Алаяқ алған кредитті жәбірленуші төлейді

4657

Өткен жылдың соңында Семей қаласының тұрғыны 320 азаматтың атынан онлайн несие рәсімдеп, микроқаржы ұйымы (МҚҰ) берген 10 млн теңгеден астам ақшаны бас пайдасына жаратып жіберді. Ал МҚҰ алаяқтың құрбаны болған азаматтардан қарызды қайтаруды талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Алаяқ алған кредитті жәбірленуші төлейді

Бұл туралы ресми мәлімдеме жасаған Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов: "Алаяқ жеке басын куәландыратын құжатын жоғалтып алған азаматтардың атынан микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған. Жапа шеккен адамдар мойындарында борыш жүктемесі бар екенін қарыз беруші сотқа шағымданған кезде ғана білген", – деді.

Айта кетейік, алаяқ ұсталды, бірақ қарыз алмаса да қарыз алғандардың қатарына қосылған азаматтардың мәселесі әзірше шешілген жоқ.

Мұндай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да тіркелді. Онлайн-несие рәсімдеген алаяқ 50 адамды сан соқтырды.

Қарыз қақпаны

Қарағандылық Даниил Зверевтің де зығырданын қайнатып жүр. Ол МҚҰ-дан ешқашан қарыз алмағанын дәлелдегісі келеді. Оның сөзінше, алмаған қарызды қайтару ақылға қонбайтын іс.

"Микроқаржы ұйымы мені сыртымнан сотқа беріп, алмаған қарызды өсімпұлмен қайтару туралы талап қойды. Мен борышты өтеуден бас тартып, оларға қарызды оңды-солды тарата бермеу туралы кеңес бердім. Бұл істің қашан, қалай аяқталатынын білмеймін. Қалай болғанда да мен көрмеген, алмаған, ұстамаған, жұмсамаған ақшаны ешкімге қайтармаймын", – деді жәбірленуші.

Алданған ару

Өзін банк қызметкері деп таныстырған алаяқтың нұсқауымен смартфонына әлдебір мобильді қосымшаны жүктеп, онлайн несие рәсімдеуге оқталып жатқан жандарға тосқауыл қоймақ болады. Бірақ оқиға басқаша өрбиді.

Жәбірленуші, алматылық журналист Әсем Лесбек күні бүгінге дейін екінші деңгейлі банкке қалай 1 млн-нан астам ақша берешек болып қалғанын түсінбейді.

"Телефоныма жүктеген мобильді қосымшаны ашқанда менің атымда 1 млн 267 теңге несие рәсімделіп тұрғанын көрдім. Сәлден соң тағы бір банктен 500 мың теңгеден аса қарыз қосылды", – деді алаяққа алданған ару.

Әсем Лесбектің айтуынша, банк менеджерлері несиенің қалай рәсімделгенін түсіндіріп бере алмаған. Бірақ қолына төлем кестесін ұстатқан.

Киберқылмысқа қарсы күрес күшейтіліп жатыр

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, өткен жылдың соңғы 10 айында елде 20 мың интернет-алаяқтық тіркелді. Оның едәуір бөлігін жалған несие рәсімдеу фактісі құрады. Алаяқтарға алданғандардың дені Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары болды.

Мәселенің ушыққаны соншалық, Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды. Жиында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: "Интернет-алаяқтар хакерлік бағдарламаларды қолданады. Оларға тосқауыл қою үшін киберқылмысқа қарсы күрес күшейтіліп жатыр", – деді.

Әр адам 300 мың теңге несие алады

Естеріңізде болса, Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2019 жылы қарызы 3 млн теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған адамдардың 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Бұл – бір реттік шара болды.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Президенттің пәрменімен табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз берілмейтін болды. Ал биыл Мемлекет басшысы екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының және коллекторлардың қызметін реттеуге қатысты құжатқа қол қойды. Нәтижесінде, коллекторлардың борышкерлерге қоқан-лоқы көрсетуіне, микроқаржы ұйымдарына жылдық сыйақының нақты мөлшерлемесін жасыруға, несие өтеу уақытын 90 күннен асырып алған азаматтардан 0,03%-дан артық өсімпұл сондай-ақ ломбардтарға "ерекше жағдайда" қарыз алушының кепілзаты мен мүлкін сатуға және өз меншігіне алуға тыйым салынды. Бұған қоса несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарды.

Қабылданған шараларға қарамастан ел азаматтарының несие рәсімдеу көрсеткіші азайған жоқ. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюроның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әсем Нұрғалиева: "Жыл сайын бұрын қарызы болмаған 500 мыңға жуық адам кредит алуға ниет білдіреді. Орта есеппен әр адам 300 мың теңге несие алады", – деді.

Алаяқтардан биометриялық идентификация құтқарады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың мәлімдеуінше, 2020 жылы микроқаржы ұйымдары ел азаматтарына 78 млн теңге несие берді. Оның 1 мыңға жуығын интернет-алаяқтар иемденіп кетті. 2021 жылы алаяқтарға алданғандардың саны 10 есе қысқарды. Бұған микрокредит беру талабының қатаңдатылуы негіз болды.

"Онлайн несие рәсімдеу барысында электронды қол қоюмен қатар Ұлттық банктің қазақстандық банкаралық есеп айырысу орталығының сервисі арқылы қарыз алушының биометриялық идентификациясы жеке басын куәландыратын құжаттағы бейнесімен салыстырылады. Бұған қоса нақты уақыт режимінде қарыз алушының дербес дерегі 2 рет тексеріледі", – деді агенттік төрағасы.

Қарыз иесі сотқа сүйреледі

Біздің елде шағын несие беру саласы ұзақ уақыт бақыланбады. Ұлттық банк микроқаржы ұйымдарына 2019 жылдан бастап қана назар аудара бастады.

Қаржы реттеушісі қарыз алушылардың құқығын қорғау мақсатында несиенің тиімді сыйақы мөлшерлемесін 56%-дан асырмау туралы қаулы қабылдады.

Алайда бұл шешім жағдайды жақсартқан жоқ. Қазірдің өзінде қысқа мерзімді микрокредиттің мөлшерлемесі жылына 2 мың пайызды құрайды. Қарыз төлеу мерзімі кешіктірілсе, көрсетілген пайыздың үстіне өсімпұл мен айыппұл қосылады. Бұл жерде микроқаржы ұйымына жүгінбеген, онлайн несие рәсімдемеген, бірақ алаяқтардың кесірінен мойнына қарыз жүктемесі жүктелген азаматтарға обал. Өйткені олар несие рәсімдемегенін дәлелдеу үшін сотқа сүйреледі, ал "аш бәледен қаш бәле" дейтін болса, алмаған қарызды қайтарады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, азаматтардың атынан жалған несие рәсімдеу фактісі анықталған жағдайда қарыздың үстінен өсімпұл, айыппұл жүрмейді.

Өкініштісі, бүгінгі таңда жәбірленушілер алаяқтар алған кредитті төлеуге мәжбүр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жалған микрокредит бойынша берешекті есептен шығаруды, зардап шеккендердің несие тарихын бүлдірмеуді сөз жүзінде ғана ұсынып отыр.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сәйкес, өткен жылдың 11 айында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде кредит беру саласында 83 алаяқтық фактісі тіркелді. 47 жағдайда сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. 7 іс сотқа жетті.

Бұл – ресми статистика. Шын мәніндегі жағдайды алаяқтарға алданған азаматтар ғана ғана біледі.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу