Алакөлдің ақ маржанын аялайық

Қажет Андас Қажет Андас
4965

Балық шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден-бір табиғи байлық көзі.

Алакөлдің ақ маржанын аялайық

Сондықтан біз әлемдегі сирек кездесетiн бекiре тұқымдас балық түрлері мен қаяз, көксерке, сазан, үскүш, таутан, ақмарқа, тағы басқа да балық өнімдерін арттыру үшін экономикамыздың ішкі мүмкіндіктерін толық іске қосып, балық өнімдерін экспортқа шығаруға күш салуымыз керек.

Шындығында, өңірімізде сатылып жатқан балықтың негізгі бөлігі басқа облыстардан жеткізіледі және алыс-жақын шетелдерден импортталады. Себебі – облыс аумағындағы балық аулайтын шаруашылықтар балық қорғау мен молайту шараларын ұмытып, тек балық аулап, сатуды ғана мықтап меңгерген. Ал саудаға шығарылатын балық түрлерін өсіруге шамалары жететін фирмалардың мүмкіндігі тым шектеулі. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, облыстағы балық шаруашылығы мүлде тоқырап қалуы мүмкін.

Алматы облысында Балқаш және Алакөл көлдері мен Қапшағай су қоймасы – балықтың мекені саналады. Кеңес одағы кезінде көксеркенің 50 пайыздан астамы, табан мен сазанның түгелге жуығы Қазақстанда өндірілген. Толқыны таудай тулаған Алакөлден жылына 5 мың тоннаға дейiн балық ауланып, оның 90 пайыздан астамы сазан мен көксеркенiң үлесiне тиген. Міне, осы өңірдің атағын шартарапқа жайған әйгілі сазан мен көксеркенiң қоры бұл күнде азайып, табиғи жолмен ұрпақ тастау қабiлетiнен толықтай айырылып қалды.

Алакөлдегі балықтың сазан, көксерке, ақсерке, тұқы, дөңмаңдай, ақмарқа, торта сынды түрлері мүлде азайып кетсе, алабұға мен тағы басқа біраз балықты былайғы жұртты айтпағанда, балықшылардың өздері түсінде көретін болып барады. Кейінгі кезде балық шаруашылығына жасалған түрлі қиянат пен Балқаштан мұнда әкелінген ақбалық көлде тіршілік ететін басқа балықты азайтып жіберген. Қысқасы, бірнеше жыл қатарынан жетісулық балықшылар облыс тұрғындарының балыққа деген сұранысының жартысын да қанағаттандыра алмай келеді.

Балық қорының азаюының басты екі себебі бар. Бірінші – табиғат құбылыстары. Екінші – адам факторы. Бүгінгі таңда елімізде елді мекен тұрғындарына жауапкершілік жүгін арттыратындай, тәртіпбұзушылыққа қатаң тыйым салатын заң ережесі жоқ. Сондықтан бұл мәселе үкіметте қозғалып, қатаң тәртіп орнатылғаны дұрыс. Айталық, бұл мәселе өткен жылдары Парламент Мәжілісінің қабырғасында да көтерілген. Сонда бір топ депутат үкіметке: "Алакөлдің бүгінгі бай флорасы мен фаунасын болашақ ұрпаққа сақтау үшін оны мемлекеттік қорық етіп жариялау керек", – деген сауал жолдап, ауызсу, кәріз суы, электр энергиясы, абаттандыру, санитарлық жабдықтаудың ерекше жобасын жасау сияқты қасиетті көлдің қадірін кетірмеуге бағытталған бірқатар ұсыныс тастаған. Сол шаралар іске асса құба-құп болар еді. Ал браконьерлік жолмен балық аулайтындардың азаймай тұрғандығы да бағалы байлыққа барынша қауіп төндіреді.

Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығын дамытудың әлем таныған екi жолы бар. Бiрiншiсi, балық шаруашылығында табиғи су көздерiн тиiмдi пайдаланып, балықтың өздiгiнен өсiп-өнуiне жағдай жасау, екiншiсі, бүгiнгi заманауи отандық, шетелдiк озық технология мен ғылым жетiстiктерiн пайдалана отырып, индустриялық-инновациялық бағытта аса құнды балық түрлерiн қолдан өсiру. Сол құндылықты ел игілігіне айналдыру жолында Алакөл ауданында бірқатар игі шара қарастырылып, өндірістер іске қосылыпты.

Бастысы, онда балық өңдеумен "РыбПром" және "SAROS" ЖШС-і айналысады. Мұнда өндірілген балық өнімдерін Гер­мания, Франция, Голландия, Канада елдеріне сату құқын алған өндірістің екінші зауыты Балқаш ауданы, Құйған ауылында болса, үшінші зауыты Өскемен қаласында жұмысын жүргізіп жатыр. Тағы бір баса айтар жетістік, осынау өндіріс орнындағы қалдықтар сол маңдағы зауыттарға жөнелтіліп, ұнтаққа айналдырылады. Осы азықтық ұнтаққа Өскемен, Семей, Павлодар қалалары мен облысымыздың бірнеше ауданындағы құс фабрикаларынан үздіксіз сұраныс түсіп тұрады.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылдан бастап елімізде "Жасыл экономика" тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында "Жасыл экономика моделіне өту бойынша Қазақстанды қолдау" атты жобасы бастау алды. Бұл жобаға 600 мың еуро грант бөлініп, еліміздегі бизнес жоспары су ресурстарының тиімділігін арттыруға бағытталған 14 мемлекеттік емес ұйымға берілді. Сол қатарға Нұрлан Мәженұлы басшылық ететін "Алакөл табиғаты" қоғамдық бірлестігінің "Инкубациялық цех құрып, Алакөлдің сазанын өсіру" жобасы ұтымды танылған. Аумағы 290 шаршы метр жерге салынған инкубациялық цех, тоғандық шаруашылық және жаңа тұйықталған сумен жабдықтау қондырғысы жерүсті және жерасты суларын тиімді пайдаланып, сазан балықтың түр-түрін қолдан өсіріп отыр.

Тіпті шабақ балықты одан әрі көлге бейімдейтін кеңдігі 3 метр, тереңдігі 2 метр 6 бассейн де сақадай сай. Оларға балықтардың тіршілігін қамтамасыз ететін түрлі жабдық пен аппаратура орнатылған. Қазірдің өзінде бассейннің біреуінде көксерке, қалғанында сазан мен мөңке балық өсіріледі. Сонымен қатар, жобаның жергілікті жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы пайдасының мол екенін де білдік. Айталық, цехта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, мерзімдік жұмыстарға тартылатын адам саны да арта түседі. Тіпті, жұмыс жиілігі артқан кезде адам күші жетіспей жататын кездер жиі ұшырайды.

Балықшылар ауылындағы тіршілік қайта жанданғалы қиын жылдары баспанасын тастап, қалаға көшкендер қайта оралып, туған мекендерінің түтінін түтете бастапты. Бір қызығы, адам қарасы көбейген ауылда балалар оқитын мектеп пен балабақшаға деген сұраныстың артқанын байқадық. Демек, игілікті жоба аз уақыттың ішінде әлеуметтің әлеуетін көтерумен қатар, шалғай ауылдың тіршілігіне қан жүгірткенін көрдік. Қысқасы 69 мың доллар қаржымен қолға алынған жоспар 2018 жылға барғанда 69 миллион теңге пайда бермек. Олар алдағы уақытта балық шаруашылығымен қатар басқа да жұмыс көздерін ашуды жоспарлап отыр. Тіпті, балық өнімдерін өңдейтін цех салып, жергілікті халықтың материалдық-экономикалық әлеуетін көтеруге серпін бермек.

Ең өкініштісі, бүгіндері біз қолымызда бар табиғат байлығын қадірлей алмай отырғанымыз өз алдына, оны басқаларға ұсыну жағынан кемшін соғып жатқан тұстарымыз жетерлік. Рас, бұл саланы ойдағыдай дамытуға мол қаржы керек. Бірақ, қаржы тапшылығы мен əлемдік экономикалық дағдарысты алға тартып, бұрынғыша тиын санап отыра берсек, балық шаруашылығын өркендету тек сөз жүзінде ғана қала береді.

Браконьерлік жолмен балық аулаудың салдарынан да бағалы байлыққа барынша қауіп төнді. Сондықтан қоғамдық бірлестік өкілдері: "Алакөлдің жазғы шомылу маусымында пайдаланатын аумағынан басқа бөлігін тым болмағанда 3 жылға жапса, балық түрін молайтып, өсім беруіне мүмкіндік ашуға болар еді", – дейді. Осы ретте ауылдастардың: "Мүмкін, бұл ұсынысты жоғарғы жақ ескеретін шығар", – деген өтінішін жеткізе кеткіміз келді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу