Алданған үлескерге кепілдік қажет

2679

"Азбука жилья" құрылысына қатысы бар үлескерлердің бір бөлігі қайтадан алданып қалудан қорқады және жаңа инвесторға сенбейді.

Алданған үлескерге кепілдік қажет

"Азбука жилья" компаниялар тобының ісі бойынша шығарылған сот шешіміне сәйкес, (осы айдың басында күшіне енді) құрылысты салған және осыған қатысты сотталған адамдардың барлық активі алданған үлескерлерге берілді. Бұл активтерді үлескерлер тұрғын үй құрылысын аяқтауға міндеттелген жаңа инвестор – "ОРДА Инжиниринг" ЖШС-ның есебіне заңды түрде жазып беруі тиіс. Үлескерлердің көбі мұндай қадамға баруға дайын, алайда қалған бірнеше жүз үлескер пәтер салу жөніндегі инвестордың барлық міндеті шартта жазылған соң ғана келісім береміз деп отыр.

Инвестордың көңілі шат

Айтып өткеніміздей, "Азбука жилья" салмай кеткен тоғыз тұрғын үй кешенінің жетеуі бойынша құрылысты аяқтау үшін "ОРДА Инжиниринг" басқарушы компаниясы тартылды. Ол "Жеті жол", "Гарант", "Комсомольский", "Садовые кварталы", "Комфорт", "Айсанам DeLuxe", "Династия" нысандарын басынан бастап салып беруі тиіс. Қалған екі тұрғын үй кешені – "EXPO Town" және "EXPO City" үлескерлері тұрғын үй-құрылыс кооперативін (ТҚК) құрып, нысандарын өз бетінше салып жатыр.

"ОРДА Инжиниринг" салып берем деген жеті тұрғын үй кешеніне 2500 үлескер қаражат құйған. Кезінде "Азбука жилья" белгілеген пәтер сатып алу шарттары өзгеріссіз қалды. Инвестор алданған үлескерлерге сот арқылы берілген жосықсыз құрылыс салушының активтерін сатудан  табыс табуға дәмелі. Ол бос пәтерлерді сату есебінен шығынның орнын толтырып, табыс табамын деп үміттенеді, ал жеті нысанның екеуінде – "Садовые кварталы" және "Династия" тұрғын үй кешендерінде бос пәтер саны жетіп артылады. Бұл нысандардың құрылысы әлі басталған жоқ. "Комсомольский", "Гарант", "Комфорт" пен "Жетi жол" және "Айсанам DeLuxe" тұрғын үй кешендеріндегі пәтердің басым бөлігі алданған үлескерлерге тиесілі.

"Бес кешен құрылысының жалпы құны – 24 млрд теңге, құрылыс басталғаннан бері 8 млрд теңгенің жұмысы орындалды. Бүгінгі күні осы нысандардың құрылысын аяқтау үшін тағы 15-16 млрд теңге қаражат қажет", - деп мәлімдеді Астанада өткен баспасөз мәслихатында "ОРДА Инжиниринг" ЖШС құрылыс жөніндегі бас директорының орынбасары Ғабит Бекмағанбетов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде "ОРДА Инжиниринг" нысандардың құрылысы мен жобасына шамамен  1 млрд теңге қаражатты өз қалтасынан шығарды. Инвестор осы құрылыспен бұрын айналысқан адамдардың активін тезірек қолға түсіруге үміттеніп отыр, соны сатудан түскен табыс есебінен нысандардың құрылысын аяқтамақ. Осы қаражатқа қол жеткізу үшін компания несиелік ресурс  тартуды жоспарлап отыр.

"Құрылыс маусымы басталған соң бірден құрылыс-жөндеу жұмыстарына кірісеміз", - деді Ғабит Бекмағанбетов.

Ол жоспар бойынша "Комсомольский", "Комфорт" және "Айсанам DeLuxe" ТК құрылысы – 2017 жылы, "Гарант", "Жетi жол" және "Садовые кварталы" ТК құрылысы – 2018 жылы аяқталатынын айтты. Ал "Династия" ТК құрылысы қашан тәмамдалатынын атамады. Себебі нысан әлі жобалау кезеңінде ғана, оның құрылысына тек бірнеше үлескер ғана қаражат салған.

Оның айтуынша, тек осы нысан ғана тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы жаңа заңның талаптарына сәйкес салынады (заң 2016 жылдың қазан айында күшіне енді); "Азбука жильяның" басқа тұрғын үй кешендеріне жаңа реттеуші негіздің қатысы болмайды.

"Біз бірінші кезекте "Жеті жол" ТК салып бітірдік, бұл 350 пәтер. Қазір осы ТК-ден 324 пәтері бар тағы бір үйді пайдалануға беруге дайындап жатырмыз. Тағы төрт нысан 23-40%-ға салынды. Мыңжылдық аллеясындағы "Садовые кварталы" ТК бойынша жобалау жұмыстары толық аяқталды. Бірақ осы тұрғын үй кешені салынатын жерде сүріп тастауды қажет ететін 55 саяжай нысаны орналасқан. Бірнеше саяжай сатып алынды", - деді Ғабит Бекмағанбетов ағымдық жұмыстар жайлы сөз қозғағанда.

Үлескерлер екіге бөлінді

Ғабит Бекмағанбетовтың айтуынша, 2,5 мың үлескердің 1800-ден астамы "ОРДА Инжинирингпен" келісімге қол қойды. Бұл жалпы бес тұрғын үй кешеніндегі үлескерлер санының 70%-ын құрайды. "Садовые кварталы" ТК-нің 300-ден астам үлескері наурыз айының соңына дейін шартқа қол қояды", - дейді осы кешеннің ТҚК төрайымы Альмира Түсіпжанова.

Баспасөз мәслихатында барлық ТК үлескерлерінің арасында "Айсанам DeLuxe"-тен басқасының ұстанымы бірдей екені айтылды. Бұл ТК-де 430-дан астам үлескер бар.  Келісімнің жоқтығынан бұл кешенде бір емес, екі ТҚК тіркелген.

"Айсанам DeLuxe" ТК-де екі ТҚК тіркелген - "Айсанам DeLuxe Успех" және "Айсанам Отау Астана". "Айсанам Отау Астана"  ТҚК "ОРДА Инжиниринг" ЖШС-мен өзара қызмет туралы келісімге қол қойды, қазір олармен төрттарапты шартқа қол қойып жатырмыз. Біз олармен жұмыс істегіміз келеді, біздің кешенді салып беруін қалаймыз. Төрағасы Мұрат Қасенов болып табылатын екінші ТҚК бір жарым жылдың ішінде бірде-бір құрылыс компаниясымен бірде-бір шартқа қол қойған жоқ. Бізге олардың ұстанымы түсініксіз. Қазірге кезде олар Қазақстан үлескерлерінің қауымдастығымен тығыз байланыс жасап отыр", - деді "Айсанам Отау Астана" ТҚК заңгері Сәния Таласпаева.

"Айсанам DeLuxe Успех" ТҚК үлескерлерінің айтуынша, шамамен 100 адам   құрылыс нысандарын аяқтау үшін мемлекеттен қаржылық көмек сұрап отыр. Алайда "Айсанам DeLuxe Успех" ТҚК төрағасы Мұрат Қасенов олардың шағымы құқықтық тұрғыдан туындап отырғанын айтты.

Оның айтуынша, "ОРДА Инжиниринг" ЖШС-мен жұмыс істейін деп отырған тәсіл төтенше жағдай туындағанда үлескердің мүддесін қорғап, пәтерін алуға кепілдік бермейді. Алданған үлескер мен "ОРДА Инжиниринг" арасында өзара қызметтестік туралы шарт емес, тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы шарт жасалуы тиіс деп есептейді ол.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл екі тараптың да құқығы мен міндеті жазылған құрылыс салушы мен үлескер арасында болуы мүмкін жалғыз қарым-қатынас.

"Біздің басты талабымыз – құрылыс салушы үлескерлік құрылыс туралы жаңа заңға сәйкес әрекет етсін, бізге баспанамызды аламыз деген кепілдік керек. Біздің ТҚК-нің құрамында 268 үлескер бар, оның 95%-ға жуығы өз пәтерінің 100% құнын өтеді", - дейді Мұрат Қасенов.

"Айсанам DeLuxe Успех" ТҚК-нің үлескерлерінде "ОРДА Инжиниринг" ЖШС-ның қаржылық әл-ауқатына сенім білдіретін негіз жоқ, олар өздеріне тиесілі үлес инвестордың есебіне ауысса, құрылыс салушы оны нақты мақсатта пайдаланбай, қайтадан үлскерлерді алдап кетеді деп қорқады.

"Азбука жилья" бойынша іс қаралған кезде оның барлық компанияларын банкрот деп деп жариялау керек еді деп айтты маған мамандар. Барлық активтерді бағалап, сот шешімін күтетін басқарушы компания құрылуы керек еді. Бірақ олар кейін активтерді біреуге беру үшін осылай істемей отыр", - деп пікір білдірді Мұрат Қасенов.

"Барлық нысанның құрылысын аяқтап, үлескерге баспанасын тапсыруға ешкім жауапкершілік алмайды", - деп баса айтты Мұрат Қасенов. Арнайы Астана әкімдігі жанынан құрылған үлескерлік құрылыстың проблемалық нысандары бойынша ведомствоаралық комиссия (ВАК) үлескерлерге бар болғаны ұсыныс айтады.

"Әкімдік жауапкершілікті өзіне алмайды. Бұл сіздердің жеке қарым-қатынастарыңыз, өздеріңіз шешіңіздер дейді. Ал мен: егер сіз кепілдік бермесеңіз, она мұнда не үшін отырсыз?! Сіздер кезінде "Азбука жилья" компаниясына құрылыс салуға рұқсат бердіңіздер, бірақ тексермедіңіздер, осы шатақтың барлығы сіздердің әрекетсіздіктеріңізден орын алды. Бұдан кейінгі үдерісті неге қадағаламайсыздар?! Бұл да екінші "Азбука жилья" болмай ма? - деп сұраймын", - дейді Мұрат мырза.

Қазіргі кезде келіспей отырған үлескерлер инвестор әрекетінің заңдылығын анықтау үшін прокуратураға және өзге мекемелерге жүгінуде. Ал инвестордың өзі "Айсанам DeLuxe" тұрғын үй кешені құрылысын ештеңеге қарамастан салып бітіремін деп отыр.

"Қалай болғанда да біз барлық тұрғын үй кешенінің құрылысын жалғастырамыз, бұл біздің үлескер, бұл біздікі емес деп ешкімді бөлмейміз. Құрылыс бастауға қажетті құқықтық құаттарымыз бар, тек үлескерлер алдындағы міндетімізді орындауымыз керек", - деді "ОРДА Инжиниринг" ЖШС директорының орынбасары.

Актив бар, бағалау жоқ

"Азбука жилья" құрылыс компаниясының активтерін сот үкімімен алданған үлескерлер есебіне тапсыру механизмі әзірге анықталған жоқ. Сәйкесінше, ол активтердің құны да бағаланбады.

"Барлық заң талаптары сақталып активтерді тапсыру үдерісі қарастырылып жатыр және ол бас прокуратураның бақылауына алынды. Бұл жұмысты жеделдету үшін, ұлттық экономика министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылды, оның құрамында әділет министрлігі, бас прокуратура, қала прокуратурасы және барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Жұмыс тобы активтердің заңды түрде ТҚК пайдасына ауыстыру мәселесін қарастырады, сәйкесінше активтерді "ОРДА Инжиниринг" басқарушы компаниясына тапсыру мүмкіндігін де қарастырады", - деп мәлімдеді баспасөз мәслихатына қатысқан Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов. Алайда ол осы жұмыстың аяқталу мерзімі туралы айтпауды жөн көрді.

"ОРДА Инжиниринг" ЖШС-мен шартқа қол қойған үлескерлер құрылыс маусымы басталғанша активтерді тапсыру үдерісі аяқталады деп үміттенеді және құрылысқа енді кірісіп жатқан жандардың адалдығына сенеді.

Дина Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу