Алаш ардақтысы Санкт-Петерборда әспеттелді

4171

"Алаш" ұлт-азаттық қозғалысы мен еліміздің тәуелсіздік алуына өлшеусіз үлес қосқан, туған елін тәуелсіздік мұратына жұмылдыра білген ұлт аяулысы Әлихан Бөкейханға Ресей төрінде құрмет көрсетілді.  

Алаш ардақтысы Санкт-Петерборда әспеттелді

Бүгін, қарашаның 24 күні, Санкт-Петербордағы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің кезекті бас қосуы шеңберінде Ресей империясы Мемлекеттік Думасының 1906-1917 жылдардағы 4 шақырылымы мәжіліс өткізген Таврия сарайында І Мемлекеттік Думаның депутаты, қазақтың "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, қазіргі Қазақстанның іргетасын қалап кеткен Алаш Автономиясының басшысы, ғұлама-ғалым әрі публицист Әлихан Бөкейханның бюстін ашу салтанаты болып өтті.

Салтанатты шараның ресми ашылуында Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Бөкейханның мүсіні  Ресей, Қазақстан және ТМД-ның Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесіне мүше мемлекеттер арасында кезеңдердің тарихи байланысының және достық қарым-қатынастың  белгісіне айналатындығына сенім білдірді.

"ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының өкіліне Санкт-Петербордың Таврия сарайында қойылған бұл бюст оның  туғанына 150 жылдығында және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келген елеулі оқиға. Әлихан Бөкейханның қайраткерлігі биік адамгершілік, ұлтына және азаматтық борышына деген шексіз адалдықтың үлгісі болып табылады", – деп атап өтті Сенат төрағасы.

Сондай-ақ шарада Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко, Әзербайжан Парламенті – Милли Мәжілістің төрағасы Өктай Асадов құттықтап сөз сөйледі.  

Айта кетейік, ЮНЕСКО Бас конференциясының 2015 жылдың қарашасында болып өткен 38-сессиясы Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды "бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер" деп мойындап, оның туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларды ЮНЕСКО аясында тойлау туралы Қарар қабылдаған болатын.

Сол Қарарға сәйкес, үстіміздегі жылы Қазақ-Алаш елінде ХХ ғасыр басындағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойы Түркияда, Ресейде және азаттығы мен тәуелсіздігі үшін қасық қаны қалғанша күресіп өткен туған елі – Қазақстанның түкпір-түкпірінде кеңінен тойланып келеді.

Жыл бойы болып өткен мерейтойлық шараларға қоса 8 желтоқсан күні Қарағанды қаласында Ә.Н. Бөкейханның туғанына 150 жыл толуы құрметіне Түркия, Солтүстік Корея, Ресей, Қырғызстан, Украина және т.б. шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оның барысында ұлт көсемінің бүгінгі ұрпаққа қалдырған теңдессіз мұрасының тұңғыш 15 томдық жинағының, Алаш көсемінің өмірі мен сан қырлы қызметі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі ең алғашқы 2 томдық монографияның тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр.

 Таврия сарайындағы салтанатты шараға Қазақстан, Ресей, Әзербайжан парламенттерінің депутаттарымен қатар Беларусь, Тәжікстан, Армения және Қырғызстан парламентарийлері де қатысты. 

Ресми ашылған бюсттің авторы танымал мүсінші Азат Баярлин болып табылады.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу