Алакөл Түркиядан неге қымбат?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4894

"Түркия мен Біріккен араб әмірліктеріне бару, Алакөлге барғаннан анағұрлым арзанға түседі" – басқа емес, еліміздің туризмге жауапты министрінің өзі осылай деді.

Алакөл Түркиядан неге қымбат?

Қазақстанға жазғы ыстық күндер келді, демек отандастарымыз бен шетелдік саяхатшылар арқаны күнге қыздырып, денені желге сүйгізіп, суға шомылуға ұмтылатын кез. Бірақ бүкіл әлемде "туристік маусым" деп аталатын бұл шақ республикамызды айналып өтеді: шетелдік туристер бойынша біздің жағажайларды тіпті қырғыздың Ыстықкөлі артта қалдырады, ал қазақстандықтардың өздері әлемдегі танымал жағажайларға ұмтылады.

Мұның себебін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы түсіндіруге тырысты – биылдан бастап, туризм индустриясы инвестициялар және даму министрлігінің құзырынан алынып, осы ведомствоның қанатының астына тапсырылған.

"Мұның түк те құпиясы жоқ. Түркия мен Әмірліктерге саяхаттау біздегі Алакөл мен басқа да демалыс аймақтарына сапарлағаннан анағұрлым арзан түседі, – деді ЭКСПО-2017 көрмесінің медиаорталығында журналистермен кездескен министр. – Әрине, сондықтан біздің бәрімізді біздегі бағалардың тым қымбаттығы ашындырады. Алайда балама мен ұсыныс көп болған сайын олардың да құны арзандауға тиіс. Біз ішкі туризмнің кең ауқымда дамығанын қалаймыз.

Оның айтуынша, туристерге қызмет көрсететін компаниялар мен демалыс орындарының саны шектеулі болса, шипажайлық аймақтардың қожайындары жоғары бағаны ұстап тұра береді. Туризм тағдырын ойлап, еш шімірікпейтін оларды селт еткізіп, "шегінуге" мәжбүрлеу үшін "кең ауқымды қозғалыс" қажет екен.

"Міне, сонда баға да ақылға қонымды болады. Міне, сондықтан біз қазір осы бағытта белсенді жұмыс жасап жатырмыз. Бұл мақсатта 2020 жылға дейінгі Туристік саланы дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Бұл талқылап, қабылдап, жаба салатын бағдарлама емес, оның негізінде заңдық актілер жазылады, оларда барлығы егжей-тегжейлі айтылады. Ондағы шаралар барлық органдар үшін орындауға міндетті болады. Құжат туристік компаниялар тарапынан ұсыныстың артуына ықпал етеді. Біз асығудамыз және біздің бағдарлама тезірек қабылданып, жүзеге асырыла бастауы үшін ілгері жылжытудамыз, – деп сендірген Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл тұжырымдама үкіметтің ертең өтетін отырысында қаралатынын хабарлады. Бұл құжатты үкіметте талқылауға тіпті Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифаи қатысатын көрінеді.

Ал бүгін ЭКСПО-2017 көрме кешеніндегі Конгресс-орталықта "Туризм және болашақтың қуаты: СО2 шығарындыларын қысқарту" атты халықаралық конференция өтті. Сол жиында баяндама жасаған мәдениет және спорт министрі ел президентінің 2016 жылғы 24 қарашадағы тапсырмасына сәйкес, туристік саланы дамыту тұжырымдамасын қайта қарап, ішкі және сыртқы туризмді дамыту қажеттіліктерін ескере отырып, жаңартқандарын мәлім етті. Құжатта сондай-ақ өңірлік мәдени-туристік кластерлерді және қажетті инфрақұрылымды құру мәселелері де ескеріліпті. 

Оның түсіндіруінше, тұжырымдамаса 6 кластер бөлек-бөлек қарастырылған және олар Қазақстанның туристік ұсынысының географиялық әралуандылығын және этно-мәдени бірегейлігін паш етеді екен.

Тарата айтсақ, бұл алтау – "Астана – Еуразия жүрегі", "Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы", "Алтайдың інжу-маржандары", "Ұлы Жібек жолын жаңғырту", "Каспий қақпасы" және "Табиғатпен бірлік және көшпелі мәдениет" деп аталады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанның бай туристік-рекреациялық әлеуеті пайдаланылмай отырғанын айтты. Өйткені "туризмнің басымдықты түрлері дамымаған". Сондықтан тұжырымдамада Қазақстан үшін келешегінен мол үміт күттіретін перспективті туризм түрлерін өркендету көзделіпті. Бұлар қатарына мәдени-танымдық және этнографиялық туризм, оқиғалық туризм, кемпингтік автотуризм, аң аулаушылық туризм, спорттық және экотуризм жатқызылып отыр.

Астана әкімі Әсет Исекешев те туризмді дамыту бойынша ғаламат жоспарлап қамдап отыр екен. Ол қазақ елінің бас қаласына саяхаттайтын шетелдіктер санын жылына 1 миллионға дейін жеткізбек ниетте. Бірден айта кетейік, ЭКСПО-ға дейін елорда туризмі мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылатын қаптаған халықаралық конференциялар, съездер және басқа да "жаһандық" деп сипатталатын жиындар қатысушылары есебінен де толығатын. Бірақ бұл ретте сол мәртебелі меймандардың көбінің сол жиын-тойларға келуін және басқа шығындарын мемлекеттің өзі көтеретіні жасырын емес. Демек, оларды толыққанды турист деп атау қиын.

Сонымен бірге, мысалы, іргедегі Ресейдің өзінде туристік агенттіктер жергілікті халыққа Қазақстанға және оның көрнекті жерлеріне саяхаттау турын ұсынбайды, ұсынатын туркомпаниялар саусақпен санарлық. Ендеше алыс шетел туралы не айтуға болады? Қазақстанға келетін шетелдік туристер қатарын не өз бетінше саяхаттайтындар, немесе іскерлік-ресми сапар жасаушылар ғана құрайтыны да құпия емес. Демек, әлемдік туризм орталығына айналу үшін алпауыт туркомпаниялармен қоян-қолтық жұмыс жасау талап етіледі. Өйткені сол туркомпанияларға жүгінген азамат негізінен солардың ұсынатын бағыттарының бірі таңдайтыны мәлім.

"Басқа мегаполистер мысалында білетініміздей, туризм шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру үшін аса маңызды. Күні кеше "Телеграф" британдық басылымы Астананың туризм үшін тартымды қалаға айналудың барлық мүмкіндігіне ие екендігін айтқаны бекер болмаса керек. Бұл үшін біз тек туризмді дамытып қана қоймай, нарықтағы өзімізге лайық нақты орындарды анықтап, сол бағыттарда қозғалуға тиіспіз. Сондықтан біз "Хорват" атты халықаралық компанияны тарттық және онымен бірге Астананың туризмін дамыту бойынша бас жоспар әзірлеудеміз", – деп хабардар етті Әсет Исекешев. 

Астана әкімдігі бастапқы кезеңде өздері үшін саланы дамытудың үш негізгі басымдығын белгілепті. Біріншісі – оқиғалық-іскерлік туризм болмақ. Екіншісі – қалалық тынығу-рекреациялық туризм. Үшіншісі – медициналық туризм болмақ.

Қалабасы 2020 жылға қарай Астананы бүкіл еуразиялық кеңістік үшін ең тартымды қалаға айналдыруды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Бұл ретте билік шетелдік қонақтарды шақыруын қоймайды. Себебі, әкімнің мәліметінше, "Астана әралуан форумдар, саммиттер, іскерлік конференциялар, мәдени-спорттық іс-шаралар өткізуге арналған басты орталықтардың біріне айналуға тиіс".

"Осы мақсатта қала барлық қажетті сапалы және дамыған инфрақұрылымды – әуежайды, вокзалды және басқа да объектілерді даяр етті" деген Әсет Исекешев Астанаға келер шетелдік туристердің жыл сайынғы санын – 1 миллион, ал ішкі туристер санын 2 миллион адамға дейін жеткізу бойынша ғаламат міндет-мақсат қойылғанын жария етті. Осылайша, туристердің жалпы саны үш есе артуға тиісті. Бұл жерде елорда өзіндегі көрнекті орындармен шектеліп қана қоймай, Бурабай сияқты таяудағы шипажайлар әлеуетін де іске тартпақ ниетте.

БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туризм ұйымының бас хатшысы Талеб Рифаи салаға жауапты қазақстандық шенеуніктерге дем берді.

"Қазақстан – болашағынан мол үміт күттіретін туристік бағыт. Бұл жер құпиялар мен жаңа ашылымдарды өз қойнауында бүгіп жатыр. Тек әдемі табиғи көріністер ғана емес, сондай-ақ жергілікті дәстүр мен мәдениет те бұл жерді бірегей ете түседі. Алайда әлемде Қазақстан туралы көп біле қоймайды. Сондықтан сіздер ең алдымен өз елдеріңіздің брендін ілгерілетулеріңіз және бүкіл әлемге Қазақстанның нендей қызық ұсына алатынын жариялауларыңыз қажет", – деді халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Талеб Рифаи.

Шетелге шыққандар жақсы біледі, әлемде Қазақстанға қарағанда, Қырғызстанды (мысалы, Ыстықкөлді) және Өзбекстанды (мысалы, Самарқандты) көбірек біледі. Мұның тарихи себебі де бар. Қазақ жерінде қуаты жөнінен әлемдегі төртінші саналған ядролық арсеналды және Семей секілді бірнеше ядролық, басқа да қаруларды сынау полигондарын ұстаған Кеңес одағы Қазақстанды әлем үшін жауып тастады, мұндай жердің барлығын білгізбеуге тырысты. Ресми Астана осынау тарихи ауыр жүктен арылуға тиіс.  

Айтқандай, жиында сөз сөйлеген үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин Қазақстанның өз жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) туризм үлесін 2025 жылға дейін 8%-ға жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта саланың үлесі небары 1 пайызды ғана құрайды" деп күрсінді 1-ші вице-премьер.

Бір атап өтерлігі, британдық The Telegraph басылымы жоғарыда айтылған мақаласында Астанаға қатысты "Сіз картадан таба алмайтын қала туристер үшін әлемдегі ең танымал орынға айнала ма?" деген сауал тастайды.

Туристер келуі үшін олар Астананы картадан таба алуы керек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу