Alageum Electric KEGOC-пен офтейк-келісімшартқа қол қоймақ

3505

Трансформатор өндіруші "Самұрық-Энерго" және "Қазақстан темір жолы" компанияларынан да тапсырыс алуға ниетті.

Alageum Electric KEGOC-пен офтейк-келісімшартқа қол қоймақ

Қазақстандық трансформатор өндіруші Alageum Electric АҚ KEGOC-пен офтейк-келісімшартқа (әлі өндірілмеген тауарды сатып алу туралы келісім – Ред.) қол қоймақшы. Бұл туралы abctv.kz-ке Астанада өткен энергетиктер форумында компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов айтып берді.

"Биыл Шымкентте, "Тассай индустриялық аймағында жаңа өндірісті іске қоспақшымыз. Онда 220-250 кВ кернеулі қуаттық трансформаторлар өндірілетін болады. Негізгі тұтынушымыз, әрине, KEGOC. Қазір импортты алмастыру бағдарламасы мен "Самұрық-Қазына" бағдарламасы шеңберінде жаңа өндірістерді ашу бойынша офтейк-келісімшарттарға қол қою деген түсінік бар. Қазір алғашқы болып "Самұрық-Қазына" атынан әрекет етуші KEGOC компаниясы ниет білдіріп отыр, сондай-ақ ҰКП-дан жақсы қолдау бар", – деді ол.

"Офтейк-келісімшарттың ыңғайлы жағы сол, біз бір жағынан қандай нысандар, қуаттық трансформаторлар, көлік трансформаторлары және реакторлар секілді қондырғылар қанша көлемде жеткізілуге тиіс екенін бір-үш жылымызды алдын ала біліп отырамыз. Енді келесі қадам "Самұрық" тарапынан жасалатын болады. Атап айтқанда, "Қазақстан темір жолы", "Самұрық-Энерго" секілді өзге еншілес кәсіпорындарымен келісімшартқа қол қойылмақшы. Аталған еншілес кәсіпорындарда да қызығушылық танытуда. KEGOC-пен жасалған соң келесі кезекте жоғарыда аталған компаниялармен жасайтын боламыз. Қазір KEGOC-пен офтейк-келісімшарттың көлемін 2022 жылға дейін төрт миллиард теңге деп жоспарлап отырмыз. Бұл реактордың төрт түрі, олар шынымен де өте күрделі, 500 киловаттқа шақталған, Қазақстанда ешқашан шығарылған емес", – деп түсіндірді Ілиясов.

Ресейдің НЛМК тобына жататын "ВИЗ-Сталь" зауытынан жеткізілетін трансформаторлық болаттың бағасы жөнінде келіссөздер туралы тілге тиек еткен Еркебұлан Ілиясов мәселе шешімін тауып келе жатқанын айтты.

"Егер келісімге келе алсақ, бір-бірімізге талабымыз жоқ екенін ресми мәлімдейтін боламыз. Олар өздеріндегі баға саясатын реттеді, және дәл қазақстандық сатып алушылардың немесе ЕАЭО аясындағы өзге клиенттердің құқығын шектеу болмайды деп ойлаймын", – деп атап өтті ол.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу