Алдағы екі-үш жылда газ экспорты тоқтайды, халыққа қандай қатері бар?

3737

Қазақстанда газды ішкі тұтыну көлемі артып, экспортты қысқартуға тура келеді. Бағасы көтеріледі.  

Алдағы екі-үш жылда газ экспорты тоқтайды, халыққа қандай қатері бар?

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Экспортқа жоғары бағамен шығару арқылы ішкі бағаны төмендетіп отырмыз. Бірақ ішкі тұтыну көлемі артса да, газ өндіру көлемі өспейтіні белгілі, сондықтан бізге экспортты қысқартуға тура келеді", – деді Болат Ақшолақов Үкімет отырысынан кейін.

Мұның салдарынан үкімет газ бағасын көтеруге мәжбүр болады.

"Ішкі тұтыну көлемі артса, 2024 жылдан кейін мүлде газ экспорттамаймыз деп ойлап отырмыз. Демек, бізде ішкі бағаны ұстап тұруға мүмкіндік болмайды. Газ бағасы көтеріледі", – деді министр.

Оның айтуына қарағанда, бағаны тұтынушылар тобына қарай белгілеу жоспарланып отыр.

"Мұнда тұтынушыларды топқа бөлу туралы ойлану керек. Біріншісі – халық және әлеуметтік қорғалмаған топ. Оларға төменірек баға болады. Екінші – газдың нақты құнын төлей алатын және төлеуі керек тұтынушылар тобы. Олар экспортқа және валюталық кірістерге толығымен бағытталған кәсіпорындар, сонымен қатар майнерлер. Коммуналдық немесе әлеуметтік бағыттағы кәсіпорындарды тағы бір топқа бөлу керек шығар", – деді Болат Ақшолақов үкімет отырысынан кейін журналистерге.

Оның айтуынша, орташа есеппен газ бағасы 60%-ға көтеріледі.

"Қазір газ бағасы арзан деп үнемдей алмаймыз. Ойлануға 180 күн берілді, әлі уақытымыз бар", – деді министр.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу