Алдағы он жылда шетелден 36 мың мүйізді ірі қара жеткізілмек

5644

Жамбыл облысында былтырдың өзінде тек "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамы арқылы өзге мемлекеттен 1 703 мүйізді ірі қара мал сатып алынған.

Алдағы он жылда шетелден 36 мың мүйізді ірі қара жеткізілмек

Биыл өңірде мүйізді ірі қара мал саны 7,1 пайызға артқан. Оның ішінде  сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің көптеп ашылуының нәтижесінде сауын сиырдың саны 8 пайызға өскені байқалуда. Ал қой мен ешкі – 3,9, жылқы – 7,8, түйе 8,1%-ға көбейген.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов айтып берді. Оның сөзінше, өңірде 2018-2027 жылдары асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында әзірленген бағдарлама аясында алдағы он жыл ішінде шетелден 36 мың мүйізді ірі қара мал әкелу көзделіп отыр. Өткен жылы ғана "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамы арқылы өзге мемлекеттен 1 703 мүйізді ірі қара мал жеткізілген.

"Бұдан бөлек, өңірдегі шаруа қожалықтары шетелден 32,2 мың бас қой әкелді. Алдыңғы жылы облысымызға 18,4 мың бас қой жеткізілгені тағы бар. Биыл 37 шаруа қожалығы 4550 мүйізді ірі қара сатып алуға ниет білдіріп отыр. Агроқұрылымдар сырт елдерден 656 млн теңгеге 1694 мүйізді ірі қара сатып әкеліп, жерсіндіруде. Жалпы, жыл басынан бері облысқа мұндай 2912 бас мал әкелінді", – деген Қайрат Тілеубайұлы.  

Мал басының артуы елімізден экспортқа шығарылатын ет өнімдері көлемінің ұлғаюына өз септігін тигізуде. Мәселен, өткен жылы  шетелге 1014,1 тонна сиыр, 1659,1 тонна қой еті өткерілген. Ал биыл 1500 тонна – сиыр, 2000 тонна қой етін экспортқа шығару көзделіп отыр екен.

Сондай-ақ салаға жауапты мамандар өңірімізде құс еті өндірісі жүйелі жолға қойылып келе жатқанын айтады. Алдағы уақытта құс еті көлемін де екі есеге арттыру жоспарланып отырған көрінеді. Биылдың өзінде Жамбыл облысында үш ірі құс фабрикасы экспортқа 224,7 тонна құс етін жөнелткен

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу