Олар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түрлі сайттарда "Бағасы өте арзан", "Шұғыл жалға беріледі", "Үй иесі қалада жоқ", "Қазір бронь жасамасаңыз, басқа адам алып қояды" деген сыңайдағы хабарландырулар жасайды. Ал бұл алаяқтардың ең көп қолданатын айла-тәсілдері, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Әуелі олар өздерін пәтер иесі ретінде таныстырып, сенімге кіреді. Кейін пәтерді көрсетпей-ақ, құжаттарды сылтауратып "кепіл ақы", "алдын ала төлем", "бронь үшін" деген желеумен ақша аударуды талап етеді. Ақша аударылғаннан кейін мүлде хабар-ошарсыз кетеді. Ал пәтер мүлде жоқ немесе бөтен адамға тиесілі болып шығады, – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінен.
Сондықтан пәтерді көзбен көрмей, ешқашан ақша аудармаңыз. Пәтер иесінің жеке куәлігін және меншік құқығын растайтын құжаттарын тексеріңіз. Міндетті түрде жазбаша келісімшарт жасаңыз. Егер сізді асықтырып, қысым көрсетсе – бұл алаяқтықтың белгісі.
"Қазір аудармасаңыз, басқа адам алып қояды", "Құжатты кейін жіберемін", "Тек онлайн рәсімдейміз, бәрі заңды", "Мен риелтормын, сенсеңіз болды" деген сөздерге сенбеңіз. Барынша сақ болып, күдікті жағдай туындаса немесе алаяқтыққа тап болсаңыз дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз", – деп ескертті полицейлер.