеп саны 100-ден асады. Петропавл қаласындағы 40 мектептің тек 8-і мемлекеттік тілде білім береді...

Ал елде мектеп жетіспейді...

Петропавл қаласындағы 40 мектептің тек 8-і мемлекеттік тілде білім береді...Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, елде 7 569 мектеп бар. Қалалық жерлерде 2 мыңнан астам мектеп болса, ауылдық жерлердегі мектеп саны 5 мыңнан асады. 

Білім ордаларының басым бөлігі қазақ тілінде оқытады. Республика бойынша олардың жалпы саны 3800-ден асып жығылады. Бұдан бөлек республикамызда 1100-ге жуық орыс мектебі, 2 мыңнан астам аралас мектеп бар, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қазақстан бойынша 3,5 миллионнан астам оқушы білім алады. Биыл мектеп табалдырығын 400 мыңнан астам бала аттайды. Олардың 70 пайызынан астамы қазақ тілінде оқуды таңдаған көрінеді. Бұл әрине қуантарлық жайт. Бірақ бөркімізді аспанға ату ерте. Себебі...

Елде үш ауысымды мектептер мәселесі әлі де бар. Республика бойынша олардың саны 100-ден асады.

Министрліктің мәліметінше, мұндай мектептердің басым бөлігі Алматы, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласында. Оған апатты жағдайда тұрған мектептерді қосыңыз. Ел бойынша 30 апатты мектеп бар десек, олардың басым көпшілігі Түркістан, Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарында екен.

Ендігі мәселе – орын тапшылығы. Оны оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те атап өткен болатын.

"Бүгінгі таңда еліміз бойынша мектептерде 250 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Егер біз осы мәселені қазір шешпесек, 2026 жылға қарай жалпы тапшылық 1 млн 200 мыңға дейін жетеді", – деп айтты ведомство басшысы.

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін 1 мың мектеп салуды міндеттеген болатын. Жалпы білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын халық санының өсуімен, көші-қонмен және т.т. себептермен байланыстыруға болады. Осы мәселе елімізде қалай шешіліп жатыр? Сауалымызды ҚР Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Қоғамдық Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменоваға жолдадық.

"2021 жылы 40 апатты және 3 ауысымды мектептер проблемасы шешілді. 2022 жылы 35 мектептің проблемасы шешіледі. Апатты және 3 ауысымлы мектептердің ең көп саны Алматы облысына тиесілі – 56 мектептерді құрайды, Батыс Қазақстан облысында – 10, Атырау облысында – 10. Қазақстан Республикасының Үкіметі қаржыны жоспарлау, бөлу кезеңінде жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп, апатты және 3 ауысымды мектептер проблемасын шешудің кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдауы қажет. Жергілікті әкімдіктер білім объектілері құрылысының оқушы орны тапшылығын жоюдағы негіздемесін әзірлеуі қажет. Соның негізінде ғана жергілікті Мәслихат депутаттары аталған білім объектілеріне қаражат бөлуді қарастырғаны абзал. Бұдан өзге, әрбір салынатын құрылыс объектісінде қоғамдық бақылауды күшейтетін жауапты Мәслихат депутаттарын бекіту тәжірибесін кеңінен қолдану өзекті", – деді депутат.

Жұлдыз Досбергенқызы күрделі жөндеуді қажет ететін және тозығы жеткен мектептердің реестрін жасауды ұсынады.

Оның айтуынша, ескі мектептерде күрделі жөндеуді уақытылы жүргізу арқылы апатты жағдайда тұрған мектептердің көбеймеуінің алдын алуға болады.

Келесі мәселе – Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің аздығы. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 74 277 оқушы білім алатын 461 мемлекеттік мектеп бар. Оның ішінде 112-сі ғана қазақ тілінде оқытады. Ал Петропавл қаласындағы 40 мектептің тек 8-і мемлекеттік тілде білім береді.

"Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Аудандарға жақын арада оңтүстік облыстардан қоныс аударатын отбасылардың келуі күтілуде. Облысымызда қазақ тілінде оқытатын мектептер ашудың тұрақты оң динамикасы байқалады. Соңғы 3 жылдың ішінде 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа мектептердің ашылуы барлығына мемлекеттік тілде білім алуға мүмкіндік береді", – деп жауап берді СҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.

Білім басқармасы бұл мәселеде оң динамиканы байқағанымен, іс жүзінде статистикалық деректер бұл аймақта мемлекеттік тілде оқыту мәселесінің өткір тұрғандығын көрсетеді. Мысалы, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 7366 өтініш қабылданған. Оның тек 23%-ы мемлекеттік тілде білім беретін сыныптардың үлесіне тиесілі. Бәлкім, кейбір ата-ана баласын қазақ тілінде оқытуға бергісі келетін де шығар. Амал нешік, мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны өте аз.

Мектепті білім бұлағы дейміз. Білім өскелең ұрпақтың бәріне бірдей берілуі керек. Осы тұста оқушылардың белгілі бір бөлігінің үш ауысымда немесе тозығы жеткен мектептерде оқуы алаңдатпай қоймайды. Жоғарыда келтірілген статистика бұл мәселенің тек бір шеті ғана. Елімізде білім беру ордаларының, соның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің көбейгені керек.

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу