Алдағы ірі мерекелер кезінде үкімет екпінді еңбекке көшеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2283

Ел үкіметі "Жаңа жыл" мерекесі қарсаңында жағаны - жайлауға, арқаны кеңге салмай, биылдың 4-тоқсанын еселенген нәтижемен аяқтауға ниетті.

Алдағы ірі мерекелер кезінде үкімет екпінді еңбекке көшеді

Бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Ол осы орайда орыс тіліндегі "ударный труд" деген сөзді қолданды.

Айтпақшы, бас экономистке сенсек, қазақстандықтарды құттықтап қоюға болады, олардың жалақысы өсуде екен: "2017 жылғы қаңтар-тамызда орташа айлық жалақы номиналды мәнде 3,0%-ға өсіп, 143,3 мың теңгені құрады", – деді министр.

Жалпы, үкімет осы жиынында биылғы тоғыз айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын шығарған болатын.

Осы кезеңде Қазақстан экономикасы 4,3%-ға өсе отырып, ағымдағы жылғы қаңтар-тамыздағы өсу қарқынын сақтап қалған. Бірақ жыл қорытындысы бойынша тек үш пайыздан сәл жоғары болатын өсу көрсеткіші күтіліп отырған көрінеді.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, экономикалық өсуге макроэкономикалық тұрақтылық пен инвестициялық белсенділік, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы қолайлы жағдайлар ықпалын тигізуде. Ең алдымен бұл сұраныстың жалғасуына және біздің экспорттың негізгі түрлеріне бағаның жақсаруына қатысты.

"Мемлекеттік және салалық бағдарламалардың шеңберінде қабылданған шаралардың арқасында экономиканың барлық бес саласы бойынша жағымды үрдіс байқалып отыр", – деді Тимур Мұратұлы.

Соның ішінде экономиканың нақты секторына тоқталсақ, мұнда "өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс салалары" өсудің негізгі қозғаушылары болып отыр.

Өнеркәсіп қаңтар-қыркүйекте 8,3%-ды құрап, жыл басынан бері тұрақты өсім көрсетуде.

Көмір және лигнит, мұнай, табиғи газ, сондай-ақ түсті металдар кенін өндірудің екі таңбалы сандармен өсуі есебінен кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 11,3%-ға ұлғайды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу 5,7%-ды құрады. Ішкі нарыққа бағдарланған салаларда айтарлықтай өсу байқалып отыр, ең алдымен бұл фармацевтика өнімдерін өндіру, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдері және сусындар, сондай-ақ мұнай өнімдері болып табылады.

Экспортқа бағдарланған салалар өсудің тұрақты қарқынын көрсетіп отыр, мысалы қара металлургиядағы өндіріс 7,8%-ға, түсті металдар өндірісі – 6,6%-ға өсті.

Ауыл шаруашылығында өсу 1,9% деңгейінде сақталып отыр, бұл ретте құрылыстағы өсу ағымдағы жылғы қаңтар-тамыздағы 0,1%-дан 9 айда 3,5%-ға дейін жылдамдады.

Үкіметте көптеген өңірлердің өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және құрылысында өсудің оң серпіні байқалып отырғаны хабарланды.

Дегенмен, өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында төмендеу 2 өңірде ғана байқалып отыр – тиісінше Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында және Қарағанды мен Батыс Қазақстан облыстарында.

Құрылыста 4 өңірде төмендеу тіркелді. Бұлар Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары және Астана қаласы.

Сонымен бірге, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша аутсайдерлер саны ағымдағы жылғы қаңтар-тамыздағы 3 өңірден 6 өңірге дейін көбейді.

"Бұл ретте, құлдырау ауқымдылығы Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарында 2 еседен артық төмендеді. Қыркүйекте жаңа "аутсайдерлер" қатарына Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы кірді. Осыған байланысты өңірлер әкімдері негізгі капиталға инвестициялардың төмендеуіне жол бермеу бойынша мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қоса алғанда, тиісті шаралар қабылдауы қажет", – деп нұсқады ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, негізгі капиталға инвестициялар да артуда екен.

Экономиканың дамуына оң әсерін тигізетін инвестициялардың өсу серпіні біртіндеп жақсаруда. Ағымдағы жылғы 9 айда негізгі капиталға инвестициялар көлемі 4,4%-ға өсті. Инвестицияның неғұрлым өсуі саудада және құрылыста, сондай-ақ жылу және сумен жабдықтау желілерін жаңғырту нәтижесінде өнеркәсіпте байқалады. Айталық, сумен жабдықтау және кәріз жүйесі салаларында инвестициялар 46,5%-ға, электрмен жабдықтауда – 15,6%-ға өсті.

Бір айта кетерлігі сол, шетелдік инвесторлар әкелген ресурстардың ағыны сұйыла бастаған, бірақ бір жақсысы, өзіміздің бизнесмендердің ұлттық экономикаға құйған қаржысының ауқымы ұлғайыпты. Осылайша, олар мемлекетке мықты тірек болуда.

"Қаржыландырудың сыртқы көздері бойынша төмендеу байқалды. Негізгі капиталға инвестициялардың өсуі ең алдымен ішкі көздерден қамтамасыз етілген. Мәселен, ішкі көздері есебінен инвестициялар нақты мәнде 19,2%-ға өсті. Ал сыртқы көздер есебінен келген инвестиция төрттен үш бөлігінен астамға төмендеді. Осылайша, ішкі көздер есебінен қыркүйекте инвестициялардың өсуі жылдамдады", – деді Тимур Сүлейменов.

Ал ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевтің мәліметінше, қаржы секторында іскерлік белсенділік аясында экономиканы несиелендіру көлемінің өсуі байқалады. Жылдың басынан бері алғаш рет шілдеде орын алған экономиканы кредиттеудің өсуі тамызда жылдамдады.

Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ұзақ мерзімді кредиттер 11 триллион теңгені құрап, 4,5%-ға дейін өскен. Негізінен, осының өсуі есебінен кредиттер жылдың басымен салыстырғанда 2,6%-ға ұлғайған. Қысқа мерзімді кредиттер көлемі 6,4%-ға төмендеп, 2,1 триллион теңгені құрады.

Ағымдағы жылғы қаңтар-тамыздағы жағдай бойынша жаңадан берілген кредиттердің көлемі 2016 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 5,7%-ға өсіп, 6,6 триллион теңгені құрады.

Бұл ретте жаңа кредиттер негізінен сауда, байланыс, көлік және құрылыс сияқты экономиканың өндірістік емес салаларына бағытталғаны атап өтілді.

Сонымен бірге, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы сияқты экономиканың өндірістік салаларында жаңа кредиттерді беру шамамен үштен бір есеге төмендепті. Бұл аграрлық-өнеркәсіптік бейінді емес активтер батпағынан шыға алмай жатқан банк секторындағы күйзеліс пен қиындықтардан көрініс берсе керек.

Бүгінгі үкімет отырысында сондай-ақ жекешелендіруді жүргізу барысы да қаралды. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Айдар Әріпхановтың мәлімдеуінше, алдағы 2018 жылы "Тұрғынүйқұрылысжинақ банкін" жекешелендіру көзделіп отыр.

"Биылғы жылғы 17 мамырда біз "Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі" АҚ-ын жекешелендіру бойынша қаржылық кеңесші-консультант – "ScholzvonGleich" (ШольцфонГляйх, SvG) компаниясымен келісімшарт бекіттік. Ол аталған банкті саудаға даярлайды, стратегиялық инвесторды іздейді және банк акцияларын өткізу бойынша мәмілені сүйемелдейді", – деді ол.

Айдар Әріпхановтың айтуынша, бүгінде банкті алдын ала инвестициялық талдау бойынша жұмыстар жүргізілген. ТҚЖБ-ны индикативтік бағалау жасалған. Әлеуетті инвесторлардың және серіктестердің тізімі әзірленген. Ықтимал шетелдік инвесторларға ұсыныс-хаттар жолданған. Және олардың кейбірімен келіссөздер жүргізілуде екен. Бірақ дәл қазір сатып алуға ынтығып отырғаны болмағандықтан, олардың аттары аталмады.

"Биылғы жыл соңына дейін мүдделестік білдірген инвесторлармен егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізу және олардан мәмілеге қатысуға ниеті туралы ұсыныстар алу жоспарлануда. Біз қаржылық қызметтер мен ипотекалық несиелендіру нарығындағы жетекші ойыншылар қатарынан халықаралық инвестор тартуды қалап отырмыз. ТҚЖБ-ны жекешелендіруді 2018 жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарда бар", – деді "Бәйтерек" басшысының орынбасары. ТҚЖБ әзірге осы холдинг құрамына кіреді.

Оның айтуынша, ақырғы мақсат – ТҚЖБ-ға озық технологиялар мен жаңа банктік қызметтерді ендіру, оның қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәліметінше, жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына 877 объекті енгізілген. 1 қазандағы жағдай бойынша 441 объекті сауда-саттыққа шығарылып, оның 291-і сатылды. Олардан ел бюджетіне 112,7 млрд теңге түскен. Яғни, бір мемлекеттік зауыт-кәсіпорын, компания, нысан орташа есеппен 387 миллион теңгеге сатылған.

Ал 211 объектіге бизнесмендер қызығушылық білдірмепті, сондықтан олар қажетсіз нысан деп танылып, қазір қайта құрылуда не таратылуда.

"Осылайша, жекешелендірудің кешенді жоспарының ағымдағы күнге орындалуы 74,3 пайызды құрайды", – деді бас қаржыгер.

Министрдің айтуынша, бизнесмендер қоғамдық тамақтану бойынша қызметтер, транспорттық, жарнамалық, үйретуші агенттіктер секілді әртүрлі салаларда қызмет көрсететін мемлекеттік объектілерге көбірек қызығушылық танытып, тезірек сатып алады екен. Сонымен бірге, олар тарапынан өңдеуші өнеркәсіп объектілеріне ынта-ықылас байқалады.

Қаржы министрі проблемалар да анықталып отырғанын айтады:

"Біріншіден, ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша тарату және қайта құру сатысындағы 211 объектінің тек 80 объектісі таратылды. 131 объекті тарату және қайта құру сатыларында. Бұл ретте, 3-4 жыл бұрын тарату немесе қайта құру жөнінде шешім қабылданған объектілер бар екендігін атап өткім келеді. Бұл объектілер осы күнге дейін әлі таратылмаған. Биыл 5 объекті бойынша тарату рәсімі басталмаған. Аталған заңды тұлғалар органдарының тиісті шешімдері жоқ. Олардың ішінде 4 объекті – коммуналдық меншік, ал 1 объекті – ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты республикалық меншік", – деді Бақыт Сұлтанов.

Екіншіден, әкімқаралар мен шенеуніктердің қулығы болуы ықтимал: сатылуға тиіс кейбір объектілер қайта құрылымдауды бастан өткеруде екен, салдарынан, министрдің айтуынша, "олардың осы жылы сауда-саттыққа шығарылмау қаупі бар". Мұндай объектілердің жалпы саны – 7. Оларды үкімет амалсыз 2018 жылға ауыстыратын болады.

Осыған байланысты үкімет отырысында әкімдіктерге, мемлекеттік органдарға "тарату рәсімдерін үдемелі қарқынмен бастау", "таратылмаған 131 объекті бойынша орындау мерзімдері мен қадамдық іс-шараларды қамтитын оларды таратудың "Жол карталарын" әзірлеу жүктелді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу