Алдағы тамызда Украинадағы соғысты бейбіт реттеу процесі басталады

2160

Киев бейбіт келіссөздерге қатысатынын растады. Бірақ келіссөздер үстеліне Ресей шақырылмады. Оның мүддесін кім қорғамақ? 

Алдағы тамызда Украинадағы соғысты бейбіт реттеу процесі басталады Фото: rex-net.livejournal.com

Араағайын елдер Украина және Ресей арасындағы қарулы жанжалды реттеу жолдарын Мәскеудің қатысуынсыз іздеуге бел буды.  

Осы мақсатта алдағы сенбіде, 5 тамызда Сауд Арабиясы өзінде ондаған елдің делегацияларын жинайды деп күтілуде. Екі күнге жоспарланған жиында олар Еуропа етегіндегі соғысты тоқтататын бейбіт келіссөздер процесін қалай іске қосуға болатынын талқылайды, соның тетігін түзуге тырысады.

Бұл туралы осы тақырыпты пысықтауға тартылған дипломаттарға сілтеме жасап, Wall Street Journal хабарлады.

Оның дерегінше, келіссөздерге Украинаның өзі, Батыс елдері және жетекші дамушы елдер жұмылады. Джидда қаласындағы кездесуге Ұлыбритания, Еуропалық Одақ елдері, Польша, Бразилия, Мысыр, Үндістан, Индонезия, Замбия, Мексика, Чили және Оңтүстік Африка сияқты 30 ел мен ұйымның өкілдері келеді деп күтіліп отыр.

Фото: africasecuritynewswire.com

WSJ бұл жиынға агрессор ел ретінде РФ өкілдері қатыстырылмайтынын жазды. Оның мүддесін Оңтүстік Америкадағы, Африкадағы және Азиядағы елдер ұсынбақ. Мысалы, Қытай, Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африка елдері БРИКС клубы бойынша Мәскеудің серіктесі саналады. Бірнеше аптадан соң БРИКС лидерлері Йоханнесбургтағы саммитте бас қосады. Ол жиынға да Владимир Путиннің өзі барып, қатыса алмайды. Оның Оңтүстік Африкаға баруына Халықаралық қылмыстық соттың Путинді бала ұрлығы үшін тұтқындауға санкция беруі кедергі жасады.

Басылым дереккөздері Сауд Арабиясының бекер таңдалмағанын жеткізді: бұл ел қақтығысушы тараптардың бәрімен ынтымақтасады. Оның үстіне Қытай өкілдері өздері үшін осы елдің қолайлы екенін айтып, табандапты. Алайда Бейжің саммитке қатысатынын әзірге растамады.

Осы орайда Украинаның батыстық одақтастары да, Мәскеу де дамушы ірі елдерді өз жағына шығару үшін тартысқа түсуде. Кремльдің өткен аптада Африка елдерінің саммитін өзінде өткізуі, оларға жүздеген мың тонна астықты тегін таратуы, жиынға лидерлерінің өздері келіп қатысқан Қара құрлықтағы 17 елдің 23 миллиард доллар қарызын кешіруі де соған дәлел.

Келіссөздерге делдал болатын елдердің үлкен бөлігі соғысқа қатысты бейтараптылығын сақтап отыр. Мәскеудің міндеті – оларды өзінің шашпауын көтеретін, тіпті сойылын соғатын серіктестеріне айналдыру.

Петербордағы РФ—Африка саммитінен кейін бейтарап африкалық елдердің ұстанымы қалай өзгеретіні белгісіз. Ол саммитте Қара құрлықтағы мемлекеттердің басшылары Кремль қожайынымен бірге соғысты бейбіт реттеудің "африкалық бастамасын" талқыға салды.

Дипломат және халықаралық істер эксперті Руслан Осипенко петерборлық саммиттің сәтсіз болғанын айтады. Қорытынды сөзінде В.Путин Батыста ешкімнің өзімен келіссөз жүргізгісі келмейтінін күрсіне жеткізді және бірнеше минуттық қысқа сөзінде бұл ойды үш рет қайталады.

Бұған қоса, африкалық елдер Мәскеудің Астық келісімінен біржақты шығуын құптамады. Оларды тіпті Мәскеудің тегін таратқан 300 мың тоннадай астығы риза ете алмады. Оңтүстік Африка республикасының президенті ЮАР Сирил Рамафоса "Африка елдері кілең қайыршы" деген стереотиптің қате екенін еске салып, Қара теңіз әлемдік нарықтар үшін ашық болуға тиістігін нықтады. Оның айтуынша, кедей елдерге Ресейдің ондаған мың тонна бидайды тегін жеткізуі, әрине, жақсы, әйтсе де, бұл "Қара теңіз азық-түлік бастамасын" алмастыра алмайды.

Фото: gazeta.ru

Сарапшылардың пікірінше, Украина мен Батыс елдерінің ресми тұлғалары бейбіт саммит аясында дамушы елдерді өз жағына қаратуға тырысады. Сонда Қытай бастаған дамушы елдер Ресейді биылғы жылы бітімге бас идіреді деп үміттенеді. Осы мақсатта Сауд Арабиясындағы кездесудің қорытындысында жаһандық лидер елдердің өкілдері соғысты реттеудің жалпы қағидаттарын мақұлдап, тиісті құжатқа қол қояды деп жоспарлануда. 

Бұл Мәскеуге емес, Украинаға ең қолайлы шарттарды ілгерілету үшін қажет. Киев Джиддадағы бейбіт саммитті өткізу туралы жоспарын растады. Associated Press хабарлауынша, сол кездесуді өткізудің бастамашысы – Украина өзі.

Фото: president.gov.ua

"Украина Президенті Владимир Зеленскийдің бейбітшілік формуласын жүзеге асыру үшін мемлекеттер көшбасшылары кеңесшілерінің келесі кездесуін дайынап жатырмыз. Ол таяуда Сауд Арабиясында өткізіледі", — деді Украина Президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак.

Бұл ретте украиналық сарапшылар "бұрын орысшыл болған Ермактар соғысты тоқтату үшін Мәскеудің талаптарына көнгелі тұр" деп дабыл қағуда.

Дегенмен, Андрей Ермактың сендіруінше, бейбіт келісімнің іргетасына Украинаның өзі әзірлеген "Бейбітшілік формуласының" негізгі 10 пункті қалануға тиіс. Ол пунктер әлемдегі 50-ден астам мемлекеттің өкілдерімен бірге талқыға салынуда. Президент кеңсесі басшысының айтуынша, олармен "күн сайын дерлік келіссөздер жүргізілуде". Бірақ А.Ермак ол елу елге кімдер жататынын нақтыламады.

Сонымен қатар Украина лидері кеңсесінің басшысы бейбіт келісімге келудің 3 сатылы кезеңін сипаттады. Оның біріншісінде араағайын елдердің дипломаттарымен және аккредиттелген өкілдерімен кездесулер жоспарланып отыр.

Екіншісінде мемлекеттер басшыларының ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері жеке, жабық жағдайда бас қосады.

Үшінші, ақырғы сатыда Мемлекеттер лидерлерінің жоғарғы деңгейдегі құрылтайшылық Жаһандық саммиті ұйымдастырылуы қажет. Оны биылғы жыл соңында өткізу ұсынылды.

Биылғы 24 маусымда Данияның Копенгагенінде, қатаң құпиялылық жағдайында Украина бойынша биылғы алғашқы бейбіт конференция өткізілді. Оған Батыстың бірнеше мемлекеттерінің, сонымен қатар Қытай, Үндістан, Бразилия және Оңтүстік Африканың өкілдері қатысты. Оған да Ресей шақырылмады.

Тараптар арасындағы бітімді тараптардың бірінсіз қарауға наразылығын білдірген РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров осы арқылы Батыс "Зеленскийдің формуласын қолдауға Жаһандық оңтүстіктің дамушы елдерін иліктіруге күш салып жатқаны" туралы пікірін білдірді.

Даниядағы құпия саммиттің мақсаты – Бейбітшілік саммитіне дайындық болыпты. Тиісінше, дипломаттар халықаралық араағайындық арқылы Украинадағы соғысты реттеудің Жол картасын түзуге арналған іс-шараларды пысықтады.

Бұл ақпаратты өз билігінен емес, шетелдік ақпарат құралдарынан білген Украина жұртшылығы мен сарапшылары шошынды. Себебі, Бучадағы және басқа қалаларындағы қырғыннан кейін Украина Президенті Ресеймен енді келіссөз жүргізбеуге уәде етіп, тиісті жарлық шығарған. 

Дегенмен, The Wall Street Journal дерегінше, Джиддадағы келіссөздердің мақсаты – бейтарап елдердің ұстанымын Киевтікіне барынша жақындату, дәл сол украиналық бейбітшілік формуласының халықаралық кең қолдау табуына қол жеткізу болмақ. Бұл формула РФ әскерінің Украинаның бүкіл территориясынан шығарылуын қарастырады. Яғни, республиканың 1991 жылғы шекарасы қалпына келтірілуге, Мәскеу Қырымды да, Донбасты да кері қайтаруға тиіс.

Бірақ келесі жылғы наурызда РФ президентінің сайлауы өтеді. Кремль оның қарсаңында өзіне тиімсіз капитуляциялық келісімге қол қойып, масқара болғысы келмеуі мүмкін. Оның үстіне ресейлік сарапшылар: "Путинге әлемнен оқшауланған, олигархтары мен билік өкілдері елде қамалып, Кремлге толық тәуелді болып қалған Ресейге билік ету ұнайды" деген байлам жасады. РФ 140 миллиондық халқы бұл соғысты ұзақ жылдар жүргізуге жетеді. Ендеше Путинді соғысын тоқтатуға немен қызықтыруға болатынын Батыс білмейді. Сол себепті қысым жасауды жалғастыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу