Алатаудағы қараша үй Астанадағы салтанатты пәтерден үш есе қымбатқа сатылуда

3067

Алатау қаласынан тегін 10 сотық алу енді мүмкін емес: жер телімін иеленудің тағы басқа қандай заңды жолдары бары анықталды.

Алатаудағы қараша үй Астанадағы салтанатты пәтерден үш есе қымбатқа сатылуда Фото: akorda.kz

Алматы облысының Жер қатынастары басқармасы жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) арналған 10 сотық жерді тегін алу мүмкіндігіне қатысты түсініктеме беріп, қолданыстағы тәртібін жариялады, деп жазды inbusiness.kz сайты.

Басқарма басшысы Аманжол Абдрахмановтың мәліметінше, бүгінде облыс бойынша жеке үй салуға арналған жер кезегінде 1 442 700 адам тұр. Алайда соңғы үш жылда облыс тұрғындарына 1 002 жер учаскесі берілген. Яғни, жылына орта есеппен 334 телімнен. Бұған қоса, 2025–2026 жылдары тағы 295 жер учаскесі бөлінді.

Басқарма басшысы жаңа Алатау қаласының аумағынан жер беру мәселесіне де арнайы тоқталды.

"Қазіргі кезде Алатау қаласының аумағында азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімі тегін берілмейді. Сонымен қатар алдағы уақытта Алатау қаласының аумағында ЖТҚ мақсатында жер учаскелерін бөлу жоспарланып отырған жоқ", – деп хабарлады Аманжол Абдрахманов Kazinform агенттігіне жауабында.

Бұл уақытша мораторий емес: 2026 жылғы 8 мамырда қабылданған "Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы" конституциялық заңының 67-бабының 8-тармағында соған тыйым салынған.

Осы бапқа сәйкес, қала аумағында және оған іргелес аймақта шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге, жеке қосалқы шаруашылыққа, бау-бақша және көкөніс өсіруге, жеке тұрғын үй құрылысына, сондай-ақ саяжай салуға жер телімдерін беруге болмайды.

Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінен қалалық жер қоры қалыптастырылып жатыр. Оларды Алатау қаласының резиденттері – тиісті бизнес-лицензиясы бар компаниялар ғана, әрі тек ақылы негізде ала алады.

Ал, Алатауға қосылған ауылдарда бұрыннан жер кезегінде тұрған азаматтар не істейді? Оларға жер алудың басқа мүмкіндігі қарастырылған. Олар ескі кезектегі орнын Алматы облысының ЖТҚ үшін жер беретін ауылдарына ауыстыра алады.

Бұл рәсімнің тәртібін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы 25 тамызда бекітті. Оған сәйкес, алатаулық басқа ауылдың жергілікті атқарушы органына өтініш беруі керек. Өтінішке жеке куәлігінің көшірмесі мен жер кезегіне тіркелгенін және кезектегі реттік нөмірін растайтын хабарламаны қоса ұсынуы қажет.

Өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Егер азаматтың бұрын жер кезегіне тіркелгені расталса, оған жаңа елді мекенде бұрынғы кезегіне тең дәрежелі орын беріледі. Жаңа кезектегі жаңа реттік нөмірі бастапқы тіркелген күніне қарай айқындалады. Алатауға қосылға ауылдардың тұрғындарына бұл мүмкіндік 2027 жылғы 31 желтоқсанға (қоса алғанға) дейін ұсынылады.

Өзгелерге үй сатып алуға немесе инвестор болуға тура келеді

Осылайша, Алатаудан жеке үй құрылысына арналған 10 сотық жерді тегін алу мүмкіндігі түпкілікті жойылды. Дегенмен жаңа қала аумағынан жылжымайтын мүлікке қол жеткізудің өзге заңды жолдары бар.

Бірінші жол – жаңа қалаға қосылған 12 ауылдың  (олар енді Алатаудың шағынаудандары деп аталады) кез келгенінен дайын үйді жер телімімен бірге сатып алу.

Тегін хабарландыру жарияланатын интернет платформаларда Алатау қаласының аумағында орналасқан осындай 349 жер телімі сатылымға қойылған.

Алайда бағасы ұшынып тұр: көрінген адамның қалтасы көтере бермейді. Кейбір жатаған үйлердің құны елордадағы үш-төрт бөлмелі, сән-салтанатты пәтердің бағасынан үш есе көп!

Мәселен, Ынтымақта 8 сотық жері бар бір қабатты үй 110 млн теңгеге бағаланған. Жаңа Дәуірдегі алты сотық жер теліміне салынған екі қабатты үйдің иесі 150 млн теңге сұрап отыр. Ал, Жетігенде 12 сотық жері бар кірпіш үй 70 млн теңгеге сатылуда.

Сонымен бірге бағасы әлдеқайда қолжетімді ұсыныстар да кездеседі. Мәселен, Жетігенде 8 сотық жері бар шағын үй 5 млн теңгеге, Дәулет ауылындағы дәл осындай жер теліміндегі үй 10 млн теңгеге сатылымға шығарылған.

Әрине, мұндай ұсыныстарды көргенде бірден сатып алуға асықпаған жөн. Өйткені кейбір үй орналасқан жер телімдерінің нысаналы мақсаты – жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) деп көрсетілген.

Сондықтан сатып алушы құжаттарды мұқият тексеруі керек. Себебі, әлгі конституциялық заңға сәйкес, Алатау қаласындағы жер учаскелері өздерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылуға тиіс. Ол мақсат жер учаскесіне қатысты құқық белгілейтін құжаттарда, бизнес-лицензияда және қаланың бас жоспарында көзделген аумақты аймақтарға бөлу талаптарында айқындалады.

Алатаудағы үй мен жерді сатып аларда тағы бір маңызды жайтты ескерген жөн: нысанның орналасқан аумағы "алып қоюға жататын немесе болашақта игерілетін жерлер санатына" кірмеуі керек.

Бірінші жағдайда жер телімі мемлекеттік мұқтаждық үшін мәжбүрлі түрде, әрі арзандау бағаға сатып алынуы мүмкін. Екінші жағдайда меншік иесіне тиісті хабарлама берілгеннен кейін жерді игеруді бастауға екі жыл ғана уақыт беріледі. Бұл ретте жер салығы жыл сайын ұлғайтылып тұрады. Егер меншік иесі белгіленген талаптарды орындамаса, жер учаскесін тегін алып қою рәсімі басталады.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер де талаптарды айналып өтудің жолы емес. Тиісті мақсатына, мысалы, егін салуға, бақша өсіруге пайдаланылмай жатқан учаскелер де жеке тәртіппен мемлекет меншігіне қайтарылуы ықтимал.

Алатаудан жер алудың екінші жолы – инвестор атану, бизнес объектісін ашу және қаланың экономикасына қаржы құю. Конституциялық заңның 67-бабының 8-тармағына сәйкес, Алатау қаласының резиденті болып саналатын заңды тұлғаларға жер учаскелері кейіннен меншікке сатып алу құқығымен пайдалануға берілуі мүмкін.

Алайда бұл үшін компания инвестициялық жоба аясындағы негізгі міндеттемелерін толық орындауы шарт.

Олардың қатарында:

  • инвестициясының жалпы көлемі;
  • инвестиция салу мерзімі;
  • бизнес-лицензияда белгіленген өзге де маңызды талаптар бар.

Осы орайда 2026 жылғы 2 маусымда өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді жаңа қаланың дамуына белсендірек тартуды жүктеді. Президенттің пікірінше, кәсіпкерлер "қаланың дамуына сырттан бақылаушы болып қана қалмай, оның толыққанды қатысушысына айналуы керек".

Мемлекет басшысы Шэньчжэнь, Дубай және Сингапур қалаларының даму тәжірибесін мысалға келтірді. Ол осы қалалардың алғашқы он жылдықтағы инвестициясының негізгі бөлігін шетелдік емес, ішкі капитал қамтамасыз еткеніне назар аудартты.

Яғни, алдымен мемлекет қажетті инфрақұрылымды қалыптастырады. Одан кейін жергілікті жеке бизнес іске кірісіп, жаңа шаһарда жаңа жұмыс орындарын ашады, салық түсімдерін арттырады және экономикасына қосымша инвестиция тартады.

Екі миллиондық мегаполис: Alatau City қандай болады және пәтерлер қашан сатылады?

Әзірге жаңа қала бұрынғы ауылдардағы жеке үйлерден тұрады. Алда Алатау тұрғындары үшін көпқабатты тұрғын үй кешендерінен нағыз қалалық пәтер сатып алу мүмкіндігі де пайда болуға тиіс.

Қаланың даму тұжырымдамасында дәл осындай көпқабатты тұрғын үй құрылысына басымдық берілген. Әйтсе де, әзірше бұл салада тек бір ірі жоба ғана ресми түрде таныстырылды. Ол – Iconic Complex көпфункционалды кешені.

Шаһардағы 2026 жылдың басты оқиғасының бірі – осы кешен құрылысының басталуы болды. 26 қазанда Gate District ауданында жобаның алғашқы іргетасын қалау рәсімі өтті.

Жобаға тартылатын инвестиция көлемі 800 млн доллардан асады. Жоспар бойынша мұнда биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнара бой көтереді. Кешенде пәтерлер, тұрғын апартаменттер, кеңселер, қонақүй, сауда нысандары мен қоғамдық кеңістіктер орналасады.

Жобаның бас мердігері – Қытайдың China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы. Ал, сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings&Merrill (SOM) бюросы әзірлеген.

Кешен құрылысын 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алайда құрылыс жұмыстарының басталуы пәтерлерді "котлован" кезінде сатып алуға болады дегенді білдірмейді.

2026 жылғы қарашадағы жағдай бойынша құрылыс компаниясы пәтерлер сатылымының басталғанын жариялаған жоқ. Ресми баға прайс-листі де ұсынылмады.

Сондықтан болашақ пәтер үшін алдын ала төлем немесе кепілақы сұрайтын делдалдардың ұсынысына сақтықпен қараған жөн. Мұндай мәмілелерге келіспес бұрын барлық ақпаратты тікелей құрылыс компаниясынан нақтылап алу қажет.

Алатау қаласы жер сілкінетін сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Сондықтан болашақ пәтер иелері үшін тағы бір маңызды мәселе – биік ғимараттардың қауіпсіздігі. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бас мердігерге құрылыс мерзімдерін қатаң сақтау, сейсмикалық төзімділік пен энергия тиімділігіне қатысты талаптарды мүлтіксіз орындау қажеттігін арнайы ескертті.

Сонымен қатар жобалық құжаттаманы халықаралық мамандарды тартып, тәуелсіз техникалық сараптамадан өткізу де көзделген. Бұл – бақылаудың қосымша тетігі. Мұндай сараптама қаланың арнайы құқықтық режимінде қарастырылған. Оның негізгі мақсаты – күрделі құрылыс нысандарының қауіпсіздік пен сапа талаптарына толық сәйкес келуін қамтамасыз ету.

Alatau City бос жерде, тақырдан тұрғызылып жатқан жоқ. Оның құрамына 12 ауыл енді. Олар: Арна, Дәулет, Еңбек, Жетіген, Жаңаарна, Жаңаталап, Жаңадәуір, Заречное, Қоянқұс, Құйған, Қайрат және Ынтымақ. Бұл елді мекендер енді Алатау қаласының шағынаудандары деп аталады.

Бұған дейін аталған ауылдар Алматы облысының Іле және Талғар аудандарына, сондай-ақ Қонаев қаласына қараған. Ал, Жетіген жаңа қаланың тарихи өзегіне, орталығына айналды.

Жаңа қаланың жалпы аумағы – 88 мың гектар. Ол 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытуды көздейтін төрт функционалдық аймаққа бөлінген.

Бас жоспарға сәйкес, ғасыр ортасына қарай Alatau City халқының саны 2 миллион адамнан асады деп күтілуде.

Осылайша, Алатау болашақта ауқымды инфрақұрылымы, заманауи тұрғын үй кешендері, заңғар ғимараттары, ірі бизнес орталықтары мен қоғамдық кеңістіктері бар ірі мегаполиске айналуды мұрат етеді. Оның жанындағы Қапшағай су қоймасы жыл он екі ай жұмыс істейтін туристік ірі аймаққа айналдырылады, онда тау-шаңғы кешені іске қосылуға тиіс.

Бірақ Алатаудан баспана не жер алып, оны қымбатырақ өткізуді ойлаған адамдар біраз кешікті: нарықтағы баға бірнеше есе өсті. Бұл қымбатшылық өзін-өзі ақтай ма, әлде арзандай ма, оны өмір көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу