Алаяқтар енді балаларды пайдалана бастады

663

Маман бұл "эпидемияны" тоқтату үшін не істеу керектігін түсіндірді.

Алаяқтар енді балаларды пайдалана бастады Фото: deepai | inbusiness

Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, қазақстандықтар 2024 жылы интернет-алаяқтарға 45 миллиард теңгесін беріп қойған. Сәрсенов 98% жағдайда адамдардың мұны ерікті түрде жасағанын айтты.

"Жүргізілген талдау алаяқтар қолданатын негізгі әдістерді анықтады. Бұған қоңыраудың күтпеген кезде соғылуы, шаруаны шұғыл етіп көрсетіп, асықтыру, эмоцияларға салмақ салу, дербес деректерін өз еркімен ұсынуы үшін құрбанға жан-жақтан қысым көрсету, шым-шытырық нұсқаулық беру, сенімін жаулап алу кіреді. Проблема сол, біз осы барлық арандатушылыққа шынында да ереміз, көнеміз және 98% жағдайда алаяқтарға бүкіл құпия ақпаратты өзіміз хабарлап қоямыз. Олар оны пайдаланып, жинақтарды ұрлайды. Мысалы, өткен жылы азаматтардан 45 миллиард теңгесін осылай алдап алды", – деді ІІМ басшысының орынбасары.

Ол заманауи алаяқтар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланатынына назар аудартты.

Мысалы, сарапшылардың айтуынша, алаяқтар адамдардың фотосуреті мен видеосын, дауыстық хабарламаларын пайдалану арқылы оның атынан видеоүндеу жасай алады.

Тіпті нақты бір адамның атынан телефон соғып, оның дауысымен сөйлеу технологиялары да бар. Қоңыраулатқанның шын мәнінде нағыз әке-шешесі емес екенін оның балалары да айыра алмай қалады.

"Ішкі істер министрлігі күресіп жатқан киберқылмыс елімізде ғана емес, бүкіл әлемде алапат қарқынмен күш алуда. Жасанды интеллектінің үстемдік құруы қылмыскерлерге бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер мен құралдар арсеналын берді. Біздің азаматтар мен мемлекет бірігіп күресуге дайын болуы қажет. Алаяқтар дипфейк технологияларын қолданады, сол арқылы видео мен аудиожазбаны қолдан жасайды. Бұл ақпараттың қауіпсіздігі үшін салмақты қатер", – деді Сәкен Сәрсенов.

Бұған тосқауыл қою үшін ол жасанды зердеге қатысты заңнаманы түзіп, тұрақты жетілдіру қажет екенін ескертті. Сәрсенов сондай-ақ әрбір адам интернетке тек өз атымен кіретін және әр ісіне жауапкершілік алатын "анонимділіктен айыру" (деанонимизация) идеясын пысықтауды ұсынды.

Оған дейін алаяқтық орасан зор қарқынмен ілгері жылжып, "бекіністерді" бұзып, жаңа рекордтарды бағындыруда. 2023 жылмен салыстырғанда, 2024 жылы құрбандардың алаяқтарға ұстатқан қаражатының көлемі бірден 2,8 есеге артты.  

Сарапшылар алаяқтардың ересектерді ғана емес, балаларды да алдаудан тайынбайтынын мәлім етті. Мәселен, балалардың ата-анасының телефонына кіріп, кодты хабарлау арқылы оның жинағындағы миллиондаған қаржыны қолды етуге көмектескені, алаяқтарға есікті ашып, отбасылық бағалы заттарды, қаржы салынған сейфтерді, қымбат әшекейлерді тауып бергені сияқты деректер болыпты.

Сондықтан "қазіргі жағдайда балаларды алаяқтардың тұзағынан қалай қорғауға болады?" деген көкейкесті сауал пайда болды.

Осы сұраққа жауап берген психолог Кира Гольдштейн алдаудың құрығына балалардың, жасөспірімдердің түсіп қалу жағдайы жиілегенін жеткізді. Оқушы балалармен жұмыс істейтін, олардың тілінде сөйлейтін, оларға түсінікті психологиялық әдістерді меңгерген маман-алаяқтар іске кірісіпті.

"Ең бірінші және басты кеңес – отбасы мүшелерімен сенімді қарым-қатынасты жолға қойыңыз. Қиын жағдайда қалса, әлдекімдердің қоқан-лоққысына душар болса, балаңыз сізден көмек сұраудан қорықпайтын болуы керек. Балаңызбен бірге отырып, алаяқтықтың не екені, түрлері, оны қалай тануға болатыны туралы әңгімелесіңіз. Дәріс не нотация оқымаңыз, тең адамдай сөйлесіңіз, пікірін біліңіз", – деді психолог.

Екіншіден, балада қауіпті түйсік деңгейінде, интуитивті түрде сезінуін қалыптастырған жөн. Диалогта шынайы өмірден алынған, жаңалықтарда жарияланған оқиға-фактілерді мысалға пайдалануға болады.

Бірақ шектен тыс қорқытуға болмайды, онда баланың бойын үрей буып, мазасыздыққа ұшырап, оның соңы ауыр депрессияға соқтыруы ғажап емес.

"Қорқыныш сананы сарсаңға салатын тұрақты алаңдаушылықтың қайнар-көзіне айналады. Егер бала бұл әлем қалпымен қауіп-қатерге толы деп түсінсе, сол ойды санасына бекітсе, онда ол өзгеге және өзіне деген сенімділіктен айрылуы, паранойяға душар болуы, тіпті өмірден баз кешіп, оны тәрк етуге талпынуы мүмкін", – деді психолог.

Оның айтуынша, әрбір ата-ана өз балаларын сырттай бақылап, олардың әр жағдайда өзін қалай ұстайтынын анықтағаны жөн. Осы арқылы баласының сезікті мінез-құлқын уақытында танып, қауіп-қатердің алдын алуға бір мүмкіндік ала алады.   

Гольдштейн балаға мына жайтты ұғындырған жөн екенін нықтады. Егер әлдекім одан оқуына қатысы жоқ бір іс-әрекетті шұғыл жасауды талап етсе, соны орындауға жүгірмеуі керек, керісінше, тоқтап, ойласуы және ата-анаға немесе ересектерге жүгінуі қажет.

"Алаяқтар көбіне қисынға емес, эмоцияларға екпін түсіріп, манипуляциялар жасайды. Осы арқылы адамды, баланы шатастырады, адастырады. Жағдайдың төтенше, ауыр екеніне және дереу араласпаса, әрекет жасамаса, оның кесірінен апатты жағдай туындайтынына сендіреді", – деді маман.

Маңызды кеңес: баланы алдауды тануға үйретіңіз. Бұл оған өмір бойы қажет болады. Алаяқтар дипфейк арқылы ата-анасының, әпке-қарындасының, аға-інісінің суреті мен дауысын пайдаланып, ақша сұратып, видео не аудиожазба жолдауы мүмкін.

Мұндай жағдайда шын-өтірікті ажырату үшін отбасылық "құпия сөзді" ойлап табыңыздар. Күрделі, шетін жағдайда жазбада сол "кілт" сөз болмаса, бала көмектеспеуге құқылы болады.

Бұл ретте әрине, құпия сөзді балаға қатысты әрбір өтініште қолдана беруге болмайды, әйтпесе, құрбанының мінез-құлқын талдаумен айналысатын алаяқтар да оны сізге қарсы қолданады.   

"Балаңызға былай деңіз: "Егер әлеужеліде саған біреу жазып, тез арада ақша аудару керектігін айтса, солай жасауға асықпа. Бұл жерде әлдененің дұрыс еместігін сезінсең, әрқашан маған келіп, менімен ашық сөйлесе аласың". Осы арқылы балаңызды қауіпсіздендіресіз, әрі онда сындарлы ойлау қабілетін дамытасыз", – деді психолог.

Егер әлдекімдер баланы сазға отырғызып кетсе, бұл үшін оны қатты сөкпеген орынды.

"Ата-аналар алаяқтыққа мыңдаған адам, соның ішінде ең ақылман деген адамдар да тап болатынын білгені жөн. Оның жанында баланы алдау қиынға түспесе керек. Бала өзін әлемдегі ең ақымақ, адамзаттың қоры, бәріне айыпты жан сезінбеуі керек. Шок болған, өз ісінен ұялған бала онсыз да бірінші кезекте өзін айыптайды, өзін жазалайды. Бұған сіз қосылып, оны жермен-жексен етпеңіз. Кінәлап, ұрса жөнелу орнына, келесі жолы оны қайталамауы үшін сабақ болуын ойлаңыз. Аяушылық білдіріңіз", – деді психолог Кира Гольдштейн.

Ол келесідей сипатта әңгімелесуді ұсынды: "Түсінемін, бұл жағдайдың мән-жайын түсіну саған қиын болды. Қане, кел, екеуіміз не болғанын анықтап көрелік. Осылайша, келесі жолы бұл қайталанбауы үшін не істеу керектігін білеміз".  

Ол профилактикалық әңгімелердің маңызын атап өтті. Мұндай әңгімелесулер бір реттік болмауы қажет. Бала қулық-сұмдыққа толы әлемде қауіпсіз бағдарлануы үшін онымен қаржылық сауаттылық, кибергигиена, ақпараттың шындығын тексеру, дербес деректерін қорғау және басқа тақырыптарда ұдайы тілдесіп тұрған ләзім.

Онымен шектелмей, баланың ақпаратты қаншалықты дұрыс қабылдағанын абайлап тексеру, оны шынайы жағдайларда дұрыс қимылдауға үйрету маңызды.

Мұны ойын түрінде өткізуге болады. Мәселен, жаңалықта сипатталған алаяқтық схемасын, жаңа тәсілін баяндап, балалардан: "Ол адамның орнында болсаң, сен қандай шешім қабылдар едің?", – деп сұрауға болады. Бұл баланың төл пікірі мен ұстанымы бар тұлға ретінде қалыптасуына да ықпал етеді.

Ең бастысы, баланы шектен тыс күрделі жағдайлардың өзінде байсалдылық пен сенімділікті сақтауға үйреткен маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу