Алаяқтар А4 қағазына толы жүк көлігін қолды еткен

2984

Тауар иесі енжар полицейлермен арпалысып жүр. 

Алаяқтар А4 қағазына толы жүк көлігін қолды еткен

Қазақстанды күйзеліс қысқан сайын халық пен бизнесті алаяқтар көп жағалай бастады. Олар енді тек алдау-арбау схемаларымен шектелмей, оны ұрлық және қарақшылық әдістерімен араластырып қолдануда.

Елордалық белгілі кәсіпкер Қуанышбек Қабеш алаяқтар құрған осындай тұзаққа түсіп қалғанын әңгімеледі.

Оқиға былайша өрбіген. 22 қаңтарда компания басшысына Темірлан есімді ер адам хабарласады. Ол тендерді жеңіп алғанын, оны орындау үшін А4 форматындағы 1 мың 660 қорап қағаз керек екенін мәлімдейді. Тараптар телефон арқылы өнімнің бағасы бойынша мәмілеге келеді. Темірлан 23 қаңтар күні таңертең Көкшетау қаласынан жүк көлігімен келіп, тауарды өзі алып кететінін айтады. Ақшасын қолма-қол бермек.

"Таңертең тағы да қоңырау шалды. Ауырып қалғаны және Нұр-Сұлтанға өзі келе алмайтыны жөнінде хабардар етті. Оның орнына өнімді тікелей тапсырыс берушілер алып кетеді. Көлік те жетті, оның ішінде жүргізушіден басқа 2 әйел отыр. Машинаны қағазға толтырдық. Темірлан WhatsApp арқылы әлдебір Гүлзада деген адамның банк карточкасының фотосын жіберді: "әйелдер бүкіл тауар үшін ақшаны сол карточкаға аударуға тиіс" деді. Өз кезегінде Темірлан сол қаржының маған тиесілі бөлігін менің "Каспи Голдыма" аударады. Ақша түскен соң, мен чек пен тауарға ілеспе жүкқұжат  жазып беруім қажет", – дейді бизнесмен.

Әйелдер мессенджермен жіберілген телефон нөміріне барлық ақшаны жолдап, ақшаның адресатқа жеткенін көрсетеді. Әйткенмен кәсіпкерге Темірланнан ешқандай қаржы түспеген. Алаяқ осыдан кейін жым-жылас боп жоғалып кетеді, телефонын да сөндіріп тастайды.

"Мен жүк тиелген көлікті ұстап алуы үшін полиция шақыруға мәжбүр болдым. Бірер минутқа кеңсеге кіріп кеткенмін. Шықсам, машина зытып отырыпты. Сол күні Байқоңыр аудандық ішкі істер департаментіне алаяқтық фактісіне қатысты шағым жаздым. Полицейлерге маған 1,7 миллион теңгедей шығын келгені жөнінде баяндадым. Тәртіп сақшылары әбжілдік танытып, жүк көлігін жедел ұстады. Бірақ ол босап қалыпты: А4 қағаздарын басқа машинаға қайта тиеп үлгерген. Осы схеманы іске асыруға көмектескен екі әйел ұсталды. Артынша полицейлер оларды қоя беріпті. Менің келуімді де күтпеген. Жалпы алаяқтардың тұтас тобы жұмыс істейтін болса керек", – дейді бизнесмен.  

Бұл іс бойынша бастапқыда қылмыстық іс қозғалады. Тергеуші ізінше Темірланның өзі қолға түскенін хабарлайды. Оны жәбірленушімен беттестірген. Алаяқ оны шынында алдағанын мойындайды.

"Сонымен бірге Темірлан басқа қылмыс жасаған болып шықты, сол бойынша сот процесіне қатысу үшін Алматыға этаппен жолданды. Тергеуші Алматыдағы сот процесі аяқталған соң, оны менің ісім бойынша соттау үшін Нұр-Сұлтанға қайтаратынын түсіндірді. Олай болмады, Темірлан бостандыққа шығып, әлдеқайда жоғалып кетті. Тергеу бөлімі әрекетсіз қалды. Мен біраздан бері Байқоңыр аудандық ішкі істер департаментінің табалдырығын тоздырып жүрмін. Тергеу бөлімі басшысының қабылдауына кіре алар емеспін", – дейді Қ.Қабешұлы.

Қазіргі кезде аталған іс материалы архивке тапсырылған. Яғни кәсіпкердің шығыны өтелмей қалмақ.   

Бизнесмен тергеушілердің телефон қоңырауына жауап қатпайтынына, ешқандай түсініктеме бермейтініне қынжылады. Осыған қарап, ол "тергеушілер істі ашуға, алаяқты ұстауға мүдделі емес болуы мүмкін" деп қауіптене бастапты.  

Елордада болған оқиғаға қатысты ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев түсініктеме берді. Оның мәліметінше, ІІМ-нің тапсырмасымен Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті әңгіме болып отырған қылмыстық іс материалдарын зерделеген көрінеді.

"Нәтижесінде аталған істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды толық, жан-жақты әрі объективті зерттеу және тергеу іс-қимылдарын жүргізу жөнінде тергеу органына жазбаша түрде тапсырма берілді. 2020 жылғы 19 қазанда осы оқиға бойынша жабылған қылмыстық іс қайта ашылып, сотқа дейінгі тергеу қайта жандандырылды. Оның қорытындысында оқиғаға қатысы бар тұлғалардың іс-қимылдарына құқықтық баға берілетін болады", – деді ішкі істер министрі. 

Айтқандай, бас қаланың "Байқоңыр" ауданының полиция басқармасындағы жұмысына салғырт қарап, дұрыс тергеу жүргізбеген лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылғаны мәлім болды.

Бұл, әрине, бір адал кәсіпкердің басынан өткергені ғана. Осы оқиға қазіргі дағдарыс заманында бизнестегі азаматтарға контрагенттеріне, мәміле бойынша серіктестеріне аса абай болғаны, сақтықтың барлық шарасын қабылдағаны жөн екенін көрсетеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу