Алаяқ риэлторлардың халыққа жасап жатқан "репрессиясына" билік назар аударды

1425

Баспанасын риэлторлар арқылы сатпақ болған қазақстандықтар қан қақсап, жаппай қарыз болып қалуда.

Алаяқ риэлторлардың халыққа жасап жатқан "репрессиясына" билік назар аударды Фото: geoln.com

Қазақстанның риэлторлар қауымдастығы дабыл қақты: алаяқтар "риэлтор терісін" жамылып жүруі мүмкін. Бірлестіктің дерегінше, алаяқтықтың бірнеше схемасы белең алған. Біріншісінде, арзан бағамен пәтерлер сатылып жатқаны туралы хабарландыру жариялайды. Ондағы көрсетілген телефонға хабарласқан жандарға тұрғын үй кешені және өзгесі туралы ақпараттың белгілі бір ақыға ұсынылатынын мәлімдейді. Сұраған ақшасын беріп, мәлімет алған клиенттер ол деректердің жалған екенін кейін біледі. Бұл кезде хабарландырудағы нөмір байланыс аясынан тыс болып шығады.

Тағы бір схема бойынша алаяқ риэлторлар көңілі құлаған адамдарға "саудаға шығарылған" сән-салтанатты, бағасы да аса тартымды пәтерлерді тек ақылы негізде көрсетеді. Кейбірі клиентпен "келісімге" отырып, сатып алуға көмектесу қызметі үшін қомақты қаражат та алады. Алайда ізінше клиенттер ол баспананың сатуға қойылмағанын, тек бір күнге жалға алынғанын біледі.

Адамдарды алдап соғу үшін алаяқтар түрлі психологиялық қысымды пайдаланады. Мәселен, пәтер иесіне қаржы шұғыл қажет екенін, сондықтан арзан сұрайтынын айтып, клиентті асықтырады. Уақыттың тығыз-таяң болуынан сатып алушылар пәтер құжаттарының түпнұсқалығын өз бетінше не заңгер арқылы тексеріп үлгермейді.

Дегенмен, "ресми" риэлторлар қатысқан дау-жанжалдар да көп. Шетелге көшіп, жұртта қалған баспанасын сатуды риэлторлық агенттіктерге сеніп тапсырған адамдар пәтерінің тоналғанын, ішіндегі дүние-мүлкінен айрылғанын кейін біліп, сан соғып жатады. Сондай-ақ бір жылжымайтын мүлікті бірнеше адамға сату деректері де аз емес. Басқа да былықтары толып жатыр.

Ұлттық экономика министрлігі риэлторларға қатысты шағым көп түсетінін мәлім етті. Оларды бірнеше топқа бөлуге болады.

Біріншіден, риэлторлар баспанасын сатушы қарапайым азаматтарды, сондай-ақ кәсіпкерлер мен коммерциялық жылжымайтын мүлік иелерін өзімен "эксклюзивті келісімшарт" бекітуге мәжбүрлейді. Оған көніп, құжатына қол қойған адам нағыз "кабалаға" кіреді. Мәселен, егер сол мамансымақтың қызметіне, іс-қимылына көңілі толмай, өзге маманды жалдаса, немесе объектіні өз бетінше сатса, үлкен айыппұл санкцияларының астында қалады. Айыппұлды төлеуден бас тартса, басын сотқа сүйрейді.

Осылайша, ресми риэлторлар мүлік иелерін оны өз бетінше өткізу немесе басқа, сауатты, жауапты риэлтордың қызметіне жүгіну құқығынан толық айырады.

Екіншіден, министрліктің мәліметінше, өз міндеттемесін лайықты орындамағанына қарамастан, риэлторлардың сатушыдан және клиенттерінен сот арқылы және соттан тыс тәсілдермен жоғарғы ақыны және айыппұлдарды заңсыз өндіріп алуының оқиғалары қаптады.

Үшіншіден, риэлторлардың бір-бірімен сөз байласып, сыбайласып, қызметтерінің құнын күрт, дүрк көтеру фактілері тіркелуде. Депутаттардың айтуынша, халықтың олардың қымбат қызметін тұтынудан басқа амалы жоқ: Кrisha және басқа да жылжымайтын мүлік сатылатын сервистердегі, өңірлік газеттердегі хабарландырулардың басым көпшілігін – риэлторлар береді.

Төртіншіден, риэлторлар өз қызметінің ақысын сатушыдан да, сатып алушыдан да жинайды. Көптеген риэлторлар пәтер көрушілерден тіпті оны сатып алмаса да, яғни қандай да бір қосымша қызмет көрсетпесе де ақы талап етеді.

Бесіншіден, министрлік сарапшылары бұл нарықтағы қызметтердің сапасы төмен, көбіне – мүлдем нашар деп отыр.

"Риэлторлардың үлкен бөлігі жылжымайтын мүлкін сатқысы келетіндердің жеке хабарландыруларын жолай агрессивті түрде қағып алып, меншіктеумен, оларға өз қызметтерін қыстап таңумен айналысады. Өйткені жылжымайтын мүлік қожайындары мен риэлторлар хабарландыру орналастыру үшін бір интернет платформаларды пайдаланады. Көбіне риэлторлардың қызметі жылжымайтын мүлікті көрсетумен, ары кетсе – клиентті өз нотариусына бағыттаумен шектеледі", – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Бұған қоса, ведомствоның дерегінше, нарықта баспанаға қатысты мәміле жасау кезінде түрлі алаяқтық схемалар жолға қойылған. Соның ішінде "сұр риэлторлық" мәмілелер, жалған ақпараттар, клиентті жаңылыстыру, жылжымайтын мүлік иесінің рұқсатынсыз саудаға қойылған нысанды жалға, субарендаға беру және басқасы кездеседі.

Министрлік сарапшыларының түсіндіруінше, бұл проблемалардың бәрі дерлік – саланың реттелмеуінен туындап жатыр. Қазақстанда риэлторлық қызмет заңмен реттелмеген.

Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтың айтуынша, риэлторлар арқылы баспанасын сатпақ болған немесе сатып алмақ болған, ақырында ол мақсатына жете алмаған, соған қарамастан көрсетілмеген қызметі үшін риэлторлық компанияларға қарыз болып қалған қазақстандықтар жетерлік.

"Бір жағынан, бұған келісімшартқа оқымай-ақ қол қоя салуға жаман үйренген, немесе оқығанымен оны түсінуге құқықтық сауаты жетпеген, тиісті маманымен ақылдаспаған азаматтардың өздері кінәлі. Екінші жағынан, қулығына құрық бойламайтын риэлторлар әрдайым клиенттерін жұбатып, келісімнің жай шарттылық екенін айтады да, оның шарттары қандай ауыр салдарларға соқтыратынын түсіндірмейді. Бұл ретте бірнеше бетке терілген ұсақ әріптер арасында зұлмат шарттар жасырулы тұрады. Мысалы, пәтер иесі өз баспанасын сатудың эксклюзивті құқығын бейтаныс адамға беріп қойғанын түсінбей де қалады. Мұндай келісімге қолын қойған қожайын өз мүлкіне өзі иелік ету мүмкіндігінен айрылады", – деді мәжілісмен.

Ол қазақстандықтардың үлкен бөлігі келісімшарттардағы барлық дау-шиеленісті "арбитраж-төрелік сот", яғни жеке сот арқылы шешу туралы шарттан жапа шегетінін қаперге салды.

"Мемлекеттік емес институт болып табылатын арбитраждар дауларды шешу кезінде өз жағдайын теріс пайдаланады, әділетсіз, заңға қайшы шешімдер қабылдай береді. Өйткені судьялардан айырмашылығы сол, арбитрлар ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Сондықтан оларды сыбайласудан, коррупциялық қылмысқа барудан, алдаудан, алаяқтықтан ештеңе де тоқтата алмайды. Арбитражды сот құру – Қазақстанда оңай шаруа. ЖШС тіркетсеңіз, заңгерлік мамандықты бітіріп, орын таба алмай жүрген түлекті арзанға жалдасаңыз болды, "сот төрелігін" қалағаныңша жүзеге асыруыңа жол ашық. Арбитрларға қойылатын біліктілік талаптары өте-мөте аз. Салдарынан, арбитраждар жаппай риэлторлық компаниялардың пайдасына шешім шығарады", – деді депутат Олжас Құспеков.

Мәжілісменнің айтуынша, риэлторының әрекетсіздігіне, қиянат-қысастығына, негізсіз айыппұлдарына шағымданған қазақстандықтар арбитраждарда (төрелік соттарда) да, соттарда да сыпыра жеңіліп қалуда. Олардың бір бөлігі төрелік және мемлекеттік соттардың үкіміне шағымданып, Парламент депутаттарына арызбен жүгінеді. Алайда, депутаттардың айтуынша, оларға сот ісіне араласуға жоғарыдан тыйым салынған.

Әйтсе де, парламентшілердің қолынан бір іс келер еді: олар бассыз кеткен риэлторларды тәртіпке келтіретін жеке заң қабылдай алады.

Айтпақшы, елімізде нақты қанша риэлтор барын ешкім білмейді. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, бұл нарықта делдалдық қызметтер көрсететін заңды тұлғалардың саны – 1 157. Ал, дара кәсіпкерлерінің саны – 1 636.

Бірақ Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше, "баспананы және басқа жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу және жалға беру кезіндегі делдалдық қызметтер" экономикалық қызмет түрлерiнің жалпы жiктеуiшi (ЭҚЖЖ) бойынша 4 875 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Тіркелмей жұмыс істеп жүрген риэлторлардың саны белгісіз.

Қалай болғанда, проблемаға билік назар аударды, бірақ ары қарай заң қабылдап, нарықты ретке келтіріп, заңсыз тірліктерге тосқауыл қоймаса, бәрі бекер болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу