Алдағы уақытта Siri мен Алисаны ысырып, Әлиямен тілдесеміз

Осындай техникалық прогресс тілдің ұлттық корпусын жасаудан басталады.  

Алдағы уақытта Siri мен Алисаны ысырып, Әлиямен тілдесеміз Фото: www.facebook.com/tbi.qaz

Алматыда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен "Заманауи тілтанымдық зерттеулер" атты стенд-конференция өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Жиында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 2020-2022 жылдардағы қызметі туралы айтылып, бір қатар жаңа ғылыми еңбектердің тұсауы кесілді.

 Олардың қатарында: 
- "Ахмет Байтұрсынұлы "Тіл-құрал" басылымдарының графикалық проекциясы" 
- "Ахмет оқулары – 2021" жинағы
- "Қазақ жазуының ғылыми-лингвистикалық негіздері" жинағы 
- "Жаңа әліпби негізіндегі жазба коммуникация: лингвотеориялық зерттеу" ұжымдық монография
- "Тіл және сана – 2022" жинағы 
- "Әлеуметтік тілтанымдық зерттеулер (2021-2022 жж.)" ұжымдық еңбек 
- "Тіл және қоғам (2021-2023)" жинағы 
- "Тілтанымдық мектеп – 2021" жинағы 
- "Тілтанымдық мектеп – 2022" жинағы бар. 

Сонымен қатар Институт директорының орынбасары Ермұхамет Маралбек www.ahmettanu.kz сайтын көпшілікке таныстырды.

"Ахметтану бөлімі 2021 жылғы 1 маусымда құрылды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қазіргі кезеңдегі басты міндеттерінің бірі – қазақ тілінің латынграфикалы жаңа әліпбиін дайындау, қазақ жазуына реформа жасау болғандықтан, бөлім қазақ жазуының реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының емле, жазу мәселесіне байланысты ғылыми тұжырымдарын зерделеуге басымдық беріп, осы күрделі реформаның теориялық негізін дайындау мақсатын көздейді. Сайтта Ахметтану бөлімінің тарихы, оның еңбектерін зерттеген тұлғалар, Институт ғалымдарының Ахмет Байтұрсынұлына қатысты зерттеу еңбектерінің тізімі жарияланған", – деп атап өтті Ермұхамет Маралбек.

Стенд-конференцияда көпшілік назарына ұсынылған маңызды еңбек – "Қазақ тілінің ұлттық корпусы", яғни www.qazcorpus.kz сайты. 

Корпус сайтында қазақ тілінің электронды мәтіндік қоры жинақталған. Ондағы мәтін көлемі – 31 млн-нан асады. Мәтіндер қазақ тілінің 5 стиль түрінен: көркем стиль, ғылыми стиль, публицистикалық стиль, ісқағаз стилі, сөйлеу стилі бойынша жинақталған. Корпустан сөз, сөзформа (сөз түрленімі) бойынша іздеу жүргізіп, іздеген сөзіңіз қолданылған сөйлемдердің тізімін және олардың дереккөзін таба аласыз. Табылған сөз немесе сөзформасы немесе мысалдардағы кез келген сөз туралы тілдің барлық деңгейіне қатысты ақпарат беріледі. Сайтты қазақ тілінде сөйлейтіндер мен қазақ тілін үйренушілер қолдана алады.

Әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары қазір осы корпустан жасалады. 

"Кез келген шетелдік, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманың қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады. Ұлттық корпус алдымен тілдің лексикасы мен грамматикасын жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет. Қазіргі Siri мен Алисаны білесіздер. Ресей Алисаны жасау үшін алдымен орыс тілінің ұлттық корпусын жасады. Біз де өзіміздің қазақша сөйлейтін Әлиямызды жасауды армандап, осы корпусты жасадық. Корпус тек қана Siri мен Әлия үшін қажет емес, ол қазақ тіліндегі кез келген ақпаратты бір сәтте, бір секіндта алуға мүмкіндік беретін мықты ресурс" – деп түсіндірді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.к. Анар Фазылжан.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу