Алакөлдегі ағайын алаңдаулы

Қажет Андас Қажет Андас
2399

Тұрғындар үкімет басшысына жапырылған жағалаудың жайын жеткізді.

Алакөлдегі ағайын алаңдаулы

Жетісу өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өңірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауында айтылған тапсырмалардың толығымен орындалып жатқанын көрді.

Бақытжан Сағынтаевты Талдықорған әуежайынан өңір басшысы Амандық Баталов қарсы алып, атқарылып жатқан жұмыс жайлы баяндады.

Әкімнің сөзінше, әуежай жылына 26 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Бұл жерден жыл сайын 600 рейс сапарға аттанады.

"Талдықорғанның әуе айлағы Жетісудың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие. Астанаға қатынап жатқан рейстермен қатар, мұнда ел өңірлерін қамтитын да бағыттар дамып жатыр.  Жақын арада Өскемен мен Ресей Федерациясының бірсыпыра қалаларына әуе рейстері ашылады", – деді Амандық Баталов.

Бұдан кейін үкімет басшысы Ескелді ауданындағы "Нам Г. Н" шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабына аялдады. Шаруашылық иесі Герман Нам суармалы егіншілікте жаңа технологияның қолданылуы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді.

"Озық технологияға жүгінгеннен бері өнімділік артты. Өткен жылы қызылшаның әр гектарынан 600 центнерден өнім алдық. Жекелеген егістіктерде 800 центнерге дейін жетті. Биыл орта есеппен гектарына 700 центнерден өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз" – деді ол.

Осы кезде сөзге араласқан облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров былтырғыға қарағанда биыл егістік көлемі әжептәуір ұлғайғанын айтты.

"Биыл тұқым мен пестидциттер 50 %-ға дейін арзандатылды. Бұл шаруашылықтарға үлкен көмек. Күзде зауыттар  тәтті түбірдің әр тоннасын 17 мың теңгеден сатып алады. Бұл өте жақсы баға. Өнім көлемі гектарына 600 центнерді құраса, әр гектардан түсетін түсім 1 млн теңге болады", – деді әкімнің орынбасары.  

Еселі еңбек шаруалардың материалдық жағдайын жақсарта түсетініне облыс әкімі де сеніп отыр.

"Бүгінгі таңда облысымызда Көксу қант зауыты  жұмыс істеп тұр. Ал инвесторлар Ақсу қант зауытын іске қосудың қамын жасап жүр. Биыл қант қызылшасы егілетін аумақты 9 мың гектарға дейін арттырып, 30 мың тонна қант алу жоспарланып отыр. Бұл облыс тұрғындарының қантқа деген сұранысының 84 % қанағаттандыруға, сол арқылы импорттың көлемін азайтуға мүмкіндік береді", – деді Амандық Баталов.  

Премьер-министр "Нұрлы жер" бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен де танысты.

Айта кетейік, жаңадан бой көтеріп жатқан бес жаңа шағын ауданнан тұратын Оңтүстік-Батыс тұрғын үй алабын жоспарлау жобасы 2012 жылы бекітілген. Содан бері жалпы көлемі 98,7 мың шаршы метр болатын 1787 пәтерлі 24 үй  пайдалануға берілген.

"Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 12,2 мың шаршы метр болатын және 184 пәтерге арналған 3 арендалық тұрғын үй құрылысын қолға алу жоспарланған. Сонымен қатар оңтүстік-батыс тұрғын үй алабының аумағында әлеуметтік-мәдени мақсаттағы бірқатар нысан –  9 балабақша, 5 мектеп, емхана, драма театр, салтанат сарайы, көрме кешені, халыққа қызмет көрсету орталығы және 4 сауда үйінің құрылысы бой көтереді", – деді облыс басшысы.

Осыған дейін пайдалануға берілген оқушылар сарайы, жастарға қызмет көрсету орталығы, қонақүй кешені сынды нысандарды көргеннен соң премьер-министр айтылған уәденің орындалатынына сенім білдірді.

Бұдан кейін Амандық Баталов үкімет басшысына "Талдықорған", "Бекере" индустриалды аймақтарының ағымдағы қызметі мен "Қорғас–Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағының жұмысы, сондай-ақ Панфилов ауданындағы жаңа Нұркент қаласының құрылысы мен "Gate Sity" серіктес қаласын дамыту бағытында жүріп жатқан жұмыстар жайлы мәлімет беріп, аталған жобалар бірінші кезекте облыстағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал ететінін жеткізді.

"Индустриалды аймақтың аумағы 594,9 гектарды құрайды. Жобаны іске асыру бойынша бірінші кезеңде оның 180 гектары қамтылады. Жалпы, бұл жерде жетпістен астам жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр", – деді өңір басшысы.

Айтса айтқандай, индустриялды аймақта қазір автобөлшектер мен пайдалануда болған автокөліктерді сақтау, сату бойынша "Лукьянчук" ЖК, металл бұйымдарын шығаратын "Акчаганова" ЖК, базальт тақталарын өндіретін "ST-Best" ЖШС, өнеркәсіп техникасын монтаждау, жабдықтау қызметтері бойынша "Азияэнергостроймонтаж" ЖШС, "Талдықорған жолдары" ЖШС асфальт зауыты, қиыршық тас, құм қоспасы карьерін пайдалану бойынша "Талдықорған жолдары" ЖШС, бетон қоспасын шығаратын "ELD GLOBAL" ЖШС, жүк және жолаушы тасымалы бойынша "Талдықорғанавтокөлік" ЖШС, медициналық шелек өндіретін "Интермед" ЖШС, сұйытылған газды қабылдау, сақтау, сату бойынша "Ауа жай" ЖШС сияқты кәсіпорындар заман талабына сай жұмыс атқарып тұр. Бұған қоса алдағы уақытта тағы тоғыз кәсіпорын іске қосылып, өнім өндірмекші. Олардың құны 11,6 млрд. теңгені құрайды.

Үкімет басшысын өңірдің экономикалық әлеуетімен қатар рухани мүмкіндіктері де қызықтырды. Ол Талдықорған тұрғындары жиі серуендейтін "Жастар" саябағын аралап, онда өтіп жатқан бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне қатысты.  Мұнда облыс басшысы биыл 6 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру мүмкін болғанын баяндады. Оның ішінде тұрақты жұмыспен – 2300, маусымдық жұмыспен – 1300, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін қоғамдық жұмыспен – 2700 адам қамтылыпты.

"Жәрмеңкеге 100-ден астам кәсіпорын өкілі келді. Олар жастарға 1500  жұмыс орнын ұсынды. Атап айтсақ, жұмыс берушілердің арасында "JLC Сүт", "GTI Қазақстан", "Қайнар АКБ", "Филип Моррис Қазақстан", "Эфес Казақстан" сияқты ірі компаниялар бар", – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова.

Премер-министрдің өңірге келгенін білген облыс тұрғындары маңызды мәселелерді алға тартып қалуға тырысты. Думан Майлыханов есімді азамат Қапшағайдағы егіс алқабын суару қиындық туғызып отырғанын айтса, қала тұрғыны Қанат Нүсіпов Алакөл  жағалауының жапырылып жатқаны  салдарынан сол маңайдағы үйлерге суға кету қаупі төніп тұрғанын алға тартты.

Өз кезегінде премьер-министр көтерілген мәселелерді бақылауға алып, тиісті тұлғаларға тапсырма беретінін жеткізді.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу