Алдағы қыста Ресей Украинада "холодомор" ұйымдастыра ала ма?

2773

Шетелдік сарапшылар ТМД және Еуропа аумағындағы ең ірі соғыстың қыс маусымында қалай өрбитінін бағалап, сценарий құрды.

Алдағы қыста Ресей Украинада "холодомор" ұйымдастыра ала ма? Фото: google.com

Ресей де, Украина да өліспей беріспеуге, жауын жеңбей бітіспеуге бел буғандай. Қан-қасап қырғын қыста да жалғасатын түрі бар, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл жерде ресейліктер арасында ақтүтек боран мен үскірік аяз орыс әскерінің жеңіске жетуіне үнемі көмектеседі деген пікір қалыптасқан. Мұны олар "генерал Аяз" деп атайды. Көршінің басылымдары "Владимир Зеленский боится российской тактики генерала Мороза" деген сияқты тақырыпқа толы.

Ал Украинаның мықты тылы қызметін атқарып келген Батыста, бірінші кезекте АҚШ-та қарулы жанжалдың қысқы сценарийіне қатысты пікірлер екі топқа жарылды. Бір жағы соғыстың қыста тоқырап, қарсыластар қорғанысқа көшетінін болжаса, басқа саясаткерлер мен әскери сарапшылар Украина қарқынды шабуылын жалғастырады деген сенімде.

Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Ресейдің "генерал Аяз" көмегімен жеңуді қалап отырғанын мәлімдеді.

"Біз Украинаға қолдауымыздың қыста да әлсіремейтінін паш етуге тиіспіз. Бұл соғыс одан Батыс әлемі шаршады екен деп аяқтала салмайды. Украинаны қанға бөгу жалғасады. Мұны Путин қалап отыр. Ол демократияны әлжуаз, нашар санайды. Ол "генерал Аяз" қайтадан жеңіске септеседі деп күтіп отыр. Бұрынғы соғыстарда Ресей қысқы аяз көмегімен жеңген. Ол сондай-ақ қысқы ызғар, ресейлік газ жеткізілімдерінің тоқтауы, еуропалықтардың жаурауы, электр және жылу қуатының қатты қымбаттауы Украинаға қолдау көрсетуге деген біздің құлшынысымызды жояды деп ойлайды", – деді еуропалық дипломатияның басшысы.

The Washington Post тұжырымдауынша, қыс елді азат етуге асыққан Украина армиясын тұйыққа тіреуі, ал ресейлік қолбасшылыққа оның қозғалысын тежеуге мүмкіндік беруі ықтимал.  

"Сырттағы температураның құлдырауы әскерлердің азық-түлік пен керек-жараққа деген мұқтаждығын арттырады. Майдан даласын тылдан қамтамасыз ету жүйесі қазір онсыз да шектен тыс жүктелген, ал қыс оған түсетін ауыртпалықты тіпті арттырады. Украина жеріндегі қыстың ерекшелігі бар. Жер терең тоң болып қатпайды, қармен бірге жаңбыр да жауады. Салдарынан ұрыс даласында ми батпақ орнап, ауыр сауытты техника атаулы батпақтап тұрып қалады. Бұл жайт әсіресе, бүгінде сұрапыл соғыс жүріп жатқан елдің оңтүстігіндегі әскерилерді айрықша алаңдатады. Мұндай жағдайда шабуыл жүргізіп, ілгері жылжу қиындайды", – деп түсіндірді америкалық басылым сарапшылары.

Украина қыста тағы бір қысастыққа тап болуы ықтимал. Басылымның жазуынша, көптеген украиналық "Ресей азаматтық инфрақұрылымға, соның ішінде жылу-электр орталықтарына, қуат өндіруші станцияларға, яғни ірі қалаларды жылумен, энергиямен қамтушы нысандарға дәл қақаған қыста соққы береді" деп мазасызданады. Өмір үшін күресу ауырлайды. Демек, соғыста қай жақтың рухы биік, жеңіске құштарлығы зор болса, тағдыр тауқыметіне шыдас бере алса, сол жеңбек.

Қысқа дейін шабуыл қарқынын жоғалтып алмауға күш салған украиналық әскерлер ірі қалаларды алмағанымен, деревнялар мен елді мекендерді бірінен соң бірін босатып, жауды елдің оңтүстігіндегі, шығысындағы және солтүстігіндегі оккупациялаған территориялардан ығыстыруда. Қыркүйекте Харьков облысы толық дерлік босатылды. Қазіргі уақытта ЗСУ Херсон облысын, ең бастысы Херсон қаласын азат етуге жұмылуда. Бұл – биыл соғыс басталғалы Ресей басып ала алған жалғыз облыс орталығы. Бұған дейін РФ толық жаулай алған жалғыз облыс – Луганск облысында да дұшпан кері шегінді: шамамен 500 шаршы шақырым аумақты тастап шығуға мәжбүр болды.

Жалпы алғанда, Мәскеу Украинаның 4 облысын (Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье) толық басып ала алмаса да, қағаз жүзінде аннексиялап, РФ құрамына қосатын заң қабылдады. Сондықтан ол дәл осы облыстарға тас кенедей жабысады. Осы мақсатта ресейлік әскер Луганск пен Донецк облыстарын ұстап қалуға арналған басты плацдарм – Сватово – Кременная – Лисичанск майдан шебі желісінде бекіністер тұрғызып, терең әрі ұзын окоп, траншеялар қазып, жанталаса бекінуде. Қыста бұл бекіністерді алу қиынға түсері сөзсіз.

Осы аумаққа таяуда ғана мобилизацияланған жауынгерлер шұғыл аттандырылды. Олардың алды қырылып, топ-тобымен тұтқынға берілуде. Мысалы, Украина ақпарат құралдары және ресейлік әскери пабликтер Ресейде мобилизацияланған 60 солдаттан тұратын топ берілуге қарсыласқан командирін өлтіріп, қарсыластары алдында қолдарын көтергенін хабарлады. Тағы бір видеода слэнгте "чмобик" аталатын ішінара мобилизацияға іліккендер бір ротаға екі-үш буржуйка пеші ғана берілгендіктен, солдаттар оған таласып, бір-бірінен тартып алатынына, ұрлап әкететініне шағымданды. Яғни қысқа дайын еместігін Ресей жағы әлден аңғарта бастағанға ұқсайды.

Әйткенмен, Батыс, НАТО елдері ЗСУ-дың қыста да шабуыл жасай алатынына сенетін болса керек. Мұны Украинаға батыстық серіктестері беруді жоспарлап отырған қару-жарақтың тізімінен білуге болады. Арасында үлкен көлемде артиллериялық қондырғылар, минаға қарсы құралдар және басқа да шабуылға қажетті арсенал бар. Бұған қоса, Украинаның одақтастары оның жауынгерлеріне арналған қысқы жылы киімдерді, бас киімдерді, термоішкиімдерді, басқа да жылу сақтағыш заттарды жеткізу көлемін күрт арттырып жатыр. Бір Канаданың өзі 500 мың солдатқа арналған өз әскерінің қысқы экипировакасын жібермек. Оның бәрі дайын, тігуге уақыт кетірудің қажеті жоқ, тек шеврондарын ауыстырса, жеткілікті. Украина жауынгерлері қысқы ақ түтек боран мен сүйекті қаритын аязда бойын жылы ұстап, суықтан қол-аяғы қалтыраған қарсыласқа қарағанда бәсекелестік басымдыққа ие болуы мүмкін. 

Украина қару жетіспеушілігі проблемасына тап болуы ықтимал. Әскерилер батыстық кейбір техника қатты суықта пайдалануға көп жарамайтынына назар аудартып жүр.

"Базалық механика Украинада істен шыға бастады. Ол техникаға жанар-жағармай жеткізу күрделене түсуде. Ал қыста техниканың отынды тұтыну көлемі еселеп артады. Электр генераторлары бұзылып қалмауы үшін оларды ағытуға болмайды. Бір тоқтаса, қайта қосу мүмкін емес. Келе жатқан қыс қос армияны да стратегиялық диллема, жолайырық алдына қояды. Алғы шептегі қажеттіліктерді өтеу үшін әскер түрлері қыста бір бірімен жақын, тығыз болуы, өзара ресурстармен алмасуы қажет. Алға озып кеткендер қару, керек-жараққа зәру болып қалуы мүмкін. Олай болса, қай жақ шабуылдаса, соған қиынға түседі", – дейді Аризона штатынан сайланған конгрессмен, АҚШ теңіз жаяу әскері корпусының ардагері Рубен Гальего.

Пентагон Ресей жағы қыс түскенше логистикалық операцияларын лайықты түрде жолға қоя алмайтынына сенім білдірді. Ресейлік әскер жаздың өзінде жанар-жағармайдан тарығып, майдан даласында багы босаған, еш сынбаған ауыр техникаларын тастап кетуге мәжбүр болған.

"Әрине, қыс қос тараптың солдаттарын аяусыз сын тезіне салады. Бірақ Украина жауынгерлерінің бір басты артықшылығы бар. Оларға жергілікті тұрғындар қолдау көрсетеді. Соғыс басталғалы ЗСУ халықтан көмек көріп келеді. Тұрғындар бастарын бәйгеге тіге жүріп, солдаттарды азық-түлікпен, отынмен, көлікпен жабдықтауда. Қажет кезде баспана да ұсынады. Ал ресейліктер деревняға кірсе, тұрғындар өз армиясына хабарлап қояды, қастандық жасауы да мүмкін. Алдағы қыс халықтың өз армиясына қолдауы әлсірегенін әлде күшейгенін көрсетеді", – деді америкалық журналистерге сұхбатында Штабтар бастықтарының біріккен комитетінің өкілі, полковник Дэйв Батлер.

Қазір Украина халқы ақша жинап, "Байрақтар" дрондарын, әскери автокөліктерді, тіпті ғарышта самғап жүрген ICEYE барлау спутнигін сатып алды.

Алайда The New York Times тұжырымдауынша, Ресей жағы азаматтық инфрақұрылым атаулыға үстемелете соққы беріп, Украинада "холодомор" ұйымдастырса, онда халыққа байтал түгіл, бас қайғы болып, бар тапқаны өз қажеттіліктерінен арылмай, армияға көмектесу қабілетінен айырылуы мүмкін.

АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин Украинаның бүкіл қыс бойы шабуылдап, бұрын жоғалтқан жерлерінің мейлінше көбін қайтаруға құлшынып отырғанын жеткізді. Сол себепті оның мәліметінше, Құрама Штаттар мен оның одақтастары Украинаны қарумен және қажетті қорлармен жабықтайтын болады. Ол алда "ауыр апталар, айлар, тіпті жылдар тұрғанын" қосты.

"Менің білуімше, Украина өз территориясын азат ету үшін қыста да қолдан келгеннің бәрін жасайды, бас бұғып қалмайды. Олар майдан даласында тиімді қимылдай алуы үшін біз де қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Соңғы уақытта олардың елдің солтүстігі мен оңтүстігінде өте тиімді әрекет еткенін, сөйтіп орыстарды қашуға мәжбүрлегенін көрдік. Сондықтан Украина Қарулы күштері қыста да дәл осындай тегеурін танытуға қабілетті екеніне сенеміз", – деп мәлімдеді америкалық Қорғаныс министрі Брюссельде әріптестерімен кездесуден кейін.

АҚШ бастаған Украинаны қорғау бойынша контактілік топ кездесуінде бұл елдің ірі қалаларын әуе қорғанысының сенімді жүйелерімен (ПВО) қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.

Киев Германияның заманауи жаңа зениттік-зымыран кешені жүйелерінің алғашқы данасын жеткізгенін мәлімдеді. ГФР IRIS-T кешенінің төртеуін беруге уәде еткен. 360 градусқа айнала алатын бұл кешендер қалаға қарай ұшқан зымырандарды жолай қағып түсіре алады. Тек дыбыстан жылдам ұшып қана қоймай, жолай траекториясын өзгертіп, бұлғаңдай  алатын "Искандерлерге", "Кинжалдарға" ғана тісі батпайды. Бір ғажабы, Германия ол кешендермен әлі өз армиясын да жабдықтамаған екен. АҚШ та NASAMS зениттік зымыран кешенінең 2 данасын жеткізуді тездетуге уәде берді. Бұл кешен мысалы, Ақ үйді және Вашингтондағы басқа да стратегиялық маңызды нысандарды әуе шабуылынан қорғап тұр. Франция мен Нидерланды да басқа жүйелерді беруге келіскен.

Егер Батыс украиналық ірі қалалардың аспанын шабуылдан қорғайтын қолшатыр түзе алса, онда азаматтық инфрақұрылым, тұрғын үйлер сау қалып, халықтың армияға көмегі еселеп артуға тиіс.

Еуропалық Рolitico басылымының хабарлауынша, Украина қалалары қысқы соғысқа қызу дайындалып жатыр. Мысалы, жылу-электр орталықтары зымыран соққысына қарсы төтеп бере алулары үшін нығайтылуда: аралығына құм толтырылып, қабырғаларының сырты бетон плиталармен қапталып жатыр. Сондай-ақ қалалар мэриялары буржуйка аталатын темір пештер сатып алуда.

Мысалы, бір ғана Львов қаласы 600 шойын пеш сатып алған. Мэрдің орынбасары Сергей Кираль бірнеше мыңы сатып алынатынын, егер жау ЖЭО-ны жарса, қаланың әр ауданы мен көшесіндегі ғимараттарда пештер орнатылып, халықтың сол жерде жылынуы мен тамақ істеуіне жағдай жасалатынын хабарлады. Бұған қоса, билік ол жағдайда халыққа тегін отын таратпақ. Осы мақсатта мэрлерге азаматтардың көпқабатты үйлердің жертөлелерінде темір пеш орнатуына көмектесу жүктелген.

Осының бәрі – жеңістің қамы. Биліктен көмек көрген халық оған да қолдау көрсетіп, жеңісті жақындатуға үлес қосатын болады. Ендеше азаматтық нысандарды жойып, ашынған жұртты өз билігіне қарсы қоюды көздеген қастың қарау ниеті іске аспайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу