Алаш көсемінің 150-жылдығы құрметіне шыққан естелік шақа

5706

Алты Алаш көсемі, аты әлемге танылған мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, публицист, аудармашы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойы, ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясының Қарарына сәйкес, биыл ЮНЕСКО аясында тойлануға тиіс еді. Әйтсе де бүгін Алаштың ұлы, қазіргі Қазақстан мен тәуелсіздіктің бастауында тұрған ақиық азамат Ә. Бөкейханның құрметіне арналған мерейтойлық шаралардың бірі – Қазақстанның Ұлттық банкі шығарған естелік монетаның (шақаның) таныстырылымы болып өтті.  

Алаш көсемінің 150-жылдығы құрметіне шыққан естелік шақа

Татулық пен бірліктің артуына, елдіктің нығаюына ұйытқы шара "Ақ жол" Демократиялық партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы аясында өтті. Оған алаштанушы-ғалымдар, Парламент депутаттары, "Ақ жол" ҚДП-ның, Ұлттық банктің өкілдері, қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысты.

Партия басшысы Азат Перуашев "Ақ жол" ҚДП-ның депутаттары Ә. Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын лайықты түрде атап өту жөнінде Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдағанын, соның ішінде пошта маркасын, естелік монета басып шығару туралы ұсыныс жасағанын еске салды.

Бұл – дамыған ел мұратына ұмтылған халқымызға қуат беретін, көзіне нұр, көңіліне шуақ құятын ізгілікті іс. Себебі, Алаш идеясы қазақ халқын біріктіреді. Алаштанушыларымыз осы істердің басы-қасында жүріп, ұлы идеяның өміршең болып, ұрпаққа тарауына үлес қосады, – деді А. Перуашев.

Ұлттық банктің орталық филиалының директоры Әмірбек Санкубаевтың мәліметінше, ұлт-азаттық Алаш қозғалысының жетекшісі, Алаш автономиясының және Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына арналған естелік монетаны "Қазақстан теңге сарайы" нейзильберден (11,17 грамм) дайындапты. Оның номиналы 100 теңге, диаметрі 31 мм, таралымы 100 мың дана. 100 теңгелік шақаға деген сұраныстың өте жоғары болғаны сонша, екі күн ішінде сатылып болған. 

"Әлихан Бөкейхан "Қазақ" газетінің негізін қалаушы. Сондықтан монетада алғаш рет газеттің бірінші беті техникалық-трафареттік сурет ретінде беріліп отыр" деді Ә. Санкубаев.

Алаштанушы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ "Алаш" ғылыми зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы 21 қазан күні Еуразия Ұлттық университетінде Ә. Бөкейханның 150 жылдығына, "Алаш" мәдениет және рухани даму институтының құрылғанына 10 жыл толуына орай белгілі алаштанушы ғалымдардың, академиктердің, қоғам қайраткерлерінің және ресми тұлғалардың қатысуымен дөңгелек үстел өтетінін хабарлады. Өйткені, Әлихан бастаған Алаш зиялылары қазақ елі үшін жаңа дәуірдің бастауына – жасампаздық пен қарышты дамудың даңғылына жол ашты. Тегеуріні берік, тепкісі қатты заманда 70%-нан айрылған халқымыздың алашордашылар арыстандай арпалысып жүріп жеткен азаттығымен бірге Алаш жұртының рухы көтеріліп, елдің еркін тынысы ашылды.

Өз сөзінде ғалым сонымен бірге Алматы қаласындағы ұлттық аграрлық университетке Әлиханның есімін беруді ұсынды: "Қазақ жерінің әрбір бұрышын, қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрлі мал шаруашылығын, төрт түлік малын терең де жан-жақты зерттеп, ғылыми маңызы бір кемімеген құнды еңбектер жазып қалдырған Әлихан, тұтас алғанда, агроөнеркәсіп саласының теңдессіз маманы болған", - деп дәйектеді Сұлтан Хан Аққұлы.

Мұның сыртында ол Алаш автономиясының тұңғыш астанасы ретінде Семей қаласына "Алаш" деген атауын қайтарып беруді ұсынды.

Ал естелік монета жайына тоқталған С. Аққұлы бір жайтқа назар аудартты. Оның байламынша, Ұлттық банк мұндай монета шығарған кезде алаштанушылармен ақылдасқаны жөн. "Өйткені монета құжаттары мен көрнекті материалдарында қазақшасында "Әлихан Бөкейхан", ал орысшасында "Алихан БокейханОВ" болып жазылыпты. АҚШ Президенті Барак Обаманы барлық тілде солай деп жазады, бірақ орыс тілінде ешкім "Барак ОбамОВ" деп өзгертпейді. Әлихан өзінің тегін "Бөкейхан" деп жазғызған" деп атап көрсетті алаштанушы ғалым.

Монетаға қатысты тағы бір гәп бар.

Біз Әлихан Бөкейханға арналған монетаны қымбат металдан – алтын не күмістен соғуды сұрап едік, – дейді Азат Перуашев. – Бірақ Ұлттық банк үлкен таралыммен – 100 мың данамен шығару мақсатында "айналымға арналған монета" дайындауға ұйғарыпты. Бұқара қуанышы үшін мұның бір жағынан дұрыс шешім болғанын да айта кеткеніміз жөн. Алаштың тәуелсіздік идеялары мен құндылықтар кең таралғаны абзал. Бұл монета коллекционерлерге арналмаған, кәдімгі есеп айырысу құралы болып табылады. Дегенмен, оны қолына түсірген азаматтардың көбі естелік ретінде сақтайды деген ойдамын, – деп түйді "Ақ жол" басшысы.

Партия алдағы күндері Ә. Бөкейханның туғанына 150 жыл толуы мен Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған алтын не күмістен жасалған арнайы монета шығару туралы сұрау жолдамақшы. 

Айхан Шәріп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу